Көнеден жеткен тәбәрік
Сәрсенбі, 15 ақпан 2012 7:14
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұжымы еліміз Тәуелсіздік алып, дербес егеменді ел болғалы мезгіл ішінде бұған дейін бұрмаланып келген отанымыздың тарихын, соның ішінде өзіміз тұрған өлке тарихына қатысты жәйттерді жаңа тұрғыдан зерттеп, тиісті бағасын беру жолында еңбектеніп келеді.
Сәрсенбі, 15 ақпан 2012 7:14
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұжымы еліміз Тәуелсіздік алып, дербес егеменді ел болғалы мезгіл ішінде бұған дейін бұрмаланып келген отанымыздың тарихын, соның ішінде өзіміз тұрған өлке тарихына қатысты жәйттерді жаңа тұрғыдан зерттеп, тиісті бағасын беру жолында еңбектеніп келеді.
Соның арқасында Ақтөбе облыстық музейі алғашқылардың бірі болып, музей экспозициясын, музей ісін ана тілімізде сөйлетті. Сөйтіп, Тәуелсіздік тарихына сәйкес жаңа экспозициялық құрылым жасалды, тарихи тұлғаларымыздың өмір жолдарын анықтау үшін ізденіс жұмыстары жүргізілді және нәтижелі болды.
Кез келген музей ісінің мазмұны оның көз тартар тақырыпқа сай экспозициясы мен қор коллекциясының жоспарлы, сапалы ғылыми жұмыстарымен айқындалатыны белгілі. Қай музейдің болмасын оның мақтанышы – аты, заты толық зерттелген, дерегі мол жәдігерлері десек, ондай заттар бұл музейде баршылық. Ол Есет батырдың (1667-1749) кіреуке сауыты, қазақ мемлекетін құрған Жәнібек ханнан тараған Сыр бойының қазақтарының ханы Әбілғазы ұлы Арынғазы ханның (1797-1815) сауыты, Құран сөздері жазылған бағалы ыдыстар, жергілікті зергерлердің қайталанбас әшекей бұйымдары, Айшуақ хан ұрпақтары тапсырған күміс жүзік, Әбілқайыр хан, Қаратай сұлтан ұрпақтары тапсырған кезінде екінің бірінің қолына түсе бермейтін Еуропа үлгісінде бедерлеп кестеленген шашақты мауыты перде, қос балдақты жүзік т.б. болса, бұл жәдігерлердің қатары енді, міне, тағы бір құнды затпен толығып отыр. Нақтылап айтсақ, 1934 жылы қазақ ұлт аспаптар оркестрін құрушылардың бірі және алғашқы дирижері Қамбар Ерғожаұлы Қаратаев – Медетовтің (1901-1937) қызы Бибізада Қамбарқызы және немересі Құрманғазы атындағы консерваторияның аға оқытушысы Айжан Бердібайқызы Рахманқұлова үстіміздегі жылдың сәуір айында Ақтөбеге арнайы келіп, ата-баба жеріне тағзым етіп, еске алу рәсімін жасап, музейімізге неше ғасырлардың куәсі болған күміс белдік тапсырды.
Бұл белдіктің ерекшелігі, музей қорында сақталған ХVІІІ-ХІХ ғғ. жататын оншақты белбеулер түріне ұқсамайтындығы, оның 8 өткізбелері табиғи асыл тастарды молынан қолданып безендірілгені десек, кезінде белбеу хас шебердің қолынан, дәулетті адамның әдейі сұранысымен дайындалғаны көрініп тұр. Аса бағалы бұл жәдігер екінің бірі үшін жасалмағаны белгілі. Бұл белбеуге берісі үш ғасыр екенін айтсақ, оның арғы иесі Арынғазының аталары Хиуа хандары Қайып батыр болса, сол жердегі Орта Азияның Бадахшан аймағында өндірілген таспенен әшекейленген деп тұжырым жасауға болатын белбеудің астары кезінде бағалы мауытыдан дайындалғаны да байқалады.
Екінші ерекшелігі – белбеудің иесі туралы болмақ. Бибізада Қамбарқызы шеше жағынан Арынғазының інісі Мәмбет Сұлтанның шөбересі. Мәмбет сұлтан Арынғазының тұсында Ақтөбе маңындағы Қаратоғай ауылында болыстық қызмет атқарған. Ол халықтың есінде жақсы істерімен, жоқ-жұқаның жағдайын түсініп, қамқор болған, дау-дамайды әділ шешкен адам ретінде қалған. 1820 жылы хиуалықтар Арынғазының ауылын шауып, оның елу шақты жақын-жуықтарын қамауға алған, соның ішінде Мәмбет төре де кеткен болуы мүмкін, себебі ол туралы бізге белгілі мәлімет осымен үзіледі.
Ал Әбілқайыр ханның ұлы Айшуақ ханнан тараған Баймағамбет сұлтанның баласы Мәмбет төре Қобда ауданының бұрынғы атауы «15 жылдық Қазақстан» совхозының Қоскөлінде уездік басқарманың бастығы болған. Ол да «Мамбет провитель» атанған. Сондықтан күні кешеге дейін халық арасында Мәмбеттің көк үйі, төре ауылы деп аталып келген.
Аталған белбеуді Алматыда сұраушылар болғанмен, әкеміздің кіндігінің қаны тамған елінің музейінде тұрсын деп Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейіне әкелдік – дейді жәдігердің иелері.
2009 жылы жаз айының бірінде Қобда ауданының Жиренқопа маңына Жас алаш газетінің журналисімен бірге іссапарда болған кезімде ескі қорымдарды аралап жүріп, төре ру белгісі басылған сапалы, әдемі құйылған, жазулары арабша ойылып жазылған құлпытастарды көріп фотоға түсіріп алғанбыз. Соның ішінде оқи алғанымыз Арыстан сұлтан мен оның жұбайы Мархумат Тухмырзақызының құлпытасы, қалғандарын оқи алмадық. Тек астындағы төре таңбаларын ғана таныдық. Ал Мәмбет төре өмірінің соңғы кезіне дейін осы аймақта өмір сүріпті. Ендігі айтарымыз, екі Мәмбет те Бибізада Қамбарқызына жақын туыс болып келеді. Бұл белдіктің бергі иелері 1937 жылдың құрбаны болған Қамбар Ерғожаұлы Қаратаев – Медетовтің отбасы болса, арғысы елден ажыратып, өмірінің соңына дейін патша тұтқыны болып, Ресейдің Калуга маңында сүйегі қалған Арынғазы ханның інісі Мәмбеттің мүлкі болуы әбден мүмкін. Әрине, бұл алғашқы пайым. Бұл баға жетпес жәдігердің тарихы алдағы уақытта одан әрі тереңдетіліп зерттелетіні анық.
Ш.МҰҚАШЕВА, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің бұрынғы қор меңгерушісі.