12 Наурыз, 2010

КӨПШІЛ ДЕ СЫРШЫЛ ЕДІ

869 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қазақ-қытай мемлекеттік шек­арасына жақын орналасқан шағын ғана ауыл – Үлкен ди­­қаннан елімізге танымал азамат­тар көп шықты. Араларында ғалым да, ақын да, жазушы да, батыр да бар. Осынау киелі топырақта дүниеге келіп, өзінің парасат-пайымымен, ұйым­дас­тырушылық қабілет-қарымымен ерекшеленетін аза­маттың бірі – Иманбек Байтілеуов болатын... Өмір жолын, еңбек жолын таразылайтын болсақ, Иманбек ағаның қамшының сабындай қыс­қа ғұмырында артына қал­дыр­ған, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болатын іс-ша­ралары жетіп артылады. Мен оны ойдан құрас­ты­рып отырған жоқпын. Біз бір ауылда туып, бір мек­тепте оқыдық. Аға-іні болып сыйластық. Қуанышымыз да, қайғымыз да ортақ болды. Бал­дәурен балалық шағымыз Үлкен диқан ауылында бірге өтті. Иманбек Байтілеуовтің аудан ғана емес, облыс аумағына кеңінен таныла бастауына оның жауап­кершілікті шын сезіне отырып, қолға алған жұмыс­тарын байыпты атқара білгендігіне тікелей байла­нысты. Ағаның еңбек жолы бірсыдырғы жағдайда өткен жоқ. Орта мектепті ойдағыдай аяқтаған соң, ұжымшарда жұмыс істеді. С.М.Киров атындағы мем­лекеттік университеттің тарих факультетін бітір­геннен кейін Ұйғыр ауданының орталығы – Шонжы селосындағы мектеп-интернатта тәрбиеші болды. Айтар ойы бар, ұстанымын ашық білдіретін кадр қашанда керек. Иманбектің осы қасиеттері аудан басшыларының назарынан тыс қалмады. Арада бірер жыл өткен соң, оған Ұйғыр аудандық халықтық бақылау бөлімінің инспекторы қызметі ұсынылды. Бұл жұмысты ол жан-тәнімен атқарып, халық пен қоғам мүддесін қорғады, сол үшін күресті. Білікті кадр, жақсы маман барлық салаға да қажет. 1977 жылы ол Ұйғыр аудандық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушылығына бекітілді. Осы жұмысты үш жыл қатарынан істеп, партия жұмысында біршама тәжірибе жинақтады. Одан кейін аудандық партия комитеті саяси-ағарту бөлмесінің меңгерушісі қызметін атқарды. Иманбек Байтілеуов кейіндеп Подгорное селолық кеңесінің төрағасы және Ұйғыр аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып жемісті еңбек етті. Сол жылдары жалындаған жас маман іскерлігінің, ұйымдастырушылығының арқасында аудан көлеміне таныла бастады. Ал 1986 жылы Иманбек Байтілеуов “Бесқарағай” ұжымшарының төрағалығына тағай­ындалды. Бұл жылдары көптеген қиыншы­лықтар алдымызды орап тұрған болатын. Соған қарамастан ол “Подгорное” атауын өзгертіп, оның орнына ауыл­дың тарихи атауы “Қырғызсайды” қайтаруға күш салды. Қазір бұл ауыл “Қырғыз­сай” деп аталады. Атам қазақ “Әкім бол, хал­қыңа жақын бол!” деп айтқан ғой. Иманбектің болмыс-бітімі, адами қасиеті нақ осы жылдары ашылды. Ауыл мен аудан ғана емес, облыс пен республикаға та­ныла бастады. Оның іс-тәж­і­рибелері өзге шаруа­шылықтарға үлгі-өнеге ретінде ұсынылды. Мысалы, ол “Қыр­ғызсай” кең­ша­­рының бөлімшесі Рахат ауы­лындағы сегіз жылдық мектепті он жылдық мектепке айналды­ру­ға күш-жігер жұмсады. Сенбілік ұйымдастырып, білім мекемесіне қосымша ғимараттар салудың басы-қасында болды. Сонымен қатар, бөлімшеде маман-кадр­лар­ды тұрақтандыру мақса­тында тұрғын үйлер мен жатақ­хана салып берді. Оқушыларды күнделікті ыстық тамақпен қамтамасыз ету ұйымдастырылды. Осы жұмыстардың барлығы ұжымшар есебінен ұйымдастырылды. Қырғызсай орта мектебіне 20 гектар алқап бергізіп, онда картоп, басқа да көкөніс түрлері өсірілді. Сондай-ақ Иманбек Байтілеуов демеушілік шараларға да үнемі қатысып келген-ді. Мәселен, оның демеушілік етуінің арқасында бір­қатар мектеп мұғалімдері мен оқушылар еліміздің көрнекті жерлерін, сондай-ақ шетелдерді аралап қайтты. Бұлардан бөлек ол Астана мен Алматы қалаларында оқитын қырғызсайлық студенттердің келіп-қайту жола­қысын да көтерген болатын. Иманбек Байтілеуов ұжымшар тарап, әркім өз тіршілігін күйттеуге бағыт ұстанғанда да білікті басшы екендігін таныта білді. Шаруа қожалығын құрушыларға ақыл-кеңестер берді, оларға дұрыс жол сілтеді. Соның нәтижесінде ауылда ісін ілгері бастырып, жақсы жұмыс істеп келе жатқан шаруа қожалықтары баршылық. Сонымен бірге, Иманбек Байтілеуов өнерді насихаттау шараларына да белсене қатысты, демеушілік қолдау көрсетті. Бұған оның Абай Құнанбайұлының 150 жылдығына және “Ұйғыр мұқамы” байқауының өтуіне демеушілік көрсетуі дәлел болады. Бүгінде Қырғызсай ауылының тұрғындары Иманбектің кезінде атқарған жұмыстарын сағыныш­пен еске алады. “Жазерке” ансамблінің құрылуына, оның аудан мен облыс аумақтарында өнер көрсе­тулеріне ұйытқы болған да, демеушілік көрсеткен де Иманбек болатын. Ағаның ел үшін, жері үшін атқарған жұмыстары өз бағасын алды. Аудандық, облыстық мәслихаттардың депутаты болып сайланды. Сонымен қатар, ол аудандағы “Ұрпақ парызы” бірлестігін де ұйымдастырды. Абзал ағаның арманы асқақ еді. Тосыннан кел­ген ажал Иманбекті арамыздан алып кетті. Ар­тында аяулы жары Баян, ұл-қыздары Әсел, Әсем жә­не Ербол қалды. Бұлар ағаның ізін жалғастырушылар. Алматы облысы, Ұйғыр ауданы. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.