Екейбай
Бейсенбі, 10 мамыр 2012 7:04
Өмірде жас кезінде қатарының алды болатын, ал жасы толысқанда үлкен парасат иесі, кейінгі толқын жастарға тәрбиеші адамға қанат бітіріп, күш-жігер беретін адамдар болады. Кезінде Семей облыстық атқару комитетінің төрағасы болған Екейбай Қашағановты сондай адам деп білемін. Ол кісі Ұлы Отан соғысына қатысып, одан кейін халқына адал қызмет етіп, елдің батасын алған азаматтардың бірі. Бүгінде соғыс ардагерлеріне тиісті деңгейде құрмет көрсетіліп жатса, Екең де сондай құрметке лайықты азаматтардың бірі деп ол кісінің өмірінен сыр шертуді жөн көріп отырмын.
Бейсенбі, 10 мамыр 2012 7:04
Өмірде жас кезінде қатарының алды болатын, ал жасы толысқанда үлкен парасат иесі, кейінгі толқын жастарға тәрбиеші адамға қанат бітіріп, күш-жігер беретін адамдар болады. Кезінде Семей облыстық атқару комитетінің төрағасы болған Екейбай Қашағановты сондай адам деп білемін. Ол кісі Ұлы Отан соғысына қатысып, одан кейін халқына адал қызмет етіп, елдің батасын алған азаматтардың бірі. Бүгінде соғыс ардагерлеріне тиісті деңгейде құрмет көрсетіліп жатса, Екең де сондай құрметке лайықты азаматтардың бірі деп ол кісінің өмірінен сыр шертуді жөн көріп отырмын.
1418 күн мен түнге созылған сұрапыл соғысқа бас-аяғына дейін қатысқан Екеңнің толғанысы мол, жүрек сыздатқан естелік әңгімесін әкелік ақыл-кеңесін, өсиет, аманатын тыңдай отырып, сол бір күндерде оның өміріне, өмірбаянына тұңғыш рет құмарта, қызыға, жүрек елжіреп үңіліппіз. Өмірдің ауыртпалығын осылайша жастайынан арқалаған абзал ағамыз соғыстың басталуын Румыния шекарасымен тұстас жерде қарсы алды. Ел шырқын бұзған соғыстың бірінші күнінен бастап жаумен бетпе-бет аянбай арпалысты. Сан кескілескен ұрыстарға қатынасты.
Иә, Екең тар жол, тайғақ кешуді басынан өткерді. Алыста елден жырақ өмір мен өлім арасында, оның үстіне ауыр жараланып госпитальда ұзақ таңды әрең атырған кездері қаншама. Елі, туған халқы үшін қасық қанын аямауға бекінген Екейбай Қашағанұлы емделу мерзімінің аяғын күтпей, госпитальдан өз еркімен майдан шебіне сұранып та кеткен болатын. Майдан шебіне оралудың сондай бір кезі Малый өзенінің бойындағы неміс әскерлерінің шабуылына тойтарыс берумен дәлме-дәл келген. Және дәл осы жолы сап алдында Жоғарғы бас қолбасшының «бір адымға кейін шегінбеу» туралы тарихи бұйрығы оқылған. Екең әдеттегідей өзінің 45 миллиметрлік зеңбірегімен батальонды қорғап жүрді. Жау оны жан-жақты қыспаққа алды. Қызу жекпе-жек басталды.
Ұрыс жауапкершілігі барған сайын ұлғая түсті. Сондықтан бар күш жауды талқандауға жұмсалды. Бұл жолы да Екейбай жаудың бір танкісі мен автоматшылар мінген екі мәшинені істен шығарды.
Опасыз жауды жеңуге жан аямай күрескен қазақ солдаты Екейбай Қашағановтың есімі батальон, полк алдында сан мәрте аталып, ерліктің үлгісі етілді. Екең Чехославакияның Яроморжец, Прага, Верун қалаларын, Венгрияның Будапештін, Югославияның Белград қалаларын жаудан азат етуге қатынасып, Жеңіс күнін жақындата түсті.
Облыстық «Семей таңы» газетінде, облыстық баспаханада, кейіннен мәдениет, өнер саласында қызмет атқарған кездерімде Екейбай ағамен жолығып жүрдім. Сонда ол кісінің аса үлкен парасат иесі, білгір басшы, қамқоршы аға екеніне көзім жетті. Халқымыздың мәдениетін, өнерін дамытуға бар күшін салды. Жастардың шын мәніндегі тәрбиешісі болды. Екеңнің ақыл-кеңесі әр адамға қанат бітіріп, күш-жігер беретін.
Екейбай ағаның Семей өңірінде 16 жылдық қуанышты да қызықты, бейнеті мен азабы да аз емес өткізген өмірі біздің бүгінгідей көз алдымызда және ұмытылмақ емес. Бұл өңірде ол кісі 3 жыл екінші хатшы, 13 жыл облыстық атқару комитетінің төрағасы болды. Екеңнің облыстағы еңбегін айтпағанда, қазақ халқының мақтаны Абай, Шәкәрім, Мұхтарды берген біздің ауданға жасаған жақсылығын, осы ұлы адамдардың аруағын сыйлап атқарған істерін еске алғанда, ол кісінің алматылық емес, абайлық тума дер едік. Солай бағаланды, солай бағалана да бермек.
Екеңнің көзіне түскен, танып білген талай кадрлары осында болмаса да, сол кісінің қасиеттерінен нәр алып, тәрбиесін көріп, жетегіне жарап, ел басқарып, халықтың қалаулысы болып, Екеңді үнемі еске алып, топырағына торқа тілейді.
Иә, туған халқына адал қызмет еткен абзал ағамызды, ардақты азаматымызды ұрпақ алдында құрмет тұту, оның жарқын бейнесін еске сақтау – баршамыздың ісіміз, азаматтық борышымыз.
Алаш астанасы аталған Семей шаһарының өткеніне, тарихи дамуы мен бүгінгі экономикалық мүмкіндігіне зер салып, талдау жасайтын болсақ, оның өсу жолына, мәдени дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтар аз емес. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып жатқан бүгінгі тәуелсіз, егеменді еліміз сол арыстарымыздың есімін биік шыңға көтеріп, аруақтарын қошемет етсе, нұр үстіне нұр болар еді-ау деген пікірді айтқымыз келеді. Күні кеше ғана ортамыздан кеткен, бірақ арттарына өлмес сөз, өшпес із қалдырған Екейбай Қашағанов, Жұмабек Қойшыбаев, Тамара Александровна Назарова тәрізді ұрпақ тәрбиесіне, ұлт болашағына үлкен қамқоршы болған ардақты азаматтарымызға құрмет ретінде қаламыздың көрнекті көшелерінің бірін солардың аттарымен неге атамасқа. Көше демекші, Е.Қашағановтың есіміне беріліп отырған қазіргі көше ол кісінің атына онша лайық емес. Және күні бүгінге дейін Екейбай ағамыз тұрған үйде арнайы құлпытас тақтаның орнатылмауы да онша жарасып тұрған жоқ. Оқу орындарына сол кісілердің есімдерін берсек, оның не айыбы бар. Сол сияқты бұдан 102 жыл бұрын, сонау ресейлік патша заманында яғни, 1914 жылы ұлы Абайдың қайтыс болуына 10 жыл толуына орай арнайы, тұңғыш кеш өткізген қазақ қызы, педагог, журналист, көрнекті қоғам қайраткері Нәзира Құлжановаға мектеп немесе колледж есімі беруді ономастикалық комиссия ойға алса, бұл да теріс болмас еді. Ұлтымыздың ұлттық қасиетін, бауырмалдық жүрегін ұмытпағанымыз да жөн болар.
Балтабек ЕРСӘЛІМОВ,
Абай қорының президенті,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Семей.