Қыран қазасы қияда
Жұма, 20 шілде 2012 8:05
Жақында Хан Тәңірі шыңына шығуға аттанған экспедициядан қаралы хабар келіп жетті. Осы кезге дейін талай тауларға шығып, шыңдарды бағындырған альпинист Әділет Имамбеков қаза тапқан.
Қазір альпинистің бұл жағдайға қалай душар болғаны жөнінде ештеңе айта алмаймыз. Бір ғана белгілі нәрсе, ол қайтыс болған кезде 5 000 метр биіктіктегі шатырда болыпты. Одан басқа дерек жоқ. Ал Әділет Имамбеков кім еді? Интернеттен ол туралы көп нәрсеге қаныға алдық. Альпинист жігіт facebook пен басқа да әлеуметтік желілерде тіркеліп, өзінің ғаламтордағы достарымен жақсы байланыс ұстап тұрған екен.
Жұма, 20 шілде 2012 8:05
Жақында Хан Тәңірі шыңына шығуға аттанған экспедициядан қаралы хабар келіп жетті. Осы кезге дейін талай тауларға шығып, шыңдарды бағындырған альпинист Әділет Имамбеков қаза тапқан.
Қазір альпинистің бұл жағдайға қалай душар болғаны жөнінде ештеңе айта алмаймыз. Бір ғана белгілі нәрсе, ол қайтыс болған кезде 5 000 метр биіктіктегі шатырда болыпты. Одан басқа дерек жоқ. Ал Әділет Имамбеков кім еді? Интернеттен ол туралы көп нәрсеге қаныға алдық. Альпинист жігіт facebook пен басқа да әлеуметтік желілерде тіркеліп, өзінің ғаламтордағы достарымен жақсы байланыс ұстап тұрған екен. Мәселен, facebook әлеуметтік желісінің өзінде оның 379 досы болыпты. Солармен кезекті шыңды бағындыруға шыққанда хат жазысып, хабар алысып тұрғанын байқау қиын емес. Біз өзіміз Әділетпен жақын танысып-біліспесек те оның әлеуметтік желілердегі достарын альпинист жігіттің қандай адам болғанын, оның қай кезде соңғы рет хат жазысқанын білуге тырысып, әңгімеге тартқанымызда олардың бәрі Әділеттің атына заты сай ақкөңіл, ақжарқын жігіт болғанын айтты. Әділеттің интернеттегі қай суретін алсаңыз да соның бәрінде шат жүзімен адамды баурап өзіне тартып тұр. Оның, біздің альпинизмдегі жарық жұлдызымыздың қандай адам болғанын көруге болады. Қандасымыздың өмірбаянына қысқаша тоқталар болсақ, ол ару Алматыда туып, 1998 жылы осындағы физика-математика мектебін бітірген екен. Содан кейін АҚШ-тың Гарвард университетінің (Массачуссетс штаты, Кембридж қаласы) аспирантурасына түсіп, сонда Қазақстандағы жоғары оқу орындарында алған білімін жетілдіруге күш салыпты. Осы білім ордасында оның альпинизмге деген қызығушылығы оянып, университеттегі альпинизм клубының мүшесі болады. Сол кезден бастап Әділет ондағы аспиранттар және студенттермен бірге жер жүзінің көптеген тауларына шығуды мақсат етіп, сапарға шығады. Интернетте Гарвард университетінің альпклубы мүшелерінің өз кезінде Гренландия, Перу, Аляска, Эквадор, Мексика, Канада, АҚШ, Еуропа елдеріне саяхат жасап, сондағы тауларға шыққаны туралы көптеген деректерді кездестіруге болады. Біздің Әділет сол клубтың мүшелері салған жолмен жүріп өтуді алдына мақсат етіп қояды. Дегенмен, оның бәріне жету қиынның-қиыны екені белгілі. Сөйтіп, жерлесіміз солардың бәріне бармаса да Азияның, құс қанаты талатын тауларына шығып, шыңдарын бағындырады. Сондай сапарларының бірін 2005 жылы жасап, ол өзі оқитын оқу орнының оқытушылары, аспиранттары және студенттерімен бірге Қырғызстан мен Қытай шекарасындағы Борболда шыңына шыққан болатын. Одан кейін де Әділет Имамбеков отандастарымен және шетелдік әріптестерімен бірге көптеген биіктіктерді бағындырып, тәжірибе жинады.
Әлеуметтік желідегі Әділеттің достарынан осы сапарлары туралы сұрасаңыз: «Ол алдына қойған мақсатынан таймайтын, соған жету үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасайтын жігіт еді», дегенді айтады. Тағы біреуі: «Ол бізге тауға шығып, шыңдарды бағындыру үшін жаралғанмын дейтін. Тәжірибе жинай жүріп, мықты альпинист болды», дейді. Үшінші бір досы осы мағынада айтып келіп, Әділеттің тауға шықпаса үйде отыра алмайтын әдеті болғанын, оған тағдыр тағы да шыңдарға аттануға мүмкіндік берсе ол міндетті түрде жер жүзінің ең биік нүктесі саналатын Эвересті де бағындырар еді деген пікірін білдірді.
Әділет достары сөзінің жаны бар. Өйткені, қазірдің өзінде интернет парақтарын ақтарып көрсеңіз, оны көпшілік тағы бір қазақстандық альпинист Денис Урубконың болашақтағы ізбасары санайтынын айтқан. Дегенмен, кезінде атақты альпинист болған Қазбек Уәлиевтің, бертіндегі Мақсұт Жұмаевтың жолын жалғастырған біздің құйрықты жұлдыздай жарқ еткен бауырымыздың арамыздан ерте кеткені өкінішті. Әділеттің туған-туыстарының айтуынша, онымен қоштасу рәсімі бүгін немесе ертең Алматыда өзі тұрған «Таугүл» шағын ауданындағы үйде өтеді.
Суретте: Ә.Имамбеков.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».