Кешегі КСРО шекпенінен шыққан республикалардың ішінде “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы” заң алғаш болып біздің елімізде жарияланды. Содан бері коррупцияға қарсы күрес үнемі һәм үздіксіз жүргізіліп келеді. Нәтиже жоқ емес, бар. Бірақ... бірақ осы бір келеңсіз құбылысты біржолата құрту тіпті мүмкін емес сияқты. Осыдан біраз уақыт бұрын, жаңылыспасақ 2001 жылдың күзі болуы керек, Парламент үйінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы халықаралық конференция өткен болатын. Алқалы жиында сөз сөйлеген академик Салық Зиманов: “Коррупцияны түбегейлі жеңу мүмкін емес, оны басқару керек”, дегенге саятын ой айтқан болатын. Бүгінгі күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейгенімен, қоғам бұл дерттен құлан-таза айыға алмай отыр.
Журналистік зерттеу нәтижесінде жазылып отырған бұл мақаладан әлдеқандай астар іздеудің қажеті жоқ. Арыз “кейіпкерлері” коррупцияға белшесінен батып қалыпты деген пікір де қалыптаспауы керек. Біздің негізгі мақсатымыз арызды тексеру арқылы ондағы көрсетілген жайттерге назар аудару ғана болды.
“... Мен Бекетов Бақытжан Аманұлы, Шардара қаласы екінші шағын ауданы, №22/2 үйдің тұрғынымын. Жұмыс орным оқушылар үйінде үйірме жетекшісімін. (Еңбек жалақым 21 900 т. құрайды) оқу жылының басында 1 ставкамен қабылдандым. Айлығымды ешқашан толық алған емеспіз, ай сайын 5000 т. 11 000 т. ғана аламыз. (банкіден жеке куәлікпен аламыз) Оқушылар үйінің директоры Мошқалов Сұңқар мырза ай сайын тексеру келеді деп, 2000 т., 5000 т. жинап отырады. Күрделі жөндеу жұмысына мемлекет тарапынан бөлінген қаржы өз ретімен жұмсалмайды. Жөндеуден өтті деген аты ғана болмаса, есігін ашсаң, төбесі құлайды. Едені сықырлап өмірі ремонт көрмеген, ең, сорақысы оқушылар отыратын партаның жоқтығы. Тексеру келеді десе, әр мектептен парта, компьютер әкеліп, әлекке түседі. Әр нәрсенің шегі болады емес пе? Сондықтан аудандық білім беру басқармасының бас есепшісі Шойбек Шолпан, Ажар ханымдардан ведомсты көрсетуді талап еттім. (Оларда екі ведомост бар). Олар ешнәрседе көрсете алмаймыз, істейтініңді істей бер. Баратын білім министріңе бара бер, деп ауыр сөздермен балағаттап орындарынан тұрып кетіп қалды...” (Хаттан үзіндіні арыз иесінің грамматикасын өзгертпестен беріп отырмыз. Бұдан кейінгі көшірмелерде де грамматика дәл осылай сақталады. Ш.Ә.).
Шардара қаласына келгеннен іздегеніміз арыз иесі Бақытжан Бекетов болатын. Бірақ Алматыға емделуіне кетуіне байланысты онымен кездесудің сәті түспеді. Дегенмен хаты қолымызда. Арызда айтылған мәселелерге байланысты, журналистік зерттеуімізді жүргізе беруді жөн көрдік.
Сонау өткен ғасырдың орта шенінде клуб ретінде салынған, кейін тойхана қызметін атқарған ғимараттың оқушылар үйіне айналғанына аса көп уақыт болмаса керек. – Алғаш салынған кезден кешегі күнге дейін жөндеу көрмеген, әбден тозығы жеткен бұл ғимаратты өткен жылы ғана күрделі жөндеуден өткіздік, деді аудан әкімі Марайым Марғұлан мырза. Бұл жөндеуге хатта айтылғандай “мемлекет тарапынан” емес, 10 миллион теңге қаржыны осы аудан аумағында газ құбырын тартып жатқан үлкен компания берді. “Жөндеуден өтті деген аты ғана болмаса, есігін ашсаң төбесі құлайды. Едені сықырлап, өмірі ремонт көрмеген” деген сөзге де түсіне алмадым. Ең дұрысы, оқушылар үйін өзіңіз көргеніңіз абзал, – деді әкім мырза.
Көрер көзге әжептәуір тартымды болып көрінетін ғимараттың сырты сүйкімді-ақ екен. Бірақ директор Мошқалов Сұңқардың жетегімен іштегі бөлмелердің барлығын көріп шыққаннан кейін көңіліміздің қоңылтақсып қалғаны рас. Кабинет жабдықтары жұпыны екені көрініп тұр. Парталар ескі. Кейбір бөлмелердің едені сықырлайтыны да байқалады. Бұл ретте арыз иесі Бақытжанның сөзінің жаны бар екенін де байқадық. “Көрген көзде жазық жоқ” дей отырып, біз бұл орайда бөлінген қаржы жымқырылып қалынған немесе мақсатсыз жұмсалған деген ой айтудан аулақпыз. Оған баға беретін басқа құзырлы орындар бар. Оқушылар үйінің директоры Мошқалов арызда көрсетілгеніндей ай сайын 2000-5000 теңге жинап отыратыны туралы әңгімеден ат-тонын ала қашты. – Бұлай болуы мүмкін емес. Егер жалақыны өзім тарататын болған жағдайда мұндай жала жабылуы мүмкін. Бүгінгі күні барлық қызметкерлер өз жалақыларын есеп карточкалары арқылы банкіден алады емес пе?
Оқушылар үйінің директоры Мошқалов Сұңқар мен Бекетов Бақытжанның арасында жасалған нөмірі жоқ еңбек шарты бойынша “Автомодельдеу үйірме-жетекшісі ретінде Бақытжанға айына 15 524 теңге жалақы белгіленген. Неге-дүр Бекетов 2009 жылдың қыркүйек айында 19 660 теңге айлық алады. Ол өзінің арызына қоса тіркелген есеп карточкасының көшірмесінде осылай көрсетілген. Ал қазан айында 11 090 теңге алған. Оқушылар үйінің бас есепшісі Шойбек Шолпан: “Бекетов Бақытжан қыркүйек айында 15 524 теңге алудың орнына, 19 660 теңге алған. Қазан айындағы жалақысының 11 090 теңге болуы қыркүйек айында артық жазылған 4 136 теңгесі ұсталынып қалынғаннан”, дейді. Енді түсініп көріңіз, еңбек шарты бойынша төленуге тиіс жалақы алғашқы айда неге артық жазылады, соңғы айда неге ұсталып қалынады? Себебі бар ма? Егер себебі болса, осыны “ведомост сұрап келген” Бақытжанға көрсетіп, түсіндіріп жібергенде, бәлкім арыз да жазылмай, айғай да шықпаған болар ма еді?
“... Мен ешкімнің ақысын жемеймін, ешкімге ақымды жегізбеймін. Еңбекақымды тиынына дейін қайтарып беруіне яғни алуыма көмектеседі деп ойлаймын...” дейді Бақытжан Бекетов. Бірақ есепші Шойбек Шолпан оның жұмыс істеген кезіне жалақы толық төленгенін, ал ауруханада жатқан уақытына еңбекке жарамсыздығы туралы парағын өткізбегендіктен, еңбекақы төленбегенін айтады. Шардара аудандық емханасының бас дәрігері Ж.Сапаров бізге берген анықтамасында “Б.Бекетов 2009 жылдың қараша айының 12-сінен 22-сіне дейін, 2010 жылдың 1 ақпанынан 11 ақпанына дейін, 2010 жылдың 15 ақпанынан 24 ақпанына дейінгі аралықта ем қабылдады” деп көрсетеді. Ал біздің Шардараға келгенімізді естіп, телефон арқылы хабарласқан Бақытжан еңбекке жарамсыздығы туралы парақшаларды тапсырғанмын десе, бас есепші Шойбек Шолпан оның мұндай парақшаны тапсырмағанын айтып, ант-су ішті.
“... Содан кейін аудандық білім беру басқармасының бастығы Шынтаев Сырлан мырзаның алдына кірдім. Шынтаев мырза да уақытым жоқ баратыныңа бара бер, өздерің шешіп алыңдар деп кабинеттен шығып кетті. Шынтаевтың қызы да осы мекемеде бізбен бірге істейді. Бірақ, өмірі жұмысқа келгенін көрген емеспіз. Мен білетін бұл мекемеде 33-адам істейді, қағаз жүзінде 60-адам деп көрсетілген...” дейді арыз иесі.
– Үстіміздегі жылдың ақпан айының 4-ші жұлдызы күні еңбек демалысында жүрсемдағы бір шаруалармен жұмысқа келгенмін, – дейді аудандық білім бөлімінің бастығы Сырлыбек Шынтаев. – Әкімдіктің шақыруымен асығыс шығып бара жатқан мені бір жігіт тоқтатты. Ол – Бекетов Бақытжан екен. Мен оның айтқандарын тыңдадым да, мәселе жалақыға байланысты болған соң, есепші Шолпанды шақырып алып, бұл жігітпен сөйлесуін тапсырдым. Екеуміздің арамызда ешқандай дөрекі әңгіме болған жоқ. “Уақытым жоқ, баратын жеріңе бара бер”, деген сөзді айтқан емеспін. Ал, оқушылар үйінде жұмыс істейтін қызым туралы сол мекеменің басшысынан немесе басқа да қызметкерлерінен сұрағаныңыз жөн болар. Қызымның білімі немесе тәжірибесі туралы солардан естігеніңіз дұрыс сияқты...
Әлбетте арыз иесі мен білім бөлімінің бастығы арасындағы арызда көрсетілген әңгімеге нақты баға беру қиын. Себебі, кімнің кімге не айтқанын естіген немесе куә болған адам жоқ. Бұл ретте әркім өз сөзін жөн санары анық.
“... Жыл басында әдіскер Дүмбірбаева Бақтыгүл кабинетіне шақырып алып, айлығыңды толығымен алып отырасың, тағы да сағатыңды көбейтемін 10 000 теңге беруімді талап етті. Мен бермейтінімді айтып едім, сен әлі көресің деп сес көрсетті...”.
Дүмбірбаевамен кездесіп, арызда айтылған жайт туралы сұраудың сәті түспеді. Бірақ бір нәрсенің басы ашық, Бақтыгүл бұл айтылғандарды мойындамаған болар еді. Бәлкім екеуара осындай әңгіме болғаны ақиқат та шығар. Дегенмен, Бақытжанның осы айтылған сөзін дәлелдейтін куәсі қайсы, айғағы қане? Ал егер “тисе терекке, тимессе бұтаққа” дегендей құр байбалам салса, онда мұны жала деуге де болады. Ал жаланың зардабы қашан да ауыр.
Егер пенде ретінде қарайтын болсақ, Бақытжанның жанайқайын түсінуге болады. Оның арызындағы әрбір сөздің растығына сенгің келеді. Ол қоғамымызда орын алып отырған келеңсіз жайттардың аудан көлеміндегі нұсқасын әшкерелегісі келгенін түсінесің. Ашына отырып, арыз жазуы да осының кепілі. Ал журналист ретінде Бақытжанның жазғандарына көзқарасымыз басқаша. Өйткені, бұл мәселенің екінші жағы да бар ғой. Заңдық жағы. Айтылған әрбір сөзді айғақтайтын куә немесе құжат болу қажет. Әйтпесе біз жоғарыда айтқандай бәрі де жала деп есептелінеді.
Жақында газетте шағын мақала жарияланды. Мақала авторы “Ел арасында гулеген сөзге құлақ салсаңыз, балабақша, мектеп, арнаулы кәсіби және жоғары оқу орындарының басшылары, олардың жанында жүрген жандайшаптары әбден парақор болып алған” дейді. Бұл да ақиқатты айтып отырған шығар. Бірақ оның да өз сөзін растайтын айғағы не дәлелі жоқ. Ал аталмыш дерт тек білім жүйесін де ғана емес, қоғамның басқа салаларында да жетіп артылады. Ал оның дауасы қайсы?!.
Шарафаддин ӘМІР