Ізашар
Сәрсенбі, 21 қараша 2012 7:12
Қазаққа Әбунасыр әл-Фарабиді ашқан ғұлама ғалым Ақжан Машани ұлт даналығының керегесін 10 ғасырға кеңейткен болатын
Осы жылдың 23 қарашасында Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде ғұлама ғалым Ақжан Машанидің 105 жылдығына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізілгелі жатыр. Абыз академиктің ұлт өркениетін өрге сүйреудегі айтулы еңбегі, әсіресе, әлемге мәшһүр әл-Фараби бабамыздың есімімен байланысты екендігі белгілі.
Сәрсенбі, 21 қараша 2012 7:12
Қазаққа Әбунасыр әл-Фарабиді ашқан ғұлама ғалым Ақжан Машани ұлт даналығының керегесін 10 ғасырға кеңейткен болатын
Осы жылдың 23 қарашасында Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде ғұлама ғалым Ақжан Машанидің 105 жылдығына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізілгелі жатыр. Абыз академиктің ұлт өркениетін өрге сүйреудегі айтулы еңбегі, әсіресе, әлемге мәшһүр әл-Фараби бабамыздың есімімен байланысты екендігі белгілі. Осыған орай біз өзі де 75 деген мерейлі жасқа келген машанитанушы ғалым, ғылымға еңбегі сіңген қайраткер, «Әл-Машани» халықаралық қоғамдық қорының президенті, педагогика ғылымдарының докторы, техника ғылымдарының кандидаты, көрнекті қаламгер, профессор Шәмшиден Әбдіраманға жолығып әңгімелескен едік.
– 2007 жылы ұлтымыздың біртуар ұлы, ғұлама Ақжан Машанидің 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы күнтізбесіне енгізілуіне байланысты халықаралық деңгейде өткізілді, – деп бастады әңгімесін Шәмшиден Әбдіраманұлы. – Осыған орай сол кезде Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-да өткен халықаралық конференция тақырыбы «Шығыс ғұламаларының ғылыми-техникалық, руханияттық құндылықтары және Ақжан Машани» деп аталған-ды.
Басқасын айтпағанда, сол конференцияға ЮНЕСКО-ның өкілі бар 13 алыс шетел ғалымдары қатысқан еді. Осынау халықаралық форумның ҚазҰТУ-да бас қосуының басты себепкері өткен ғасырдың ортасында ұлы бабамыз Әбунасыр әл-Фарабидің қазақ тумасы екендігін алғаш дәлелдеп, ұрпағымен қауыштырған университеттің тұңғыш түлегінің бірі, Жер ғылымының жаңа саласы – геомеханиканың іргетасын ХХ ғасырдың 40-шы жылдары қалаған геология саласының жас маманы Ақжан Жақсыбекұлы Машани болатын. Тек бұл ғана емес, А.Машани сол кезде өзі бітірген осы университетте алдынан мыңдаған инженерлер түлеткен ұлағатты ұстаз да еді. 1997 жылы 91 жасқа қарағанда фәниден өткен ғұлама бүкіл саналы ғұмырын өзі бітірген білім ордасында кәсіби мамандар даярлай жүріп, әл-Фараби бабасының мұраларын 40 жылдай үзіліссіз зерделеуден жазбаған-ды.
– Қазір Фараби бабамыздың мұрасын пайымдай зерттеп жүргенғалымдар, құдайға шүкір, баршылық. Олар да фарабитанушы санатындақұрметтеледі. Бірақ фарабитанудағы Машанидың орны бәрібір бөлек,оқшау тұрады. Осының себебі неде?
– Орта ғасыр ғұламалары ғылымның бір ғана саласымен айналысып қоймаған. Дәлірек айтсақ, әл-Фараби де, одан бұрынғы ғұламалар да бүгінде сала-сала болып өз алдына отау тігіп кеткен ғылымдарды бір-бірімен сабақтастыра, тұтас қарастырып отырған. Оған мысал келтірсек, әл-Хорезми, әл-Фараби, әл-Бируни, ибн Сина, ат-Туси, Ұлықбек сияқты Тұран ойшылдарының энциклопедиялық ұлан-ғайыр білімнің заңғары атануы осыдан. Демек, бүгінгі қазақ ғалымдарының арасында ұлы бабасының философиясы мен логикалық, математикалық, физикалық, астрономиялық және музыкалық трактаттарын ғылымның әрбір саласына қарай бейімдей зерделеу барысында фарабитанушы атануы табиғи құбылыс…
Ал Ақжан Машани ғаламаты сонда, ол кісінің өзінде ұлы бабасының болмыстық табиғатын елестететіндей энциклопедиялық кенен білім болды. Ақаңды фарабитанудың абызы атандырған басты себеп осы деп білемін.
– Олай болса, Ақжан хазіреттің әл-Фараби бабаға бару жолынан аз-кемхабардар етіп, әңгімелеп берсеңіз?
– Кешегі екінші дүниежүзілік соғыс өрті Батыс Еуропадан басталып, шығысқа қарай өршіген жоқ па. Сол кезде КСРО-ның еуропалық бөлігіндегі Ленинград, Киев, Мәскеу сияқты ірі қалаларындағы ғалымдар Кіндік Азияға қоныс аударды. Бір тобы Қазақстанға келіп, Қаныш Сәтбаевтың маңына топталды. Олардың арасында Батыс Еуропа ғалымдары да бар-тын.
Қазақстанда Ғылым академиясын ұйымдастыруды жоспарлап жүрген Қаныш Сәтбаев өз маңына топтасқан атышулы ғалымдармен ғылыми кеңестерді жиі ұйымдастыратын. Осындай кеңестің бірінде Чехословакиядан келген Кольман деген математика тарихының білгірі баяндама жасайды. Баяндаманың негізгі мазмұны Орта Азия мен Қазақстан ғалымдарының орта ғасырлардағы ғылымға қосқан үлесі туралы еді. 1943 жылдың бас кезінде болған осы кеңеске Алтайдағы кеніштің біріндегі іссапарынан оралған Ақжан Машани да қатысады.
Шығыс мәдениетіне құлағы түрік жас маман А.Машани Кіндік Азиядан шыққан ғалымдардың әлемдік ғылымға қосқан үлесін жан-жақты талдаған шешенді зор ынтамен тыңдай отырып, әл-Хорезми, әл-Фараби, әл-Жаухари, әл-Бируни, ибн-Сина, Абул-Вафми, әл-Ферғани, Омар Хайям, ат-Туси, Ұлықбек, әл-Хазни тәрізді Тұран ғұламаларының есімдерін көкейіне ерекше мақтанышпен ұялатады. Еуропа елінің ғылыми өрлеуіне шарапаты молынан әсер еткен осы адамдар екендігі де құлағына соншалықты жағымды естіледі. Осылардың арасында Ақжанға тек әл-Фараби есімінен басқалары таныс болатын… Әл-Фараби кім сонда… қай елдің тумасы?
Міне, Ақжан Машани ағамыз саналы ғалымдық, қайраткерлік һәм азаматтық ғұмырының қырық жылдай уақытын осы сұрақтың жауабын іздеуге, іздеп қана қоймай, соны жеріне жеткізе ізерлеуге арнады. Сол қажырлы, қайтпас ізерлеу арқылы ол әлем әлеуметіне 10 ғасыр бойы Шығыстың Аристотелі, Екінші ұстаз намымен мәшһүр болып келген ғұламаның Фараб-Отырар жерінде кіндік қаны тамған қыпшақ-қазақ перзенті екендігін дәлелдеп, әл-Фарабидің бүгінгі сан-салалы ғылымдардың бастауында тұрған ұлы ойшыл екендігін айғақтай келіп, фарабитанудың абызы атанған болатын.
Әрине, соғыс уақытының қысылтаяңы Ақаңа әл-Фарабидің кім екендігін бірден анықтауға мұрша бермеген. Қазақстандағы анықтама әдебиеттерде ондай есім кездеспейді. Тұран ойшылдарына ие болудан алдына жан салмайтын өзбек ағайындар да әл-Фараби жайынан хабарсыз болды. Оқта-текте Мәскеу, Ленинградқа барып жүріп алғашында «әл-Фараби араб ғалымы» деген ақпаратқа жолыққанда тоқталып қалмай, ізденісін талмай да мойымай жалғастыра береді. Содан не керек, зерттеушінің қолына әл-Фарабидің туған жылы 870 жыл, өлген жылы ресми түрде 950 жыл деген мәлімет түседі. Ерте замандағы дәстүр бойынша кісі есімімен бірге тегі ретінде тіркелетін туған жер атауы – Фараб қаласы сол кезде екі елде болды. Бірі Әмудария бойында, тәжік жерінде. Сол үрдіс бойынша ұзақ жылдар бойы әл-Фараби ирандық нәсілден деген жаңсақ пікір қалыптасады. Тағы бір деректерге жүгінсек, ұлы бабамызды осыған қарап өздеріне икемдеген ирандықтар парсы тілінде әл-Фарабиге арналған 4 бірдей энциклопедия шығарған көрінеді. «Жақсыда жаттық жоқ» деген осы-ау десек те, қазір Шығыс Аристотелінің отаны Иран деген қате пікірді қолдаушылар жоқ.
Шын мәнінде әл-Фарабидің туған жері Сырдария бойындағы Фараб (Отырар) екенін дәлелдеп жазып, картаға түсірген атақты ғалым-географ ибн-Хаукал болатын. Ол өзінің «Китаб Масалик уа мамалик» аталатын географиялық еңбегінде Түркістан аймағын сипаттап, картаға түсіреді. «Бұл жер атақты ғұлама дәрежесіне жеткен философ әл-Фарабидің туған жері» деп жазды. ибн-Хаукал жасы кіші болғанымен, бәрібір әл-Фарабиге замандас саналады. Олар Дамаскінің әмірі Сайф-ад-Дауланың сарайында бір-бірімен мәжілістес болып жиі кездесіп тұрған.
Міне, жігерін жанып, қайрат берген осы кітап қолына түскен соң А.Машанидей марғасқа ғалым әл-Фарабидің бүгінгі қазақ ұрпағының бабасы екенін дәлелдеуге білек сыбана кірісіп еді.
– Сонда әлем таныған әл-Фараби есімі, өзінің атажұртында, тарихиОтанында бұған дейін мүлде беймағлұм болып келген бе?
– Олай деп үзілді-кесілді айтуға болмас. Мысалы, Қазақ хандығының бастауында тұрған әз-Жәнібек кезінде шипагерлігімен танылған Өтейбойдық Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баяны» («Жалын», 1996) кітабында оның Әбунасыр әл-Фараби шығармаларымен біршама таныстығы байқалады.
Ал Мағжан Жұмабаевтың «Түркістан» поэмасындағы:
«Түріктің кім білмейді музыкасын,
Фараби тоғыз шекті домбырасын» – деген жолдар кейінгі заманда да қазақ қауымына ұлы баба есімінің таныс болғандығына тамаша дәлел. Бірақ қасаң коммунистік идеология, әсіресе, біздей бодан ұлтқа басқа жаққа көп мойын бұрғыза бермесе керек. Тіптен 1960 жылдары мынау сендердің ұлы бабаларың деп дәлелді дәйек айтқан А.Машаниға ғалымдар арасынан: «Әй, Ақжан, сен дәл ғылымның өкілісің, мына сәлде киген молдаң кім өзі?» деп келемеждегендерді көзім көрді. Бір қызығы, мәселенің беті айқындалған соң солардың дені фарабитанушы болып шыға келді.
– Әл-Фараби бабаны атажұртына қайтару орайында А.Машани қандайқиындық-кедергілерге кездесті?
– 1968 жылы Шахмардан Есеновтің қолдауымен әл-Фараби мұраларын зерттеу жөнінде арнайы бөлім құрылғанға шейін бабаның есімі Қазақстанның Ғылым академиясында үш рет аталды. Бірі Кольманның аузынан шықты. Екіншісі – А.Машанидің өз қолына түсірген әл-Фараби мұраларын дәлел етіп 1960 жылы Қ.Сәтбаевқа жазған хаты (Қаныштың қазасына байланысты іс тоқтап қалды) және үшіншісі – А.Машанидің 1961 жылы «Академия хабаршысының» №5 санында шыққан «әл-Фараби мұралары туралы» деген мақаласы. Ал 1962 жылы «Білім және еңбек» журналының №1 санында ғылым үйрену үшін не қажеттігі туралы 9 трактаты жарияланған әл-Фараби бабамыз тұңғыш рет қазақша, туған халқының тілінде сөйледі. Ол трактаттарға алғысөз бен арнайы мақаланы А.Машани жазған еді. Бірақ сол кездегі коммунистік партия басшылары оны елемейтіндей сыңай танытқан-ды. Тіптен ЮНЕСКО шешіміне орай КСРО үкіметі әл-Фарабидің 1100 жылдық мерейтойы аясында 1975 жылдың 5-10 қыркүйегінде әуелі Мәскеуде басталған конференцияны Алматыда жалғастыруға мәжбүр бола тұрып, сол жиында қабылданған шешімдердің бірде-бірін орындамай, баба мұрасын қитұрқылықпен Өзбекстанға қарай ысыру саясатын ұстанған-ды.
Осынау мәртебелі халықаралық конференция қарсаңында А.Машанидің 1973 жылы жазылған «әл-Фараби және бүгінгі ғылым» атты пайымдық іргелі монографиясы да шығарылмады. Оған зерттеуде әл-Фарабидің құдайға сенетіндігі айтылған деген айып тағылды. Ұлы бабамыздың ғылыми өмірбаяны іспеттес осы зерттеу араға 30 жыл салып барып баспа жүзін көрді. Бұл кезде Қазақстанның тәуелсіздік алғанына он үш жылдан асып еді. Бұл да «Бұрынғы жабайы қазақ мәдениеті Қазан төңкерісінен кейін дамыды» делінетін астамшыл идеологияның ықпалынан әлі де құтыла алмай келе жатқандығымыздан емес пе екен деген дүдәмал ой келеді. Әйтпесе, әл-Фарабиді әзелден-ақ «Шығыстың Аристотелі» деп атаған мәдениетті елдердің сөзін бұрмалап, «Екінші Аристотель» деуге бейім тұратындығымыз да ұнамды жағдай емес, санамыздан кетіп болмаған баяғы құлдық психологияның салқыны болса керек.
– Ғафу етіңіз, ал енді әл-Фараби бабамызды «Мұғалім ас-сани» – «Екіншіұстаз» деп те жатамыз ғой. Осының мәнісі қалай?
– Кезінде Аристотель, Платон және Птоломей мұраларында болмаған жайларды артығымен жетілдіріп, араб тіліне жаңалық дәрежесіне жеткізе аударған ұлы бабамызды алғашында «Ұлы түсіндіруші» (Великой комментатор) дей келіп, Шығыстың Аристотелі атауы өз алдына. Ал араб елдерінде «әл-мұғалім әл-сани» – екінші ұстаз деуі әл-Фарабидің жаңа заманда Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардан кейінгі ғалым-ұстаз деген мағынада айтылуын А.Машани мұраларынан жиі ұшыратуға болады. Мен осы пікірді 2010 жылы ЮНЕСКО-ның Париждегі пәтер үйінде өткізілген кезекті 25-ші конференциясы кезінде Қазақстан елшілігі ұйымдастырған «әл-Фараби және Еуропаның өркендеуі» дөңгелек үстеліне арнайы барған жолы жасаған «әл-Фараби – жаңа дәуірдің бас ұстазы» атты баяндамамда айттым да. Шынтуайтына келсек, Орта ғасырда әл-Фарабидің түсіндірмесінсіз Аристотельді ұғатын Еуропа ғалымы болмаған еді.
Осыған байланыстыра айтсам, өз кезегінде Ақжан хазіреттің байыпты зерттеулерінсіз бүгінгі ұрпақтың әл-Фараби мұрасына етене бойлап бара алмайтындығына көзім жетті. Яғни 2005-2011 жылдар арасында Ақжан Машани мұраларын жинақтап, 16 томдық шығармаларын баспаға даярлау барысында осындай пікірге келдім. Тұжырымдай қайырсам, Ақжан Машани фарабитанудың кілтін беріп қана қойған жоқ, қазақ даналығының керегесін 10 ғасырға кеңейткен әрі абайтанудың ренессанстық бағытын айқындаған «әл-Фараби және Абай» зерттеуін (1994) кейінгі ұрпаққа өлмес мұра етіп қалдырды.
– Абыз ғалым А.Машанидің 105 жылдығына арналған республикалықғылыми-практикалық конференция «Фарабитанушы Ақжан Машанимұралары және студенттерде интеллектік құндылықтар қалыптастырумәселелері» деп аталған екен. Олай болса, осының өзі ЕлбасыНұрсұлтан Назарбаевтың «Интеллектуалды ұлт-2020» жобасын іскеасыру орайындағы, тәуелсіз еліміздің адам капиталын мәйектендірудегіфарабитанудың мән-маңызы зор екендігін білдірмей ме?
– Осы сұрағыңызға кеңірек жауап берейін. Дамыған елдердің ұлттық байлығы экономикалық әлеуетімен ғана өлшенбейтінін, соған қоса халқының биік интеллектуалдық деңгейімен дараланатынын ескерсек, бұл – аса көкейкесті мәселе.
Бақуатты елде ұлттық байлықтың 75 пайызын интеллект құрауы керек. Демек, бұл менің ұғымымда Тұңғыш Президентіміздің 2008 жылы «Болашақ» бағдарламасымен білім алып жатқан жастармен кездесу кезінде алғаш айтылған «Интеллектуалды ұлт-2020» жобасының, енді жастармен қанаттастыра бүкіл халықты қамтитын Қазақстанның Әлеуметтік жаңғыртылуына апаратын Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құрудың нысандық негізін айқындайтын бағыт. Елбасының айтқанындай, «бүкіл жаңғырту үдерісінің табысқа апаратын түйінді факторы ұлттық білім беру жүйесін жаңартуға» тірелуі тегін емес. Осы ретте жастарға отаншылдық тәрбие беретін инновациялық курстардың жоқтығына, жеке тұлғаның әлеуметтенуінің әдістемесінде «Акмеология» тәрізді пәндердің өте сирек қолданылатындығына, жас өрендердің «рухани-парасаттық тәрбиесінің күн тәртібіндегі өткір тұрған мәселе» екендігіне ерекше көңіл бөлінуі де өте орынды. Демек, Президентіміз айтқандай, «бүгінгі әбден ескірген әдістемеге негізделген оқу-тәрбие үдерістері» қандай бағытта дамытылуы керектігін Қаныш Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ ұжымы кеңінен ойласып, ортаға салғаны жөн-ақ.
Кезінде «Көшпенділер» романының авторымен болған кездесулер және профессор Ақжан Машанидің фарабитанудағы зерттеулері болашақ инженерлер бойында ерекше қызығушылық туғызатынын көрдік. Кейін университетте А.Ж.Машани атындағы Танымдық-тәрбие орталығы құрылды. 2005-2011 жылдары осы орталықта әзірленіп шығарылған А.Машанидің қазақ фарабитануының шыңы іспеттес 16 томдық шығармалары «Акмеология» пәнінің негізіне айналған-ды. Тұран ойшылдары мен Қазақстан ғалымдарының ғылыми-техникалық және руханияттық мұраларын танымдық-тәрбие ісіне қолданудың мүмкіншілігі осылайша зерделенді.
Бұл игілікті іс Елбасының «Интеллектуалды ұлт-2020» жобасын жүзеге асыру ауқымында атқарылатын практикалық қам-қарекеттерге мұрындық болды. Шын мәнінде, дәлдік ғылымдардың бастауында тұрған: әл-Хорезми, әл-Фараби, әл-Бируни, ибн Сина, ат-Туси, Ұлықбек сынды Тұран ойшылдары қағидаттарының жалпы инженерлік пәндердегі мәнін ашу болашақ техникалық кәсіби мамандардың бойында ерекше мақтаныш тудырып, отаншылдық жауапкершілігін арттырары күмәнсіз. Себебі, бүгінгі ұрпаққа сондай ұлы ойшылдардың ұрпағы екендігін сезіндіру және кәсіби біліктілікті қалыптастыруда тәрбие компоненттерін енгізу әрбір маманның отаншылдық жауапкершілігін арттыруға негіз болатындығын біз іс жүзінде дәлелдедік дей аламыз.
Игі талпыныстар «Акмеология» сияқты пәндердің жеке тұлғаны әлеуметтендірудегі әдістемесін жасауға мүмкіндік беруде. Нәтижесінде, А.Ж.Машани орталығында атқарылған танымдық-тәрбиелік жұмыстар қорытындыланып, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Интеллектуалды ұлт-2020» жобасының қолданыс аясына арналған «Интеллектік ғибрат» оқу-тәрбие іс-шараларының кешендік бағдарламасы өмірге жолдама алды. Бұл өз кезегінде техникалық оқу орындарында, кәсіби білім беру үдерісінде оқу-тәрбие ісін жүйелі танымдық негізге көшіру орайында қолданылған алғашқы қадам болып отыр. Осыған орайластыра ҚазҰТУ-да жасалған «Интеллектуалдық ғибрат» кешені кәсіби-техникалық білімге патриоттық тәрбиені сабақтастырумен ғана шектелмейтіндігін, яғни мұның әдістемелік методологиясын білім берудің барлық саласында, тіптен мектепке дейінгі бүлдіршіндер тәрбиесінде де қолдану мүмкіндігінің мол екендігін айтуды өзімнің азаматтық парызым санаймын.
Ұлы ұстаз әл-Фараби мұралары, сол мұраны туған халқының игілігіне айналдыру жолында шешуші қайрат-жігер жұмсаған Ақжан Машани еңбегі бүгінгі тәуелсіз елінің қызметінде екендігі осы жайдан-ақ аңғарылса керек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы.