22 Желтоқсан, 2012

Беласқан

648 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Беласқан

Сенбі, 22 желтоқсан 2012 7:19

«Жер жаралып, су аққалы бері дүниенің талай тылсымына қаныққыңыз келсе, Оңтүстікке келіңіз. Ол – ашулы жатқан салқар кітап. Не жоқтың бәрін табасыз». Бұл – Әбіш Кекілбаевтың сөзі. Тарихқа жүгінсек, әрбір қазақтың он екінші, я он үшінші атасы осы оңтүстіктің топырағынан жаралған, табаны тиіп, суын ішіп, ауасын жұтқан. Тағдыр тезімен бірі батысқа, енді бірі солтүстік пен оңтүстікке үдере көшкен бүкіл қазақтың қарашаңырағы Отаны – оңтүстік. Осындай қасиетті де бай мекенді басқарған азаматтардың да осал болуы мүмкін емес.

 

Сенбі, 22 желтоқсан 2012 7:19

 

«Жер жаралып, су аққалы бері дүниенің талай тылсымына қаныққыңыз келсе, Оңтүстікке келіңіз. Ол – ашулы жатқан салқар кітап. Не жоқтың бәрін табасыз». Бұл – Әбіш Кекілбаевтың сөзі. Тарихқа жүгінсек, әрбір қазақтың он екінші, я он үшінші атасы осы оңтүстіктің топырағынан жаралған, табаны тиіп, суын ішіп, ауасын жұтқан. Тағдыр тезімен бірі батысқа, енді бірі солтүстік пен оңтүстікке үдере көшкен бүкіл қазақтың қарашаңырағы Отаны – оңтүстік. Осындай қасиетті де бай мекенді басқарған азаматтардың да осал болуы мүмкін емес. Үлкен облыстың ыстық-суығына тоңып, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруді басты назарда ұстап келе жатқан талантты басшы Асқар Мырзахметов туралы аз айтуға да, көп айтуға да болады.

Әкесі Исабек Мырзахметов оңтүстікке белгілі азамат еді. Мен Исекеңді ертеден білетінмін. Ол кезде педагогикалық институтта кафедра меңгерушісі қызметінде едім. Бізді «Қызылсай» көкөніс базасының директоры Әбдімәжит Битабаров таныстырған. Сол уа­қыттағы обкомның бірінші хатшысы Асанбай Асқаров болатын. Исекеңмен араласатын, үш­тіктің бірі Икрам Адырбеков (қазір ҚР Парламенті Сенатының комитет төрағасы) ол кезде «Бөржар» совхозының парторгі еді.

Әбдімәжит, Икрам және мен Исекеңнің атшабарындай қасынан қалмайтынбыз. Ол ұзын бойлы, мығым денелі, үнемі күлімдеп жү­ретін кісі еді. Домбырада ойнап, ән айтатын. Өнерді қатты қадірлейтін. Оқыған, тоқығаны мол, білімдар кісі болатын. Әзілқой, жүрегі мейірімді, жомарт жан еді. Ол кез­де сирек кездесетін №11-11 қа­­ра «Волгасы» болатын. Өзі жүр­гізетін. Көбіне төрт орындық машинаға 6-7 адам мінетінбіз. Тойдан қайтқанда міндетті түрде жолда тоқтап, капоттың үстіне дас­тарқан жаятын. Әлімізге қа­рамай біз ол кезде Шымкент об­­­лыстық партия комитетінің бө­­лім меңгерушілері Досыбай Ше­рімқұлов, Нуриддин Балқияев және Абылай Тастанбековпен араласатынбыз. Осы кісілермен тағдырлас болу өз алдына бір сабақ. Бірақ, Исекеңмен араласуымыздың жө­ні бөлек еді. Ол бізге үлкен мек­­теп болды. Көп нәрсені үй­рен­дік. Әрине, ұлағатты қасиет, мейірімді, кешірімшіл, ұқыпты бо­луға, үлкенге ізет, күнделікті өмірде тағдырласқа тілектес болу сол кісінің қалдырған мұрасы деп білемін. Өкініштісі, өмірден ерте кеткен екен ғой… Оны енді түсініп жүрміз. Ал Сәбила апай – аузын ашса жүрегі көрінетін, үне­мі күліп жүретін, ақсары кел­­­ген әйел баласының сұлуы. Қа­рапайымдылығын айтсаңызшы! Кардиолог. Нәзік те, алып орган­ның маманы осындай болса керек. «Алып анадан туады» деген рас, Сәбила апай дүниеге нағыз алыптарды алып келген екен, оған біз бәріміз куәміз.

Бұл өңір Тәуелсіздікке ұлттық қадір-қасиет пен салт-сананы, бірлік пен берекені, ынсап пен ымы­рашылдықты түйіп, қаттап жеткізе білуімен ерекшеленеді. Туған тіліміздің тазалығы мен құнар­лылығын, мәйегі мен мән-мағынасын бабалар аманаттаған күйінде егеменді еліміздің ұр­пағына табыстай алғандықтан да, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Оңтүстікте бақ-береке, ынтымақ болса, мемлекетімізде де бақ береке, ынтымақ болады» деген еді.

Бүгінгі облыс басшысы таға­йындалған үш жарым жылдан бері үлкен жауапкершілік пен терең білімпаздықты талап ететін бұл уәзипалы лауазымды абыроймен атқаруда. Бұлай деп сеніммен айтуымыз бекер емес. Сөзімізге әкімнің жыл сайынғы есебі мен облыстың экономикалық-әлеуметтік көр­­­­­сет­кішінің үдемелі өсуі дәлел бола алады.

«Адам мақсатына өзін-өзі же­тілдіру арқылы жетеді» деген әл-Фараби сөзін бойтұмар еткен Асқар Исабекұлы басшылық еткен үш жылда жалпы өңірлік өнім екі есеге ұлғайып, биылғы жылдың қорытындысы бойынша 1,27 триллион теңгеден асып отыр. Мемлекет басшысының бастамасымен құ­рылған «Үдемелі индустриялық даму бағдарламасы», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту – 2020» сияқты маңызды мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылып жатқан істер өңірдің экономикасын жыл өткен сайын өркендетуде. «Үдемелі индустриялды даму бағдарламасы» басталған жылдары облыста 7, өткен жылы 24, биылғы жылы 29 жобаны іске қосу, ал жалпы индустрияландыру картасы бойынша 114 жоба картаға енгізіліп, 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарының ашылуы жоспарланып отыр. Шағын кәсіпкерлік «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізуде. Жыл басынан бері шағын және орта кәсіпкерлік субьектілері 198,2 млрд. теңгенің өнімін шығарды.

Көкөніс пен бақша өнімдерінен кеңес дәуіріндегі ең жоғары көр­сеткіштен төрт есе артық көлемде – 2 миллион 300 мың тонна өнім жиналған.

Статистикалық мәліметтер бы­лай дейді: үстіміздегі жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша облыстағы өнеркәсіп орындарында 279 млрд. теңгенің өнімі шығарылған. Кен өндіру өнеркәсібінде 64,2 млрд. теңгенің, өндеу өнеркәсібінде 187,2 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Облыс әлеуметтік-экономикалық даму серпіні жағынан ел бойынша алдыңғы қатарда келеді.

Республика Премьер-Министрі Серік Ахметов Оңтүстік Қазақстан об­лысының 80 жылдық салтанаты аясында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында облыс кә­сіпкерлерімен кездескен болатын. Кәсіпкерлерге қызмет көр­сету орталығы Қазақстан Рес­публикасының Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың 2012 жылғы 22 маусымда кәсіпкерлікті дамыту мәселесі бойынша өткен кеңес барысындағы тапсырмасы аясында, сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан кәсіпкерлері үшін бірыңғай кеңес берушілік және оқытушылықты ұйымдастыру үшін құрылған. Жұртқа жұмыс істеуді үйретуден гөрі, жұмыс істеуіне бөгет жаса­мауды үйрену керек деп білетін облыс әкімінің бастамасымен құ­рылған кәсіпкерлерге қыз­мет көрсету орталығындағы ке­ңес­­шілердің көмегімен бизнестің мүм­кіндіктерін есептеп, оны ке­ңейтуді шеше білген облыстың бұл жұмыс тәжірибесі Үкімет басшысы міндетті түрде есепке алынатынын мәлімдеді.

Әр күнi ашылып жатқан жаңа өндiрiс орындары, қолға алынған ауқымы үлкен жобалар, бағыты басым бағдарламалар – мұның барлығы облыс басшысының ұтым­ды ұйымдастырушылығымен жасалған оңтүстік халқының тә­уелсіздік тойына арнаған тартуы әрi Елбасының тапсырмасын нақты iс жүзiне асыру мiндетi.

Мемлекет басшысының эко­номикалық құрылымды әр­та­раптандыру мақсатында ай­қын­далған индустриялық-ин­новациялық жобасы аясында облыста 8 ірі жоба қолға алынды. Аталмыш бағытқа 55 миллиардтан астам инвестиция тарту көзделіп отыр. Жоба сәтімен жүзеге асса, өңірде мақтаны терең өңдеу, одан мата мен жіп иіру өндірісі дамиды. Алдағы 5 жылда іске асатын өзге де жобалар, атап айтқанда, ішкі нарықтағы сұ­ранысты қанағаттандыруға не­гізделген ауылшаруашылық өнім­дерін өңдеу де қарастырылып отыр. Облыстың 2014 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес, қайта өңдеу саласы бойынша – 14, ал көкөніс өнімдерін өңдейтін 19 кәсіпорын іске қосылады. Нә­тижесінде, ет пен сүттің үлес сал­мағы – 40 пайызға, ал көкөніс көлемі 20 пайызға артпақ. Ауыл шаруашылығын толық механизациялау алдағы мақсатқа жетудің төте жолы. Ал, жергілікті ғылыми кадрлардың бәсекеге қабілеттілігі өңір өндірісінің тұрақты дамуына сеп болады, дейді мамандар.

Қазақстанда бұрын-соңды болмаған, өндірілмеген өндірістің біразы қазіргі таңда бізде жасалып, елде өмірі болмаған өнімдер Шымкенттен шығып жатыр. Бұрын қазақтың тісі бата бермейтін қиын технологияны, техниканы қазақ балалары меңгеріп, жұмысты бір кісідей үйіріп жүр. Шымкенттен шыққан өнім отандық тауардың көлемін кеңейтіп, «Қазақстанда жасалған» деген тауарға айналары­на сеніміміз мол.

«Нұрсәт» шағын ауданындағы облыстық балалар ауруханасы – Қазақстандағы ең үлкен балалар ауруханасы. 2011 жылы 5 наурызда Елбасы өзі келгенде осы емхананы ашып берген болатын. Аурухана 10 гектар жерге орналасқан. Соңғы сегіз айда балаларға 141 операция жасалыпты. Тек Оңтүстік Қазақстан облысы ғана емес, сонымен қатар, Қызылорда мен Жамбыл облыстарына да өңірлік қызмет көрсетеді.

Бүгінде тек еңбекпен ғана же­міс өнетінін білетін әрбір шаруа адал еңбекпен күн көрудің жолына кіріскен. Бүгінгі күні мақ­ташылардың қажырлы еңбегінің арқасында 241,8 мың тонна мақта шикізаты теріліп, биылғы жылы ауданға берілген 238,0 мың тонна мақта шикізатын дайындау тапсырмасы артығымен орындалды. Оның ішінде 38,6 мың тоннасы комбайндармен теріліп, жалпы, жиналған өнімнің 16,0 пайызын құрап отыр. Мақтаарал ауданы бойынша гектарына 28 центнерден өнім алынды. Осынау толағай табыс күз және қыс айларының табиғи қолайсыздығына қарамастан, тынбай еңбек еткен диқандардың қажырлы еңбегінің арқасы деп білген абзал.

Соңғы жылдары оңтүстікте жұмыссыздық  азайды. «Жұ­мыспен қамту-2020» бағ­дарламасының орындалуына сәйкес 90 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылып, об­лыстың 5358 тұрғыны тұрақты жұмыс орнына орналасты.

Көксарай су реттегіші бү­кіл елімізді көрші мемлекет­тер­ге тәуелділіктен, ал Оңтүс­тік Қазақстан, Қызылорда об­лыс­тарының бірқатар аудан­дарының тұрғындарын көктемде су басу қаупінен құтқарды.

Біреу білер, біреу білмес. Жыл сайын «көктем келді» дегенше, Қырғызстан мен көрші Өзбекстанға жалынатынбыз. Мұны несіне жасырамыз? Ел экономикасы нығайып, қабырғамыз қатайған соң Көксарай су рет­тегішін салу керек болды. Пікір екіге жарылып бара жатқан тұста Елбасы «Көксарай салынсын!» деп кесімді, шұғыл шешім қабылдады. Бұл инвестициялық жобаның дұрыстығын уақыт дәлелдеп үлгерді. Сырдарияның тосын мінезінен шошып оянатын жүздеген мың адамның түнгі ұйқысы тынышталды. Ауыл халқы малын дария жағасындағы тоғайға емін-еркін жайып жіберетін болды.

Көксарай салынған Оң­түс­тік Қазақстан облысы, Арыс ауда­нының аумағында сан мыңдаған гектар жер көкмайсаға айналды. Жинап алынған телегей теңіз артық су реттегіштен қайтадан дарияға жіберілген соң арыстықтар балыққа қарқ болып қалды. Адам да, мал да тойынып жатыр. Мұны айтасыз, бұрын бұл аймаққа келіп көрмеген аң мен құстар пайда болды. Қаз қаңқылдап, шағала ұшып жүр. Ел Көксарай үшін Елбасымызға шексіз алғыстарын айтты. Оң­түстік Қазақстан об­лысының экономикалық даму бағыты жаңа тұрпатқа ие болды.

Асқар Мырзахметов әкімдік қызметке келгеннен бері бой көтерген, қаламыздың әсемдігін көркейткен ғимараттар басшының эстетикалық талғамын танытып қана қоймай, елге, жерге деген махаббатын да айқындайды. Қажымұқан атындағы орталық стадион маңынан бой көтерген орталық су-спорт кешені, спортшылар аллеясы, «Тәуелсіздік» саябағы, «Мемлекеттік рәміздер» алаңы, Ордабасы алаңындағы «Отан-Ана» тәуелсіздік монументі, Бәйдібек баба ескерткіші, «Оң­түстік цирк», Даңқ мемориалы, Абай мұражайы, «Шәмші әлемі» гүлзары сынды Шымкенттің шырайлы орындары облысымыздың ажарын ашып, көріктендіре түскен.

Абырой, ынтымақ бірліктің бар жерінде ғана жүретінін жақсы білетін Асқар Исабекұлы облыста «Ырыс алды – ынтымақ» ұйымын құрды. Жыл сайын дәстүрлі түр­де Наурыз мерекесі мен Ата За­ңымыздың күніне орай өткізіліп тұратын бұл іс-шара көпұлтты облыс хал­қының мызғымас бірлігі мен татулығына айтарлықтай қызмет етіп келеді. Ата-бабасының атына мешіт пен ескерткіш салудың да ұрпақ тәрбиесі үшін кейде кері әсер ететінін баспасөзде тайсалмай айтып, оның орнына мектеп пен балабақша, дәрігерлік емханалар салу қажеттігін көтерген де бүгінгі облыс әкімі Мырзахметов болатын.

«Тірлік басқа болса да – тілек бір, білек басқа болса да – жүрек бір» деген Бәйдібек баба сөзін жадымызда ұстағанымыз абзал. Бірлігі жараспаған елдің берекесі кетеді.

Бүгінде бірлік пен ынтымақтың мекеніне айналған оңтүстік өңірі жыл өткен сайын көркейіп, кемелденуде. Облыс экономикасы өрге басып келеді. Бірқатар маңызды бағыттар бойынша республикада жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізді. Халықтың әл-ауқаты жақсарды. Олай болса, біздегі жасампаз жетістіктер әрбіріміз үшін ерекше қуаныш. Біз бас­ты байлығымыз – азаматтық та­тулық пен этносаралық бірлікті сақтауға, достық пен келісім дәс­түрлерін болашақ ұрпақтың бойына дарытуға тиіспіз. «Бұлақты болса көл семіреді, Ынтымақты болса ел семіреді». Тату елге ты­ныштық пен тоқшылықты нәсіп етуді басты мақсат тұтатын облыс басшысының әрбір бастамасына қолдау, әр ісіне демеу көрсету – оңтүстіктің барлық азаматына ортақ парыз. Ел басқарып отырған басшының бағдаршамы – Елбасының қойған талап-тілектері, ал осы мақсат-міндеттерді орындау елдігіміз бен бірлігіміздің жемісі. Облысымыздың өркендеуі – баршамызға ортақ іс.

Оңалбай АЯШЕВ,

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік

педагогикалық институтының ректоры,

педагогика ғылымдарының докторы.