«…Шекарадан бірінші болып өтті»
Жұма, 2 қараша 2012 7:19
Висла-Одер операциясында ерен ерлік көрсеткен қазақ батырының зираты 67 жылдан соң табылды
Ата өсиеті
Менің атам Мүтәжбек Қалдыбеков соғысқа 1942 жылы аттанып, өзінің жауынгерлік жолын әйгілі Панфилов дивизиясында бастаған майдангер еді. Ол соғыс даласында сапер, кейін саперлер взводының командирі болған. Майдандағы ерлігі үшін алған ордендері мен медальдары да бар еді. Соғыстан кейін туған жерінде әскери комиссар болып көп жыл қызмет атқарды. 1997 жылы қайтыс болды.
Жұма, 2 қараша 2012 7:19
Висла-Одер операциясында ерен ерлік көрсеткен қазақ батырының зираты 67 жылдан соң табылды
Ата өсиеті
Менің атам Мүтәжбек Қалдыбеков соғысқа 1942 жылы аттанып, өзінің жауынгерлік жолын әйгілі Панфилов дивизиясында бастаған майдангер еді. Ол соғыс даласында сапер, кейін саперлер взводының командирі болған. Майдандағы ерлігі үшін алған ордендері мен медальдары да бар еді. Соғыстан кейін туған жерінде әскери комиссар болып көп жыл қызмет атқарды. 1997 жылы қайтыс болды.
Мен атамның соғыс жылдарындағы шежірелі жолын ғана емес, оның бейбіт кезеңдегі бір азаматтық ерлігін әрдайым мақтан тұтып жүремін… Ол 1970 жылы өзінің жақын ағайыны әрі досы, Кеңес Одағының Батыры Жолдыбай Нұрлыбаевтың мүлде дерексіз кеткен отбасын, жұбайы мен ұлын тауып алады. Жолдыбай екеуі мектепте бірге оқыған, бір партада отырған. Майданға да қатар аттанған. Өкінішке қарай, олардың жолы майдан даласында екі айырылып кетеді.
Ж.Нұрлыбаев 1945 жылы майданда ерлікпен қаза тапқаннан кейінгі 25 жыл бойы ол туралы туған жеріне ешбір дерек жетпейді. Хабарсыз кеткендердің есебінде болады. Бәрі де ойда жоқта… 1970 жыл. Мүтәжбек атам бір күні генерал Ф.Е.Боковтың майдандық мемуарын оқи отырып, өз көзіне өзі сенбегендей күйде өзіне әрі таныс, әрі ыстық есімге қайта-қайта үңіледі. Сол! Өзінің Жолдыбайы! Кітап авторы Ж.Нұрлыбаевтың ерліктері туралы баяндапты.
Осыдан соң-ақ атам Жолдыбай бауырының деректерін іздестіруге бел шешіп кіріседі. Өзінің аудандық әскери комиссар дәрежесіндегі қызметі де көп септігін тигізеді бұған. Сөйтіп, көп ұзамай ол Ж.Нұрлыбаевтың майдандық жолының көп жәйттеріне қанығады. Оның капитан шенінде болғанын, танкіге қарсы соғысатын артиллериялық полктың батарея командирі екенін анықтайды. Ең бастысы, Жолдыбайдың майданда жүріп радист қыз Екатерина Прудниковаға үйленгенін және одан 1944 жылы ұлды болғанын біледі. Екатерина болса күйеуінің майданда қаза тапқанын білгенмен, жұбайының туған-туыстарының мекен-жайларын білмегендіктен, хабарлауға мүмкіндігі болмаған. Ер мен елдің арасы осылайша үзіліп қала берген…
Ұзақ ізденістің нәтижесінде Мүтәжбек атам бауырының жары мен ұлын табады. Батырдың ұлы Георгий ол кезде 25 жастағы жігіт еді. Бауырының жесірі мен ұлын атам Қазақстанға шақырады. Жолдыбай батырдың ұрпағы Георгийдің ата-баба жерінде, Қазақстанда тұрақтауына мұрындық болады. Әкесі туған топыраққа орныққан Георгий Жолдыбайұлы, менің сүйікті Жора ағатайым сол кезден бастап біздің отбасымыздың бір мүшесіне айналған-ды.
Өкініштісі сол – атам өзінің ойындағы басты бір арманын орындай алмай кетті. Ол бауырының жатқан жерін, зиратын табу туралы арман еді. Осындай сәттілік, батыр зиратын табу бақыты арада тағы да 42 жыл өткенде менің еншіме бұйырыпты. Ата өсиетін орындау жолындағы ұзақ ізденістің бір сәтінде мен батыр атам Жолдыбай Нұрлыбаевтың қиырдағы Польша жерінің Пила қаласы маңындағы майдандастар зиратына жерленгенін білдім.
Соғыс аяқталғаннан кейін 67 жыл өткенде халқымыздың қаһарман ұлдарының бірі, Кеңес Одағының Батыры Жолдыбай Нұрлыбаевтың зираты осылайша табылды. Ендігі жерде біз, оның ұрпақтары батыр зиратына барып тағзым етуге, құран бағыштап, туған жерінің топырағын батыр қабіріне апаруға, ер есіміне лайық құрмет көрсетуге, ең бастысы, Мүтәжбек атамыздың өсиетін орындауға мүмкіндік алып отырмыз.
Өмірге құштар азамат
Ізденіс барысында мен Ж.Нұрлыбаевтың өмір деректеріне қатысты барлық құжаттарды парақтап шықтым. Батырдың ұлы Георгий – менің Жора ағатайым әкесі туралы мәліметтерді мұқият жинап жүр екен. Оның арасында ресми қағаздар, газет қиындылары мен фотосуреттер, хаттар тәрізді мол материал бар. Солардың барлығын шолып қарап шыққаннан кейін ой қорыта отырып, менің көз алдыма айналасына өршіл де аңғал көңілмен көз тігіп, арман жетегінде ғұмыр кешкен, сүйіктісін тауып, шынайы махаббатпен оның кеудесіне де шырақ жаға білген, ертеңгі бақытты да бейбіт тірлікті аңсаған тамаша азамат, адал дос, шынайы патриот, Отанын жаудан қорғап, Жеңісті жақындата түскен жігерлі де қаһарман жігіттің образы келе қалғандай болды.
Осынау орта бойлы қараторы қазақ жігітіне майдандық радионың құлағында ойнаған ару қыз Катюшаның ғашық болуы, ғашық болып қана қоймай, майдан даласында, оқ пен оттың ортасында жүріп тұрмысқа шығуы адам таңданарлықтай жәйт десек, қателеспеспіз. Тіпті екеуінің шағын үйлену тойы да майдан жертөлесінде өткенін кейінірек Екатерина Артемовнаның өзі де сан рет есіне алып айтып отыратын.
Жолдыбай мен Катюшаның, сұрапыл соғыс даласындағы екі жүректің шынайы махаббатына таңданбау мүмкін емес еді. «Ұшып барайын десем қанатым жоқ, – деп жазады Жора Катяға. – Қымбаттым, арадағы осы бір алшақтықтың соншалықты жанымды қинайтынын білсең, шіркін! Бірақ, амал не, біздің де жанымыз жадырайтын күн туар әлі. Қол жетпесім менің! Шынымды айтсам, екеуміздің көп ұзамай қауышатынымызға деген сенімім мол. Мен саған Жеңіспен ораламын және одан әрі де екеуміз жұбымыз жазылмастан өмір сүретін боламыз». Хатын «Майдандық сәлеммен! Сүйдім өзіңді! Өзіңнің Жоригің» деген сөздермен аяқтайды.
Сол кезде 22 жастағы жас Жора қалыңдығының анасына былай деп хат жазады: «Сәлеметсіз бе, маматай! Өміріміз жаман емес. Немістер иегіміздің астында, 300 метр жерде отыр… Неміс басқыншыларымен соғысып жүріп, күтпеген жерден мен Катя есімді қызды жолықтырдым. Ол сіздің қызыңыз болып шықты. Сіздің осындай аруды тәрбиелеп өсіргеніңізге және оның маған шынайы дос болғанына шексіз алғысымды білдіремін…». От шарпып, ажал аңыраған, қан судай төгілген сұрапыл соғыс ортасында отырып жазылған осынау жолдарда адамға деген қанша жылылық, мейірім мен нәзік сезім шуағы тұнып жатыр десеңізші. Дала поштасының мөртаңбасымен бекітілген осынау үшбұрышты жауынгер хаттарында Жора соғыстағы қаһармандықтың бейнесі емес, өмірге шексіз ғашық, бейбіт өмірге, болашақ бақытты өмірге шын сенген әзиз жүректі жан тәрізді.
Батырдың майдан жолы
Жолдыбайдың майдан жолы Сталинградтан басталады. Ол мұнда соғысқа 1942 жылдың қыркүйек айында, қайнаған қырғын кезінде кіреді. Ол үш жылға жуық майданның ең қауіпті алдыңғы шебінде болады. Себебі, ол қызмет ететін танкіге қарсы артиллериялық батареялар жаяу әскердің жолын ашып отыруға тиіс еді. Сол себепті де танк шабуылының қаупі қай тұсқа төнсе, артиллерия сол шептен табылатын. Нағыз ажалға бел буғандар тәрізді еді олар. Осы тұстағы ерлігі мен батырлығы үшін Жолдыбай Нұрлыбаев «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен және «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапатталады. 1945 жылдың 15 қаңтары күні ол «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынылады. Алайда есіл ер ол марапатты көре алмайды. Осы ұсыныстан кейін шамамен екі аптадай өткенде, Жеңіске үш-ақ ай қалғанда, яғни 1945 жылдың 30 қаңтарында Ж.Нұрлыбаев ерлікпен қаза табады. Соңғы шайқастағы қаһармандығы үшін марқұм Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылады.
Міне, менің қолымда «ерліктің қысқаша мазмұны» баяндалған марапатқа ұсыну қағазының сарғайған көшірмесі отыр. Ол Жолдыбай Нұрлыбаев ерлікпен қаза тапқаннан кейін алты күн өткенде, 1945 жылдың 5 ақпанында толтырылыпты. Батырдың бұл ерлігі генерал Ф.Е.Боковтың мемуарында да баяндалады. Марапат қағазын оқи отырып, небәрі 22-ақ жастағы жігіттің бойындағы шексіз ерлік пен қаһармандыққа бас шайқайсың.
Майдан құжаттарын мұқият оқи отырып, атамыз Ж.Нұрлыбаевтың Германия шекарасын алғашқылардың бірі болып аттағанын білген кезімде, таңғалғанымды сұрамаңыз. Бұл деректің растығын: «Полковник Х.Ф.Есипенко авангардқа 1006-шы атқыштар полкының 1-ші батальонын, 266-шы атқыштар дивизиясының 360-шы артиллерия дивизионын, капитан Жолдыбай Нұрлыбаевтың басқаруындағы танкіге қарсы 507-ші әскери полктың 1-ші батареясын және саперлар взводын бөлді… Фашистерді өз жерінде талқандауды біз қанша уақыт армандадық! Сонымен, біз Германияға кірдік…», деп жазған генерал Ф.Е.Боковтың мемуар-естелігінен таптым (Ф.Е.Боков. «Весна победы». М. Воениздат, 1985 ж., 68-бет).
Бұл соғыстың тарихындағы аса бір әйгілі кезең Висла-Одер операциясы еді. Өзінің естелігінде подполковник В.А.Дмитриев былай дейді: «…Германия шекарасына келген тұста капитан Нұрлыбаевтың батареясы сан жағынан өздерінен әлдеқайда басым дұшпан әскерін талқандай отырып, шекарадан бірінші болып өтті. Әрі қарай жылжи отырып, бірнеше елді мекенді басып алды. Капитан Нұрлыбаевтың батареясы Лукац Крейц қаласы үшін болған ұрыста қалаға бірінші болып кіріп, қарсыласының миномет батареясын тас-талқан етті, қоян-қолтық айқаста жаудың 50 солдатының көзін жойды. Осы ұрыста капитан Нұрлыбаев ерлікпен қаза тапты. Оның ұрыста көрсеткен қаһармандығы мен ерлігі ең жоғары марапат – Кеңес Одағының Батыры атағына лайық».
Қайсарлықтың қуат-күші, ерліктің құдіреті
Туған жерінен жырақта, батыстағы Польша жерінде менің атам, Кеңес Одағының Батыры Жолдыбай Нұрлыбаев мәңгілік қонысын тапқан. Осынау жанның тағдырында қаншама жан ауыртар тұстар бар десеңізші. Ол майданда 1945 жылы көз жұмды. Бірақ туған елі оның қаһармандыққа толы тағдыры туралы арада 25 жыл өткенде ғана білді. Ал 67 жылдан соң батырдың зираты табылды!
Жолдыбай қарапайым ауыл баласы болып өсті. Жүрегі қайсарлық пен мейірімге толы болды. Мұндай жігіттер бүгінде де біздің қатарымызда аз емес. Араға ондаған жылдар салып Ж.Нұрлыбаев ортамызға қайта оралды, әрқайсымыз өз бойымызда ой тазалығы мен жан жомарттығын сақтай білуге тиіс екенімізді тағы да ескерту үшін оралған болар. Сонда ғана біздің жандүниеміз күйбең тірліктің деңгейінен әлдеқайда жоғарыдан табылмақ. Ал бұл – қайсарлықтың қуат-күші, ерліктің құдіреті!
Айгүл ТӨЛЕМБАЕВA,
экономика ғылымдарының докторы,
профессор.
АЛМАТЫ.