07 Желтоқсан, 2012

Нардың жүгiн көтерiп өткен азамат

394 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Нардың жүгiн көтерiп өткен азамат

Жұма, 7 желтоқсан 2012 7:25

Мемлекет және қоғам қайраткері Сабыр Біләлұлы НИЯЗБЕКОВТІҢ туғанына – 100 жыл

Сабыр Бiләлұлы Ниязбеков 1912 жылы желтоқсан айының 15 жұл­дызында Ақмола облысына қарасты Астрахан ауданының «Өрнек» ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1928 жылы Қарағанды облысының Ақмола ауданын­дағы №17 ауылдық кеңес хатшысынан бастаған ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төр­ағасы қызме­тіне дейін өсіп, үлкен өмір жолынан өтті. С.Б.Ниязбеков 1965-1978 жылдар аралы­ғында КСРО Жоғарғы Кеңесі Төрағасының орынбасары болды.

Жұма, 7 желтоқсан 2012 7:25

Мемлекет және қоғам қайраткері Сабыр Біләлұлы НИЯЗБЕКОВТІҢ туғанына – 100 жыл

Сабыр Бiләлұлы Ниязбеков 1912 жылы желтоқсан айының 15 жұл­дызында Ақмола облысына қарасты Астрахан ауданының «Өрнек» ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1928 жылы Қарағанды облысының Ақмола ауданын­дағы №17 ауылдық кеңес хатшысынан бастаған ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төр­ағасы қызме­тіне дейін өсіп, үлкен өмір жолынан өтті. С.Б.Ниязбеков 1965-1978 жылдар аралы­ғында КСРО Жоғарғы Кеңесі Төрағасының орынбасары болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне 6 мәрте, КСРО Жоғарғы Кеңесіне 3 мәрте депутат болып сайланды. Қазақстан Компартия­сының Пленум және бюро мүшесi болды, бiрнеше рет республикалық, одақ­тық партия съездерiнiң делегаты және құрамына сайланды. 3 мәрте Ленин (1971, 1973, 1976 ж.ж.), 2 мәрте Еңбек қызыл ту (1957, 1962 ж.ж.) орденде­рiмен және ондаған медальдармен марапатталды.

Сабыр Бiләлұлы – алаштың алып азама­т­тарының өсiп-өркендеуiне үлкен үлес қосқан, нардың жүгiн көтерген, тазалықтың, еңбекқор­лықтың, отан­сүйгiштiктiң үлгiсiн көрсеткен қайта­ланбас тұлға десек артық айтқандық болмас. Түр-түсiне, ұлтына қарамай бүкiл Қазақ­стан халқы сыйлап өткен, таза ниетпен оларға адал қызмет көр­сеткен, бар жiгерiн, ақыл-парасатын елiнiң көркеюiне, туған Қазақ­станның абыройын арттыруға арнаған, өз ойын бүкпесiз айту арқылы «турасын айтып туға­нына жақпаған», ардың, тектiлiктiң еншiсiн иеленген азамат едi. Жүздеген адамдарға қорған бол­ған, мыңдаған адамдарды жебеген Сабыр Бiләлұлы­ның есiмi, ол кiсiнi көрген, қызметтес болған әр адамның көңiлiнен бұл фәни жалғанда кет­пейтiн болар.

Қазақстанның батысы мен шығы­сында, солтүстiгi мен оңтүстiгiнде Сә­бең болмаған елдi мекен жоқ шығар және ол жай аралау емес, экономи­ка­лық, әлеуметтiк, мәдени салаларды кө­теруге бас болу, нақты көмек көр­сету және оны мұқият тексеру арқылы көп­теген жаңалықтарды iске асыруға еңбек еттi. Жергiлiктi өнеркәсiп саласына, алыс­тағы малшылардың мұқта­жын уақытымен қамтамасыз етуге, олардың қысқы және жазғы қоныс­тарында монша, дүкен, көш­пелi автолавкалар мен автоклубтардың жұмы­сына деген қам­қорлық айрықша болды. Жоғарғы Ке­ңес сессияларында, Төралқа мәжiлiс­терiн­де осы мәселелер жиi қаралып тұрды.

Сабыр Бiләлұлының талапкерлi­гiнен, адалды­ғынан жайбасарлар сү­рi­нiп, жағымпаздар күйiнiп жасқан­шақтап тұратындай сезiлетiн. Осындай жайларға Сәбең Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы болған жылдары қарама­ғында біздің 10 жыл Жоғарғы Кеңес Төралқасының хатшысы болып қыз­мет атқарған кезде көзiмiз әбден жеткен болатын. Әдiлеттiлiк, адамгер­шiлiк, тәр­тiп­тiлiк, ұлылық деген ұғымдар ол кiсiнiң жаңылмас мiнезi, шаң баспаған «қаруы» және құралы екенiне, осы үлгiмен көптеген адамдарды тәрбиеле­генiне куәгерлер аз емес әрине.

Қазақстанның елеулi елдер қатары­на қосыла бастауы сол ХХ ғасырдың 60-70-жылдарында айқындала түстi. Оған қызығушылар саны алыс, жақын шетелдерден көбейдi, бiздiң елге сапарлары үстi-үстiне үдей бердi. Әри­не, оған елiмiздiң бiртуар ұлы Дінмұ­хамед Қонаевтың атақ-абыройы бiрден-бiр себепкер болғанын атап өтсек, екiншi жағынан, ол кiсiнiң жанында сенiмдi серiктерiнiң болғанын, солардың бiрi және бiрегейi Сабыр Бiләлұлының да тынымсыз еңбек етке­нiн айтқан жөн шығар. Кеңес Одағы басшыларының бірі ретiнде Нияз­беков көптеген шетел ел­шiлерiнiң сенiм Грамоталарын қабыл­дады. Одақ­тық парламент делегацияларын басқа­рып Азия, Африка, Еуропа, Америка құрлықта­рындағы көптеген елдерде, атап айтсақ, 1958 жылы Бельгияда, 1960 жылы Румынияда, 1965 жылы Венгрияда, 1966 жылы Ливияда, 1967  жылы Канадада, 1969 жылы Корея халықтық-демо­кратиялық республикасында, 1971  жылы Замбияда, 1973 жылы Вьетнам рес­публикасында, 1975 жылы Үндістанда, 1976 жылы Суданда, 1977 жылы Лаоста болды. Яғни, С.Б.Ниязбеков – саяси дипломатия мәселелерiн шешуге де өз үлесiн қоса бiлген қайраткер.

Осындай сапарларда болсын немесе Қазақ­станға келетiн қонақтармен кездесуде болсын қазақ халқының рухани байлығы, мәдениетi мен әдебиетi, әдет-ғұрпы жайлы Әл-Фараби, Абай, Шоқан, Қаныш, Мұхтар сынды атақты ғұла­малар туралы дәйектiлiкпен әңгi­ме­леп жеткiзетiн. Ол кiсi тарихи кiтап­тар, классикалық шығармаларға көп ден қоятынын аңғарушы едiк. Сондықтан да болар, 1971 жылдан бастап тари­хи ескерткiштер қо­ғамының «бiрiншi кiрпiшiн қалап» Әлкей Мар­ғұлан сынды респуб­ликаға танымал ғалым­дардың басын қосып, осы қоғамға басшылық жасады. Тарихи ескерт­кiштердi қорғау жөнiнде Жоғарғы Ке­ңес сессиясында заң қа­былданды. Көп­те­ген жәдiгерлер жи­нақ­талды, облыс­тарға арнайы экспедициялар жiберiлдi.  Қазiргi Қабанбай батыр мен Қонаев көшелерiнiң қиылысқан же­рiнен қоғамға тұрақты үй берiлдi, тарихи ескерт­кiштерге арнал­ған кiтаптар, кiтапшалар жарық көрдi, ғылыми конференциялар ұйым­дасты­рылды, Түр­кiстан қаласындағы Ахмет Ясауи кесенесін күрделi жөндеуден өткiзуге мұрындық болды.

Мәскеуде жыл сайын (13 жыл бойы) Президиум Төрағасының орынбасары ретiнде қаншама елдiң елшi­лiктерiнен сенiм грамоталарын қабыл­дады, қаншама мемлекеттер өкiлдерiне қазақ елiнiң дарқан жері, рухани байлығы, тарихи өткелдерiн айтып таныстыра отырып өзi де сол өлкенiң ұлы тұлғаларының бiрi екенiн көр­сеттi. Бұрын-соңды қазақ жерiн бас­паған, Қазақ рес­пуб­ликасы, қазақ хал­қы жө­нiнде бейхабар мәр­тебелi меймандар 60-жылдардың ортасынан бастап Қазақ­­станға жиi келе бастады. Олардың iшiнде Иран шахы Реза Пехлеви, Сомали, Чехословакия, Болгария президент­терi, Нигерия, Конго, Моңғолия, Ангола, Жаңа Зеландия, Франция, Камбоджа, Германия, Үндістан және т.б. елдердiң парламент делегациялары бiздiң елдiң экономикасы, мәдениетi, әлеуметтiк жағдайларымен жiті танысуды көздедi. Сабыр Бiләлұлы оларға сындарлы әң­гiме айтып, Азия және Африка елдерi­нің отарлық режiм­нен құтылып өз тәуелсiздiгiне қол жеткiзгенмен, эконо­микалық тәуелсіз­дігі үшін күресті жал­ғас­тырып айтқан жас қайраткерлерді, кәсіподақ делегацияларын, журналистер өкiлде­рiн өз білімінің тереңдігімен таңғалдыратын.

С.Б.Ниязбеков өңi суықтау, сөзге сараң, көп тыңдайтын, сөйлеп тұрған немесе арыз айта келген адамның ойын бөлмейтiн кiсi едi. Арызданып келген адамдарға деген қамқорлығы, мәсе­ленiң мән-жайын мұқият қарай­тынды­ғы, дұрыстығына көз жеткiзсе, аяғына дейiн шешiлуiн қадағалай­тыны бiздерге үлкен тәрбие болды. Жоғарғы Кеңес Төралқасының Төрағасы әр аптаның дүйсенбiсі күнi түскi сағат 2-ден бастап азаматтарды қабылдайтын, бұл тәртiп іссапарға кеткенде немесе өте тығыз шаруалар кездерiнде ғана бұзылуы мүмкiн едi. Ол кісінің қабыл­дауына сұранушылар көп болатын, өйткенi, халық ол кiсiге сенетiн, сұрақ­тарына жауап алатындарын бiлетiн. Жасыратыны жоқ, тәртiп бұзушылар, темір тор­дың ар жағындылар ол кезде де аз болмайтын. Жыл сайын 80-нен астам азаматтар аса ауыр қылмыстары үшiн өлiм жазасына кесiлетiн.  Сондай және жеңiл-желпi заңнан ауытқыған­дардың азабын тартатын қарт ата-аналар, бала-шағалы жұбайлар Сабыр Біләлұлы­мен жүзбе-жүз көрiсiп, мұң-мұқтаждарын немесе заң орындары­ның да кейбiр артық кеткен жерлерiн жеткiзетiн. Сабыр Бiләлұлы оларға түсіністiкпен қарап, заңды түрде көмек­тесу жолын қарас­тыратын.

Сол кездегi көптеген басшы қыз­меткерлермен салыстырғанда Сабыр Бiләлұлының екi тiлде де сауатты­лығын, барлық баяндамаларын өзi жазатынын, оны қалың жұртқа жеткiзе бiлетiнiн, сондай-ақ Төралқа құжатта­рының қатесiз екi тiлде – қазақша және орысша болуын үнемi талап ететiнін атап өткенді жөн көрдік. Қазақстан заңдары, кодекстерi 60-жылдардың ортасынан бастап қабылданып, қазақ және орыс тiлдерiнде жарық көрдi. Осыған орай айта кететiн жайт – елу жылдан астам уақыт бойы сот өкiмдерi Ресей заңымен қаралып келдi. Сот өкiмi: «Именем Российской Советской респуб­лики», деп басталатынын қазiргi көзi тiрi сол жылдарда сот органдарында қызмет жасаған, немесе сол кездер­дiң құжаттарымен таныс, ғылы­ми еңбек­пен шұғыл­да­нып жүрген азаматтар біледі. Мiне, осының өзiнен-ақ бiздiң республикамыздың Кеңес Одағының құра­мында болған басқа респуб­ликалар сияқты қанша­лықты «дер­бес», «тәуелсiз» болғанын аңға­рамыз.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің құзы­рына жататын мына шаруалар болатын: заң шығару, елде референдум жариялау, сайлау науқандарын өт­кiзу, сессияларды дайындау және өткiзу, тұрақты комиссиялар жұмысына кө­мектесу, наградалармен марапаттау, елдегi заңды­лықты сақ­тау, жұртшы­лық­тың арыз-шағымдарын әдiлеттi ше­шудi қадағалау, азаматтардың құқығын қорғау.

 Әрине, сол дәуiрдiң тәртiбi бойынша негiзгi мәселелер ең алдымен Қа­зақстан Компартиясы Орталық Коми­тетi Бюросының ұйғарымы бойынша шешi­летiн. Әр сессияның күн тәртiбi, толық жүргiзу тәртібі, кiмдер баяндама, қосымша баяндамалар жасайды, сөй­лейді, шешендерге дейiн алдын ала белгіле­ніп қоятын. Марапаттауға ұсы­нылған адамдар (көп балалы аналардан басқасы) туралы Төралқа Жар­лығының жобасы Орталық комитет бөлiмдерiнен, Хатшылық, Бюродан алдын ала өтетiн. Қазақ КСР Жоғар­ғы Кеңесі Төралқасының мүшелерi қатарында Ор­талық комитеттiң бiрiншi хатшысымен болды. Төр­алқа мәжiлiстерiне қатына­сатын, тиiстi құ­жат­тармен танысып, керек жерiнде түзетулер, әсi­ресе, жа­ңадан қабылданатын заңдарға байланысты қо­сымшалар енгiзілетiн.

Бұлардан басқа Орталық Комитет­тiң бөлiм меңгерушiлерi Жоғарғы Ке­ңестің тұрақты комиссияларына қоғам­дық негізде басшылық ететiн, күрделi мәселелер болса дайындық жұмыс­тары кезiнде келiсiлетiн. Сондықтан, жұмыс жөнiнде кедiр-бұдыр нәр­селер көп ұшыраспайтын. Дей тұр­ғанмен, кейбiр бөлiм басшыларымен келiс­пеушiлiктер болатын. Мысалы, жаңадан аудан, облыс құрыларда қа­зақ­ша транскрипциясын сақтауға байланысты (Маңғыстау облысы Маң­ғышлақ болып кете барды) немесе олардың шекараларын белгiлеу­де, сайлау округтерін анықтау, болашақ депу­таттардың аты-жөнiнде қазақша орфография заңдылығын сақтау, кейде лауазымды адамдарды марапаттау мә­селе­лерiне де байланысты еді. Бiр ғана партия үстемдiк құрып тұрғанда турасын дәлелдеу, ойыңның растығына көз жеткiзу онша оңай болмайтын, түптеп келгенде, әдейi қарсылық көрсетiп тұрған сияқты болып та қалатын.

Әңгiме Сабыр Бiләлұлы Ниязбеков туралы болғандықтан ол кiсi Орталық Комитеттiң бюро мүшесi ретiнде сан алуан жұмыстар атқарғанын да айту жөн болар. Сол кездегi аса жауапты бiр мәселенiң түйiнiн шешуге барынша атсалысқаны есімде. Қазақтың ардақты азаматы, елiм, жерiм деп еңiреп өткен Тұрар Рысқұлов көп жылдар бойы жалған жаламен «халық жауы» атанып келдi. Советтiк жүйе ол кiсiнiң атын ақтауға, жарыққа шығаруға асықпады. Т.Рысқұлов болса 1916 жылғы ұлт-азаттық күресiне белсене қаты­насушы, 1919 – 1920 жылдары денсаулық мәсе­лесі жөнінде Халық Комиссары, Түркiстан республикасының Үкіметiн басқарған, одан кейiн ұлт мәселелерi жөнiнде Ресей Федерациясы Үкіметiн­де орынбасар болған, Коминтерннің ұй­ға­руы бойынша Моңғолияда басшы қызмет атқарған iрi тұлға болатын.

Бюро мүшесi ретiнде шытырманы көп осы мәселенiң ақиқатына жету С.Б.Ниязбековке тап­сырылған еді. Бү­кiл республикалық, одақтық архив материалдарын алдырып, Қауіпсіздік коми­тетiнiң құпия құжаттарымен ұзақ уақыт танысып, тағылған «айыптар­дың» негiзсiз, қолдан жасал­ғанын талдап, Ғылым академиясы мүшеле­рi қатысқан кеңесте бүкiл жұртшылық алдында Тұрар Рысқұлов есiмiн елi­мiздiң еңселi азаматтары қатарына қосты. Димекеңнiң осы шаруаны идеология мәселелерімен тікелей айналыспайтын С.Б.Ниязбековке тапсыруынан көп жағдай­ды аң­ғаруға болады. Тарихи шындық­тың бетiн ашып, ұлтымыздың жарық жұл­дыздарының бiрi және бiрегейi Тұрар Рысқұлов жөнiнде жалтармай, жас­қанбай тұңғыш рет қалың жұрт­шы­лыққа істің ақиқатын жеткiзген адам С.Б.Ниязбеков еді.

Сабыр Бiләлұлы туралы ой қозғал­ғанда «турасын айтқан туғанына жақпайды», деген халық мәтелi кө­ңiлде тұрады. Өйткенi, ол өсек, өтiрiк сөздердi естiмейтiн, ескермейтiн қайта тыйым салуға тырысатын. Нендей ойы болса да көзбе-көз турасын айтқанды жарататын. Төралқа қызмет­керлерi небәрi 60-70 адамдай болатын. Бастауыш партия ұйы­мының жиналысы және ұжымдық жиналыстар күнделiктi қат-қабат жұмыс бабындағы кемшiлiк­тердiң бетiн ашып, қызметкерлердiң ма­ман­дығын жетiлдiруге көп көмек­тесетiн. Ақиқа­тын айтар болсақ, әр қыз­меткер өзiне тапсырылған жұмысқа өте жауап­тылықпен, ыждаһаттықпен қа­райтын едi, олар­дың күнделiктi 8 сағаттық жұмыс режiмiнен көбiрек ауытқып та кетер кездерi аз болмайтын. Мұндай жағдайлар, әсiресе, Жоғарғы Кеңес, жергi­лiктi кеңес­тердiң сайлау науқан­да­рын, заң жобаларын екi тiлде дайындауға, Жоғар­ғы Кеңес сессияларын дайындау, сондай-ақ, көп­теп келiп жататын Президенттер, Парламент делега­ция­ларын қарсы алу, шығарып салуға байланысты жиі кездесетiн.

Осы арада С.Б.Ниязбековтің 60 жылға таяу еңбек жолында қара қылды қақ жарған әрi күрес­кер, әрi адал азамат болғанына бiр мысал келтiрудi жөн көріп отырмын. 1986 жылы Қазақстан­ға билiк жүргiзуге М.Горбачевтің сенiмдi серiгi Г.Колбин келiп, бұрын­ғы басшы қызмет­керлердi Д.­А.Қо­наевқа қарсы қоюға әрекеттенді. Бірде ол С.Б.Ниязбековті қабылда­уына ша­қырып: «Сiз Қонаевтың кемшiлiк­терiн көп бiлетiн адамдардың бiрiсiз», деп көпшiк қоя сөйлеп, сыр сартпақ бол­ғанда Сабыр Біләлұлы: «Мен Димаш Ахмет­ұлы­мен бiрге басшы орындарда көп жыл қызметтес болдым. Ол кiсiнiң мынандай-мынандай қатесi болды деп айта алмаймын. Мәселелер ақылдасып шешiлетiн. Егер ол кiсi қателескен болса, мен де қателестiм. Бiрге жауап беруге тиiспiн», – деп сөздi қысқа қайырады.

Дiнмұхамед Қонаевтың сенiмдi серiктерiнiң бiрi болған, Бәйкен Әшi­мов­пен қанаттас қызмет атқарған Сабыр Ниязбеков үлкен мемлекет және қоғам қайраткерi, Қазақ елiнiң тарихынан өз орнын ойып алған тұлғалардың бiрi деп ойлаймын.

С.Б.Ниязбеков өз от басында соншама сергек­тiкпен, нәзiктiкпен өмiр кешкен адал жар, қамқор әке, сыйлы ата болып өткен адам. Ниязбековтер әулеті 4 қыз және 4 немере қыз өсiрiп тәрбие­леген. Аида (медицина ғылым­да­рының кандидаты), Саида (немiс тiлiнiң маманы), Баян (химия ғылым­дарының кандидаты), Айман (биология ғылымда­рының кандидаты) өмірден өз орындарын тапқан. Неме­релерiн ­өсi­­руге, тәрбиелеуге барынша атса­лыс­ты. Осы iстердiң басқарушы­сы, сүйікті жары Роза Сабыр­қызы шуағы мол, мейi­рiмдi жан болатын. Өмiрдiң ащысы мен тұщысын бiрдей бөлiскен, нағыз педагог-психолог, кеңсе шаруасына аралас­паған, сән қуып зат iздемейтiн өнегелi жанның өмiрден ерте озғаны Сабыр Бiләл­ұлына өте ауыр тиді.

Сабыр Бiләлұлы Ниязбеков 1989 жылдың тамыз айында өмірден озды. Оның мәйіті Алматы қаласы жанын­дағы «Кеңсай – 1 «зиратына қойылды. Көзi тiрiсiнде өзi қойғызған құлпытас Роза Сабырқызымен қол ұстасып өмiрден риза­шылықпен өтiп бара жатқан жолаушы бейнесiн елес­тетедi…

Бижамал РАМАЗАНОВА,

мемлекет және қоғам қайраткері.

АЛМАТЫ.