Жетпіс жылдан кейін үйін тапқан сурет
Сәрсенбі, 5 желтоқсан 2012 6:55
Былтыр Литва президенті Даля Грибаускайте ханым елімізге келген сапарында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа Ұлы Отан соғысы кезіндегі қазақ жауынгері Қабиболла Сәленовтің құжаттары көшірмелерін өз қолымен табыстады.
Сәрсенбі, 5 желтоқсан 2012 6:55
Былтыр Литва президенті Даля Грибаускайте ханым елімізге келген сапарында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа Ұлы Отан соғысы кезіндегі қазақ жауынгері Қабиболла Сәленовтің құжаттары көшірмелерін өз қолымен табыстады.
Елбасының тапсырмасымен сол кездегі Байланыс және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Б.Берсебаев жауынгердің туысқандарын іздеуді Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының мұрағаттар және құжаттама басқармаларына тапсырады. БҚО мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Вячеслав Иночкин мен БҚО мемлекеттік мұрағатының директоры Айжан Сауғабаева бұл істі қолға алып, ізденіске Жәнібек, Бөкей ордасы, Теректі аудандық мұрағаттарын қосқан. Сөйтіп жауынгердің Жәнібек ауданында тұратын ұрпақтары анықталды. Жәнібек аудандық мұрағат директоры Ахмедияр Батырханов: «Қабиболла Сәленов 1915 жылы 20 қыркүйекте Орда ауданының Жиекқұм ауылдық кеңесіне қарайтын Жұлдыз елді мекенінде туған. 1939-1940 жылдары Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданындағы педагогикалық училищеде сырттай оқиды. Бұған Қ.Сәленовке 1939 жылы Қазақ КСР оқу ағарту халық комиссариаты берген училищенің студенттік сынақ кітапшасы дәлел бола алады. Сырттай оқып жүрген Қабиболла 1940 жылғы 22 ақпанда Қарқаралы аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылады. Жерлесіміз 429-артиллерия полкінің 8-батареясының жауынгері болады. Алғы шепте болған жауынгерлер ішінде Қабиболла да 1941 жылдың 3 шілдесінде тұтқынға түседі. Содан 1945 жылдың 9 мамырында босап шығады. Арнайы тексеруден өткесін 192-запастағы артиллерия полкінде қызмет атқарып, елге сол жылдың 28 тамызында оралған», деген деректер берді. Ахмедияр Қуанұлының айтуынша, Қ.Сәленов әр жылдары Жәнібек аудандық атқару комитеті жанындағы жол шаруашылығында жол қызметкері, аудандық №221 жол пайдалану басқармасында жол жөндеуші, аудандық өндірістік комбинатта көлік қызметкері, аудандық мұнай базасында жұмысшы, Жәнібек селолық тұтынушылар қоғамында, Ұзынкөл кеңшарында, аудандық тұрмыстық қамту комбинатында, аудандық ветеринарлық дәріханада жұмыс істеген.
Қабиболла аға 1957 жылы отау құрады. Әйелі Кенжеғаным Өтешева екеуі Бегәлі, Әсия, Кенжеғали және Ғалия атты ұл-қыздарын тәрбиелеп өсірді. Әсия 1972 жылы қайтыс болған, ал Бегәлі Татарстанда тұрады. Кенжеғали мен Ғалия Жәнібек ауылында өмір сүруде. Алыстан аманат арқалай келген құжаттарды соғыстың азабын тартқан жауынгердің ұрпағына Жәнібек ауданы әкімшілігі салтанатпен табыстады. Жауынгердің құжаттарының арасында жүз шумақтан аса өлеңдері жазылған 22 беттік қойын дәптері, студенттік сынақ кітапшасы, бірнеше фотосуреттері де бар.
Майдангердің ұл-қызы Кенжеғали мен Ғалия газет арқылы Елбасымыз бен Литваның президенті Даля Грибаускайте ханымға, БҚО мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Вячеслав Иночкин мен БҚО мемлекеттік мұрағатының директоры Айжан Сауғабаеваға, Жәнібек ауданының әкімі Берік Есенғалиев пен Жәнібек аудандық мұрағат директоры Ахмедияр Батырхановқа үлкен ризашылығын айтып, алғыстарын жаудыруда. «Әкеміз 1978 жылы өмірден өтті. Құжаттары мен суреттері табылады деп мүлдем ойлап көрмеппіз де. Қуанышымыз шексіз. Енді сол кездегі қолданыстағы латын қарпімен жазылған өлеңдерін мамандарға оқытпақпыз», дейді олар.
Нұрлыбек РАХМАНОВ,
журналист.
Батыс Қазақстан облысы.