14 Маусым, 2012

Белгісіз батыр

874 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Белгісіз батыр

Бейсенбі, 14 маусым 2012 7:24

Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының Батыры атағын алғанқазақтар саны ұзақ жылдар бойы 96, кейде 97 болып көрсетіліп келді.Соңғы нүктені былтыр «Егемен» (07.05.2011 ж.) қойыптолық тізімдіжариялаған едіБұрын орысөзбек жерінде туғаны себепті сол елдердіңазаматы болып жүргендерді қоса есептегендеқазақтан шыққанбатырлар саны 103 екендігі анықталдыСоның ішінде бұл атақ дивизиякомандирлері болған генерал Сабыр Рахимовқа 1965 жылыполковникБауыржан Момышұлына 1990 жылы берілді.

 

Бейсенбі, 14 маусым 2012 7:24

Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының Батыры атағын алғанқазақтар саны ұзақ жылдар бойы 96, кейде 97 болып көрсетіліп келді.Соңғы нүктені былтыр «Егемен» (07.05.2011 ж.) қойыптолық тізімдіжариялаған едіБұрын орысөзбек жерінде туғаны себепті сол елдердіңазаматы болып жүргендерді қоса есептегендеқазақтан шыққанбатырлар саны 103 екендігі анықталдыСоның ішінде бұл атақ дивизиякомандирлері болған генерал Сабыр Рахимовқа 1965 жылыполковникБауыржан Момышұлына 1990 жылы берілді.

Сол 103 адамдық тізімді зерделей қарап шыққанымызда батыр атағын алған қазақтар арасынан 23 адамның ғана офицер атағы барын, қалғандары қатардағы жауынгерлер мен сержанттық құрам өкіл­дері екенін білдік. Тіпті сол офицерлердің ішінде де үш адамның ғана капитандық шені бар, қалғандары кіші лейтенант, лейтенант және аға лейтенанттар. Кейін майор атағын алған Мәлік Ғабдуллин ротаның саяси жетекшісі болған. Бұл – лейтенант дәрежесінде ғана бағаланатын атақ. Ал генерал С.Рахимов пен полковник Б.Мо­мыш­ұлының батыр атағын соғыстан көп кейін алғанын жоғарыда айттық.

Ерлік даңқы жер жарып, соғыс кезінде соғыс туралы жазылған үлгі-өнегесі орасан зор, тамаша кітаптың қаһарманы болған Б.Момышұлының өзі екі рет ұсынылса да бұл атақ оған соғыс жылдарында берілмегенін жұрттың бәрі біледі. Осыған қарап, славян тектес және грузиннен басқа халықтардың ірі офицерлеріне батыр атағы берілмесін деген жасырын бұйрық болған сияқты ма деп қаласың. Тіпті, олардың асқан ерліктері де бұр­маланып, жоғарыда аталған ұлттардың өкілдеріне телінгенін білеміз. Мұның мысалына Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевқа батыр атағы берілмегені өз алдына, тіпті, сол ерлігін ауызға да алдырмады емес пе? Ал аузынан ажал шашқан ДЗОТ-ты бірінші болып кеудесімен жапқан татар баласы Шәкіржан Мұхамедзяновтың көзсіз ерлігін айдай әлемге Александр Матросов жасады деп жарияланды. Мұның «іні халықтардың» ірі болып кетуінен қауіп­тенген шовинистік саясаттың салқыны екені даусыз. Міне, от пен оққа салғанда тең деп келсе де, құрметтеуге келгенде кең болмаған Кеңес Одағының жымысқы саясатының бір көрінісі осы.

Батыр атағын алған офицерлердің бірі – аға лейтенант, рота командирі Әбу Досмұхамедов. Ол Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі Қызылжар ауданын­дағы (бұрынғы Приишим ауданы) Үшкөл деген ауылда 1920 жылы дүниеге келген. Оның атасы Бәшім (шын есімі Бейсенбай) елге белгілі, сыйлы адам болыпты. Келімсектер қаптап көшіп келгенде түгін тартса майы шығатын атақонысы – шал­ғынды, сулы, шүйгінді жерді «орысқа бермеймін» деп көп алысқан жан екен. 20-шы жылдардағы аштық кезінде де елге қайыры көп тиіп, аң аулап, құс атып тәмам халықты қырылудан аман алып қалған. Елдің үстінен ағылып өтіп, шапқынға ұшы­ратып отырған ақ пен қызылдың әс­кер­леріне де қарсы шығып, көзсіз ерлік­тер жасағаны әлі күнге халықтың есінде.

Бәшімнен Жәмәли, Досмұхамед, Ес­мұхамет, Сәрсекей есімді төрт ұл мен 3-4 қыз туған. 1931-33-жылдардағы аштық Бәшімнің 70-тен асып, аяғы қоюланған, оның үстіне астындағы көліктің бәрін шолақ белсенділердің сыпырып алған тұсы­на тап келіп, батыр бұрынғыдай қайрат қыла алмай, туған жерді тастап көшуге мәжбүр болады. Сөйтіп, РКСФР-ға қарайтын Қорған облысының Частоозер ауданына көшіп барады. Бұл кезде Дос­мұхамедінен туған немересі Әбу 11 жастағы бала.

 Аштықтан арып-ашып көшіп келген қазақтарды құшақтарын жайып қарсы алатын халық мұнан табылмайды, керісінше, есік-терезесін, мал қораларын бекітіп, түн баласында мылтықпен күзетуді ұйымдас­тырған жергілікті тұрғындар жылы қабақ танытпайды. Қазақтар үркердей болып, үрпиген күйі қалың орманның арасына барып, күрке тігіп отырады. Бір жақсысы – бұлар келген жерде жұмыс орындары бар. Қазақтар осындағы кеңшардың барынша ауыр жұмыстарына жегіледі. Сөйтіп, «қо­лы қимылдағанның аузы қимылдайды» дегендей, өйтіп-бүйтіп, аштықтан жаппай қырылмай, көбісі аман қалады. Артынан әлденіп, етек-жеңдерін жиған соң, өзде­рінің күшімен «Жаңажол» атты қазақ кең­шарын құрады. Бұл кезде Әбу орыс мекте­бінің 4 сыныбын бітірген соқталдай жігіт болып қалған еді, ол сол кеңшар белсен­ділерінің қатарына ілігеді. Ұзамай халық­қа жұғымды әрі елгезек бозбаланы жас­тығына қарамай халық осы кеңшар бас­қармасының орынбасарлығына сайлайды. Біраз уақыттан соң, басқармалардың алты айлық оқуына барып келген шағында, соғыс басталады.

Орыс тілін білетін, оның үстіне кеңшар басшысы болған Әбуді әскери комиссариат кіші офицерлер дайындайтын курсқа жібереді. Бұл соғыс уақытына шақталып, қысқа мерзімде кіші лейтенанттар дайындайтын оқу орны болатын. Онда тек оқуды үздік бітірген, зейінділеріне ғана лейтенант, қалғандарының бәріне кіші лейтенант атағы берілетін.

1941 жылдың күзінде Семей мен Аягөз қалаларында негізінен Қазақстанның шы­ғыс өңірінен шақырылған жауынгерлерден 458-ші атқыштар дивизиясы құрылған. 1942 жылы ол 8-ші атқыштар дивизиясы болып аталды. Дивизия соғысқа 1942 жыл­­­дың 23 наурызында кіріп, 1945 жыл­дың 9 мамырына дейін Воронеж, Шығыс Карпат, Прага бағытындағы шабуыл операцияларына, сондай-ақ Курск иініндегі шайқасқа қатысқан. Днепр, Десна, Припять өзендерін кешіп өтіп, Украина қала­ларын азат етуде үлкен ерліктер көрсеткен.

Міне, осы құраманың қатарына жас лейтенант Әбу Досмұхамедов те қабыл­данып, 229-шы полктің взвод командирі болып тағайындалады. Жауынгерлермен жақсы тіл табысатын, бастықтардың тапсырмасын бұлжытпай орындайтын жас офицер ұзамай жақсы қырынан таныла береді.

1942 жылғы жазда Брянск майданын­дағы 13-ші армияның құрамында болған 8-ші дивизия Воронеж-Посторненск операциясына қатысады. Осы шайқас кезінде Әбудің взводы өзіне жүктелген міндетті абыроймен орындап, көзге түседі. Көп шабуылдардың бірінде Әбу жарақат алып қалады. Осы шайқастағы жеке басының ерлігі және жауынгерлерін ерлікке жігер­лендіре білген еңбегі үшін лейтенант Ә.Досмұхамедов «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. Көп ұзамай Әбуге аға лейтенант атағы беріліп, ол енді рота командирлігіне тағайындалады. 1943 жылы 8-ші дивизия құрамына енетін 13-ші армия Орталық майданға беріледі. Бұл майдан екінші рет 1943 жылдың 15 ақпанында құрылған болатын. Майданның қолбасшысы сол кездегі генерал-полковник К.Рокоссовский болған. Осы май­данның құрамына генерал-лейтенант Иван Чистяков қолбасшылық еткен 21-ші армия да енген. И.Чистяков – Бауыржан Момыш­ұлының жақсы командирі болғандықтан, қазақстандықтар үшін ыстық есімдердің бірі.

1943 жылы Курск иініндегі соғысқа қатысқан Әбудің ротасы ерекше ерлігімен көзге түсіп, рота командирінің өзі тамыз айында «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орде­німен наградталады. Бұл майдандағы түбегейлі бетбұрыстың басталған кезі болатын. Енді Қызыл армия тек шабуылдау соғыстарын жүргізуге көшкен. Толассыз шабуылдаған кеңес әскерлері неміс-фашистерін ауыр соққылармен өкшелей шегіндіріп, Украинаның ұлы өзені – Днепрге келіп тіреледі. Днепр – Еуропада Волга мен Дунайдан кейінгі үлкен өзен. Оның ұзындығы 2285 шақырым. Осы өзен үшін болған шайқасқа екі жақтан 4 млн.-ға жуық адам қатысқан. Майдан шебі өзен бойының 750 шақырымын қам­тыған. Көргендердің айтуына қарағанда, 4 айға созылған осы соғыста Днепр өзені қан болып аққан екен. Адам қаны… Өзен үшін болған соғыс адамзат тарихындағы ең үлкен қанды қырғындардың бірі деп есептеледі.

Бұл өзендегі соғыстың соншалық қырғынды болған себебі: Курскідегі шай­қастан кейін Вермахт тек ұзақ мерзімді қорғанысқа көшкен. Ол үшін шабуылдаған әскерге қарсы өзен, көл сияқты табиғи кедергілерді барынша тиімді пайдалануды мақсат етіп, тас-түйін қорғанысқа көшеді. Сол жолда кеңес әскеріне қарсы бірінші кедергі болып жатқан Днепрді қайтсе де бермеуге барлық күшін жұмылдырады. Ал Сталинград пен Курск иіні қырғынындағы жеңіске мастанған Қызыл армия басшылары өзенді қайтсе де тезірек алуға ұм­тылып, адамдардың шыбындай қыры­луына қарамаған. 1943 жылдың 26 тамызында Азов теңізінен Смоленскіге дейінгі 1400 шақырымдық аралықта 2 млн. 650 мың адам, 51 мың зеңбірек, 2400 танк және 2850 ұшақ күшімен Қызыл армия Днепрден өту операциясын бастаған. Осындай маңызы болғандықтан да Днепр­ден бірінші болып аман өткен жауын­герлердің бәріне дерлік Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.

Қанды қырғынға бастарын тіге отырып, жаңбырша жауған оқтың астымен 21 қыркүйекте Чернобыль қаласының ма­ңында Днепр өзенінен алғашқы болып 13-ші армияның жауынгерлері де өтеді. Осы әскердің қатарында Әбу Досмұ­ха­медовтің де ротасы бар еді. Оң жағалауға аман өткен олар Гдень деген шағын елді ме­кен­нің тұсында фашистерге енді құр­ғақта қарсы шығады.

Кеңес Одағы кезінде Мәскеуден «Вокруг света» атты беделді журнал шығып тұратын. Қазір де шығатын болар. Осы жур­налдың 1983 жылғы санында осы ұрыс қимылдары туралы тарихшы, пол­ков­ник Владимир Смирнов егжей-тегжейлі жазған («Вокруг света», №9, 1983 г., «На Днепре в сорок третьем»). Енді сол деректен үзінді келтіре кетелік: «…И в эту минуту смертельной опасности командир батальона Петр Баюк и командир роты, старший лейтенант Абу Дусмухамедов, ставший в эти тяжелые дни замес­тителем Баюка по политчасти, уже раненные поползли на встречу танкам врага. Они тянули за собой на проволоке противотанковые мины. Баюк напряг последние силы, приподнялся и бросил мину под гусеницы. Взрыв. Танк остановился. То же сделал Абу…».

Осы шайқаста Петр Баюк пен Әбу Досмұхамедов екеуі де қаза тапқан. 1943 жылдың 16 қазанындағы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен екі ерге де Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.

…Әбудің анасы Қайша апай «қара қағазды» алса да сүйікті баласының қаза болғанына сенбеген. 1966 жылы Чернобыль қаласындағы №2 мектептің 7 сынып оқушыларынан Қайша ананың атына хат келгенде ол баласы тіріліп келгендей қуанады. Оқушылар қалалық паркке қатар қойылған қос батыр – П.Баюк пен Ә.Досмұхамедовтің зиратын өздері қам­қорлыққа алғандарын және мектептерінде музей ашылғанын жазған екен. Сол музей үшін Әбудің балалық шағы туралы деректер жазып берсеңіз екен деп өтініпті жас бүлдіршіндер. Баласының бейіті белгілі болғанына қуанған ана жолды баласы Қапар мен жөн білетін жиені, Ұлы Отан соғысының ардагері Сапар Дүйсеновке бас­татып, Чернобыль қаласындағы сүйікті баласының басына барып қайтады…

Чернобыльдіктер Әбудің зиратын әлі күнге қадірлеп күтіп отыр. Белгілі кинорежиссер Александр Довженконың: «Полегли в бою казахи-батыры. Освятили дружбу, пролили кровь и сами уснули на украинских нивах. И навсегда остались немеркнущая слава и благодарность и гордость седовласых казахских дедов и матерей, и вдохновение юношей какие будут жить после нас долгими столетиями», деген жолдары дәл осы Әбуге арналған секілді.

Семей мен Аягөзде жасақталған 458-ші (артынан 8-ші) атқыштар дивизиясынан 11 адам Кеңес Одағының Батыры атағын алған. Соның ішінде қазақтар арасынан батыр атанған жалғыз Әбу Досмұхамедов қана. Бірақ семейліктер өздерінде құрал­ған дивизияның қатарынан шыққан жал­ғыз қазақ батыры Әбудің есімін біле қоймайтын секілді. Өйткені, музейлерінде ол туралы дерек жоқ. Ал туған жері – Қызылжар өңірінде батырдың есімі қатты құрметтеледі. Ә.Досмұхамедовке Петропавлда көше аты, қазақ мектеп-гимназиясына есімі берілген. Ерлігін жас ұрпаққа үлгі етуде мектеп ұжымы көптеген шаралар да өткізіп тұрады. Ер есімі – ел есінде.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан».