06 Желтоқсан, 2012

Айтуға тыйым салынған ақиқат

641 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін

Айтуға тыйым салынған ақиқат

Бейсенбі, 6 желтоқсан 2012 7:35

ХХ ғасыр Қазақ халқы үшін тауқыметі мол, қарама-қайшылығы көп, зерттеуді, зерделеуді қажет ететін тарихи кезең. Ұлы қазан төңкерісінің аласапыран құйындары, коллективтендіру кезінің лаңы, малынан айырылған елдің алапат аштыққа ұшырауы, 37-нің қырғыны… одан кейінгі соғыстың… – міне, түгел термелемей-ақ бас-аяғы

 

Бейсенбі, 6 желтоқсан 2012 7:35

 

ХХ ғасыр Қазақ халқы үшін тауқыметі мол, қарама-қайшылығы көп, зерттеуді, зерделеуді қажет ететін тарихи кезең. Ұлы қазан төңкерісінің аласапыран құйындары, коллективтендіру кезінің лаңы, малынан айырылған елдің алапат аштыққа ұшырауы, 37-нің қырғыны… одан кейінгі соғыстың… – міне, түгел термелемей-ақ бас-аяғы

70 жылдың ішіндегі осы трагедиялардың өзі-ақ бір халық үшін үлкен нәубет, бастан өткен тауқымет екені анық. Қырық жыл қырғыннан бетер қазақ халқының үштен екісін жусатып салған алапат аштық трагедиясы тәуелсіздік жылдары ашық айтылып, жазылып, зерттеле бастады.

Көп уақыт «жабулы қазан», «өте құпия», «айтуға тыйым салынған» болып келген бұл тақырып әлі өз зерттеушілерін күтіп жатыр. 1921-1922 жылдардағы аштық кезінде Кеңес өкіметінің алып келген қасіретінен зардап шеккен халық саны мен статистикалық мәліметтер, себептері мен салдарлары, экономикалық реформалардың кемшіліктері толық айтылмады. Орталықтың басымшылығы отандық тарихнамада бағасын алатын кез жетті.

Дәл сол кезде Түркістандағы аштық туралы айту мүмкін болмады. Соған қарамастан, шетелде жүрген М. Шоқай кеңестік тоталитарлық жүйе ұйымдастырған аштықтың қасіретін еуропалық мерзімді басылымда жария етті. Әртүрлі газет беттерінде жарияланған мақалаларына көз жүгірткенде, сол кездің аянышты суреттері көз алдымызға келгендей болады.

Мұстафа Шоқай баяндаған 1921-1922 жылғы аштық қазақ халқы үшін жаңа өкімет орнағаннан соң қызыл қырғынның бастамасы болатын. Төменде М. Шоқайдың Париждегі мұрағатында сақталған, 1923-1927 жылдарда «Дни», «Последние новости» басылымдарында шыққан жарияланымдары беріліп отыр. Қайраткер өз жарияланымдарында негізгі дерек көзін кеңестік мерзімді басылымдардан алатынын жасырмайды.

М.Шоқай Түркістанды отарлаған большевиктерге сұрақты төтесінен қоя­ды: «Большевик мырзалар, айтыңыз­дар­шы, Сырдария облысындағы қазақтар­дың аштыққа ұшырауына кім кінәлі? Түркістанда аштықты ұйымдастырған кінәлілер бір рет те болса сотталу­шы­ның орындығына неге отырғызылған жоқ?». Бұл шекараның арғы жағында шырылдаған халықтың жанашыр ұлы­ның жан айқайы деп білеміз.

М. Шоқай басынан бастап большевиктер Түркістанға ешбір жақсылық жасамайды, бұл террордың басы деді. Расында да, бұл жылдар ұзаққа созылған халық қасіретінің бастамасы болды.

Түркістандағы аштық және большевиктердің аштық саясаты

Өткен жылдың жаз айының басында Түркістаннан Ферғана облысындағы аш­­­тық туралы сыбыстар жете бастады. Бұл мәліметтердің қаншалықты шын­дық­қа жанасатындығын білу өте қиын іс болды. Кеңес өкіметі Ферғанада аштық­тың орын алғаны туралы ләм демеді. Ресейдегі аштыққа ұшырағандарға шет­ел­дік көмектер, тіпті жеке адамдар жі­берген посылкаларды қабылдау Орынбормен шектелді. Бұдан Түркістанның жағдайы салыстырмалы түрде анағұр­лым жақсы, аштық болса да егінді жинап алғанда толығымен жойылған деген ұйғарым жасауға болады.

Бірақ шын мәнінде жағдай өте ауыр болып шықты. Ташкенттен келген газеттер (1922 жылдың маусым-желтоқсан ай­ларындағы толық емес топтамасы) мен хаттарда (соңғы датасы 1923 жыл­дың 3 ақпаны) 1918 жылғы алапат аш­тықты еске түсіретін аштықтың үрейлі көрінісі байқалады. Тіпті кеңестік Мәс­кеу өзінің үнсіздігін бұзып, Ферғана­да­ғы аштық туралы бірнеше айғақтарды «Экономическая жизнь» беттерінде ай­ту­ға мәжбүр болды.

Түркістан большевиктерінің «Қызыл Байрақ» («Красное Знамя») мемлекеттік органы 1922 жылғы 29 маусымдағы нө­мірінде Қоқан уезінің бірнеше болысы­ның ашаршылыққа ұшыраған тұрғын­да­ры басқа уездерге көшкені туралы ха­бар­лаған, ал 1922 жылғы 6 шілдедегі нөмірінде Қоқан уезінен басқа Ферғана облысының Андижан, Наманған және Ош уездерін «алапат аштық» жайлағаны туралы айтылады. Газетте «ашаршы­лық­қа ұшырағандар арасында эпиде­мио­логиялық аурулар күшеюде, ал дә­рігерлік көмек жоқ» деген жолдар бар.

Сонымен қатар, хаттар Ферғанада 1921 жылы да аштық болған, бірақ ол жөнінде «Ресейдің аштық жайлаған губернияларынан орыс шаруаларын Түр­кі­с­танға қоныс аударуға кедергі жасамау үшін жазуға тыйым салынған» деп толықтырады.

Ташкенттің «Түркістан» газетінің (1922 жылдың 13 қыркүйегінен бастап «Қызыл Байрақтың» орнына шығады) 1922 жылғы 16 желтоқсандағы нөмірін­де келтірілген қысқаша цифрлар дерегі 1921 жылғы Ферғанадағы большевиктер жасырған алапат аштықтың сұмдық көрінісі. «Түркістан» дерегі – облыстың «басқа аудандарымен салыстырғанда аз-кем зиян шеккен» бір ғана Наманған уезіне қатысты. Бұл цифрлар мынадай: уездің халқы 1920 жылы 230 880 адам (1914 жылы – 303 790 адам) болады, ал 1922 жылы барлығы 190 675 ғана адам есептелді. Бұдан шығатын қорытынды 1921 жылы халық 40 205 адамға азай­ға­­­­­ны айқындалады.

Астықсыз ашыққан халық малдарды жаппай союдың салдарынан 1920 жылы Наманған уезінде 31 574 бас жылқы мен өгіз (1914 жылы – 86 866 бас), ал 1922 жылы 26 177 бас қалған. 1921 жылғы шығын 5397 басты құрайды.

1922 жылғы аштықтың нәтижесі жөнінде дерек әлі жоқ. Бірақ Түркістан кеңесінің ХІ съезінің (1922 жылғы жел­тоқсан) есебі және Түркістан компар­тия­сының VІІ конференциясындағы Түр­кі­­­­стан ОАК мүшесі Рудзутактың баяндамасы бойынша (Ресеймен салыстыр­­ған­да Түркістандағы жалпы жағдай 10 есеге нашар) Ферғана облысында ұзаққа со­зылған қазіргі аштықтың ақырының сұмдық болатынын байқауға болады.

Ашаршылыққа ұшыраған мұсылман халқына ешқандай көмек жоқ.

«Ашыққандарға бірнеше интернаттар мен асханалар ашылды. Бірақ олар ашыққандар тамақтанудан қашатындай етіп ұйымдастырылған. Қашпағандар (сірә, кеңестік асханаларға баратындар болар! – М.Ш.) өлуде» деп хабарлайды «Түркістан» сол нөмірінде».

«Медициналық көмек жоқ деп ай­ту­ға болады. Қышлақтарда (ауылдарда) ем­ха­­­­­налар жоқ. Сондықтан аурулар үшін бір ғана жол – бұл өлім» деп жазады газет.

Қырылып бітуге айналған Ферғана­дан нормадан тыс 105% көлемінде заттай салық (1922 жылдың желтоқса­нын­­­­­да) жинаған. «Ферғанада салық жинау 120%-ға жетеді деген үміт бар» (Түркі­­­­­­­стан Халық комиссарлар кеңесінің төр­­ағасы жолдас Паскуцкиидің Түркістан кеңесінің ХІ съезіндегі баяндамасынан).

Ашыққандарға көмек көрсету жөнін­­­дегі жаңа ғана келіп түскен «Түркіс­тан­ның» ресми хабарламасы осыншама көлемде жиналған салықтың қырылып жатқан мұсылман халқының өмірін сақ­тауға жұмсалады деп айтуға негіз болмайды. Бұл салықтың «экономикалық пайдасын» ұғу үшін, «Қызыл Байрақ­тың» (1922 жылғы 6 шілдедегі нөмі­рінде) хабарлағанындай «Ферғана облысында егіс науқаны 1922 жылы 50%-ға ғана орындалғанын» ескеру қажет.

«Бізде Кеңес өкіметінің салық талаптарын қанағаттандыру үшін астық жетпей қалды, сондықтан жастық, көрпе, артық ыдыстарды және малдың қалға­нын сатуға тура келді», – деп жазады маған Андижаннан (1923 жылдың қаң­тарында).

Ашаршылыққа ұшыраған мұсылман тұрғындарына қатысты Кеңес өкіметінің сұмдық салық салу талаптары (егіс бағ­дарламасы 50%-ға ғана орындалғанда 120% салық жинауы) Түркістандағы боль­­шевиктердің «аштық саясаты­нда­ғы» сол бір салық эпизодын еріксіз еске салады.

Ташкентте 1919 жылы 12 ақпанда Түр­кістан республикасының Жоғарғы Революциялық Кеңесі мен Орталық ат­қару комитетінің бірлескен мәжілісі болды. Онда айрықша «аштықпен күрес жөніндегі комиссияның» төрағасы Т. Рыс­құлов (қырғыз-большевик, қазір Түр­кі­стан Халық комиссарлар кеңесінің төр­ағасы) «аштыққа ұшыраған мұсыл­ман тұрғындарының жағдайы туралы» баяндама жасады. Рысқұлов (Түркістан большевиктерінің органы «Наша газе­та­ның» № 31 санында жарияланған есеп­­тен алып отырмын. –М.Ш.): «ашар­шы­лыққа ұшырағандардың тіркеуге алын­ғаны бір миллион, ал тіркелмегені бұдан да көп. Сонымен өлкенің бүкіл хал­қының жартысы ашаршылыққа ұшы­раған деп ойлауға болады» дейді. Рыс­құлов жолдас аштықпен күрес ісіне және комиссиялардың іс-шараларына Таш­кентті қоса алғандағы кеңес депу­таттарының жергілікті атқарушы коми­теттері тарапынан немқұрайлылықты атап көрсетті, өлкеде ұлтына қарамастан дәулетті таптарға белгіленген тәртіпте отбасының жылдық қажеттілігінен ар­тық мөлшеріне жаппай салық салу туралы декрет шығаруды, ашыққандар қо­ры­на: азық-түлікпен, киіммен, тауарлармен және басқа да заттармен қамтамасыз ету­ді ұсынды. Төрағалық етуші жолдас Казаков салымға үзілді-кесілді қарсылы­ғын, бұны қуғын деп қарайтынын, артық жау таппас үшін қазір оны енгізу мүмкін еместігін айтты.

Жоғарғы Революциялық Кеңес пен Орталық атқару комитетті Казаков жол­­даспен келісті: салық жобасы қа­был­дан­­­бады, ашыққандардың ісі кеңестер­дің ат­қа­рушы комитеттеріне (яғни, осы іске нем­құрайлылықпен қарағандарға) берілді.

Бұл «аштық саясатының» нәтижесі 1.114.000 өлгендердің (мұсылман) жан­түр­шігерлік цифрында көрсетілді.

Сол дәуірдегі Түркістандық кеңес билігіне Мәскеу де наразы болды. Оны дәулетті таптың мүдделерін қорғайтын «өлермен отаршылдар» билігі деп атады. Содан бері Түркістанды нағыз про­ле­тарлық Кеңес өкіметі басқарып келеді, ол кедейлерді де аямайды, шетел мүд­десі үшін (астық түрінде жиналған са­лық шетелге жіберіледі) көпшік-көрпе­ле­рін, ыдыс­тарын сатуға мәжбүрлеп отыр.

Бүгінгі билікке оның өз атауын – боль­шевиктік кеңес билігі дегенді қуа­на-қуана қалдырамыз. Бірақ бұдан түр­кістандық мұсылмандарға жеңілдік жоқ: дәулеттілер мүдделерін қорғаушы «өлер­мен отаршылдар» режимінде де, кедей­лердің көпшік-көрпелерін және ыдыстарын тартып алатын патенттелген большевиктер режимінде де олар бірдей өлуде…

Берлин. 22 наурыз 1923 жыл

«Дни» газеті, № 120

Түркістанның ащы шындығы

Тастар сөйлей бастады… Түркістан­дағы ауыр жағдай туралы біздер әлде­қашан жазғанбыз, енді Түркістан Ор­талық атқару комитетінің төрағасы Хидыр-Алиев сияқты ресми тұлға мұны растайды. Оның 1 қарашада ВЦИК-тің үшінші сессиясындағы баяндамасы қор­қыныш ұялатады. Түркістанда құлды­раған шаруашылық және аштық. Аштық Ферғанада ерекше қатты сезіледі, 1915 жылы 886 мың гектар егілген болса, биылғы жылы 270 мың ғана егілді. Ферғанада 280 000 адам егінсіз қалды. Кеңес қызметшілерін 95 000-нан 16 000 адамға дейін қысқартты. Жергілікті қар­жыға берілген 3000 емдік орынның бі­реуі де жұмыс істемейді. Мектеп жасын­дағы 700 000 жергілікті балалардың Түр­­­кістан бойынша мектептерде 31 000, яғни жиырмадан бір бөлігі ғана оқиды.

Хидыр-Алиев көмек көрсетуді сұрады.

1923 жыл 9 қараша

«Дни» газеті, № 312

Аштық

Ақмоладан үрейлі хабарлар келуде: бүкіл уезді аштық жайлаған, – деп жазады Түркістаннан. Аштыққа ұшыра­ған­дар­дың саны, оның көпшілігі қазақтар, 30-40 мыңға жетіп жығылады. Тамақ із­деген мыңдаған адамдар туған жерлерін тастап, жан-жаққа босып кетті. Баласыз ата-аналар, ата-анасыз балалар… Бұдан әрі: «Өздерінің қылмыстық әрекетте­рі­мен ашаршылық өктемдігіне жол берген мемлекеттік биліктен не күтуге болады?»

Шындығында, қазақ жеріндегі және соның ішінде Ақмола облысындағы жағ­дайды білетіндер үшін, 1921 жылдан бері, бұл аштық кездейсоқ емес. 1921 жылы облыс ішкі Ресейден ағылған аш босқындармен толды. Оған қоса егін шықпай қалды. Аштықтың шегінде тұр­ған қазақ халқына Кеңес өкіметінің қа­лай қарағанын Азық-түлік халық комис­сариатының (қазақтардан) салық ретін­де шошқа талап еткенінен көруге болады. Биліктің жандайшаптары шошқа­ның орнына қой, ешкілерді ала бастады… Салықты жинап алды. Іле-шала 1922 жылы аштық басталды. «Бостан­дық туы» мен «Қазақ тілі» газеттері сол кезде аштыққа ұшырағандардың саны 445-450 мың екендігін анықтады. Осы газеттер деректеріне сүйенсек, мемле­кет­­­тік көмек жоғарыда келтірілген сан­ның небәрі 6 мың адамды ғана қамтыған.

1922 жылдың наурызында қазақтың белгілі қоғам қайраткерлері орталық Ке­ңес өкіметіне «Көмек комитетін» құруға рұқсат сұрайды. Өтініш қабылданбады, сондықтан олар ашыққандарға көмекті ұйымдастыру жөніндегі кеңестік комиссиялармен ынтымақтасты. Солардың ар­қасында ғана көмек көрсету ұйым­дары орнықты. Ал «Қазақ» Кеңес өкіметінің қызметі аштық жайлаған аудандарға «қазақ халқының өмірін, салт-дәстүрін және тілін зерделеу… үшін қызыл ке­руен» жіберумен шектелді («Еңбекшіл қазақ» газеті, 1922 жыл № 23).

1923 жылы Ақмола облысында тағы да қуаңшылық. Әлсіз және онсыз да өткен жылдан егінсіз, аштықтан әбден титықтаған шаруашылыққа ауыр салық­тар араласты.

1924 жылы егін науқанын қамтама­сыз етіп, тұқыммен, азық-түлікпен және құрал-саймандармен қолдау көрсетудің орнына… Бұл жылы да (1924) егін жарым-жартылай себілді және аштық…

Қазіргі қазақ Кеңес өкіметі көмек ұйымдастыруға қажетті уақытты Берлинде кеңестік сыртқы саудадағы тіміс­кінің ақырын талқылаумен кетірді… Сонан соң «лениндік сайлау» келіп жетті… Сонан соң сырдариялық және жетісулық қазақтарды Қазақ республикасына бірік­тіру туралы жоба және осы әлемдік ма­ңызды мәселеге қатысты комиссарлық орындарды бөлу… Одан әрі ағылшын жұмысшы үкіметінің саясатын талқы­лау­мен айналысу керек болды: орыс халқының жағдайын жеңілдетуге қара­жат іздестіру… Және қазақ Кеңес өкіме­тінен жедел жауап күтетін әлемдік сая­саттың ағымдағы басқа да ондаған мәселелері. Аштық туралы ойлануға мұршасы болмады.

Аштыққа ұшырағандар далада жем­тік­пен, мысықпен, итпен коректеніп ке­зіп жүр. Кеңес өкіметі ашыққандарға қа­жетті мөлшерде көмек көрсететін жағ­дай­да болмаса да, Ресейге астық жіберу­мен айналысуда…

1924 жыл 5 шілде

«Дни» газеті, № 503

Түркістанға аштық қаупі төніп тұр

Түркістаннан үрейлі мәліметтер келуде: «елге аштық қаупі төніп тұр. Кеңес газеттері италяндық анархистер Сакко мен Ванцетти істерімен, қытай оқиға­лары және Үндідегі аш балаларды са­нау­мен айналысуда, аракідік Түркістан мұсылмандарына төніп келе жатқан қауіп туралы хабарлайды. Большевик экономистері мұқият түрде алдағы уа­қыт­тағы әлемдегі астық түсімін, мал азығын есептейді; Кеңестер Одағында бесжылдықтағы мақта мен астық өнімі­нің ең нақты цифрларын береді; бес жылға алдын ала қағаз сметалар ғана жасалмайды, ауқымды штаты бар мекемелер құрылуда; бес жылға шаруа­шы­лықтың барлық түрі бойынша Ресейден мамандар шақырады… Өзбек, қазақ, түркімен коммунистері «кеңес шаруа­шы­лығының бесжылдық соңындағы жетістіктері» деп қол қояды.

Және бұл ел аштықтың шегінде тұрған уақыт…

Түркістандық газеттерді мұқият қарап отырамын. Онда бәрі жақсы. Су жеткілікті, астық та жеткілікті себілген; егін де жақсы шығуға тиіс; Ресейден астық та жеткізілуде.

Большевиктер биыл Түркістанда берекелі жыл болады деп жазды. Кенет, аспаннан жай түскендей, Түркістанның әрбір түкпірінен құрғақшылық, судың жетіспеуі, Ресейден астық жеткізу жағдайының жеткіліксіздігі, тіпті аштық туралы мәліметтер қардай борады.

Міне, Түркістан газеттерінен бірне­ше мақалалар.

Ташкенттің «Правда Востока» газеті 14 тамызда «Өзбекстанда астықтың» шық­пай қалғаны туралы хабарлайды. Осы газеттің мәліметі бойынша Өзбек­станда қуаңшылықтан және су тапшы­лығынан 109,935 десятина егістік зардап шеккен…

Ағымдағы жылдың жалпы түсімі бұрынғы жылдармен салыстырғанда 30-40%-ға төмен, – деп жазады газет. Ағым­дағы жылы астықтың шықпай қа­луы егін жинай алмай қалған 1925 жылдан да асып тұр.

1925 жылы Өзбекстан мен Қазақ­стан­ның бір бөлігі аштыққа ұшыраған.

Ташкент газеті, астықтың шықпай қалуы салдарынан Самарқанд округінде – 7,708 шаруашылыққа, Зерафшан окру­гінде – 9,925 шаруашылыққа, Ходжент округі бойынша – 152 шаруашылыққа жедел көмек қажет, – деп өз анық­тамасын жалғастырады.

Сухандария және Қашқандария ок­руг­­тері бойынша көмекті қажет ететін шаруа­шылықтардың саны көрсетіл­ме­ген…

Бұл – Өзбекстанға қатысты мәлімет­тер.

Түркістанда шын мәнінде аштық бас­­­талды.

Сол Ташкент газетінде (басқа нөмі­рінде) Ташкент ауданындағы аштық және аштыққа ұшыраған түркімен тұр­ғындарына астық беріле бастағаны туралы хабарлайды…

«Еңбекшіл қазақ» газеті Сырдария губерниясына жедел түрде бес милли­он­ға жуық пұт астық қажет, – деп жазады…

Туркмениядан «Мургабе өзеніндегі жағдай әлі де қанағаттанарлықсыз күйде қалуда. Судың аздығы соншалық, мақта­ны екі-ақ рет суаруға ғана жетуі мүмкін».

Осы қысқа ғана хабарламадан Мургаб ауданында егістікті суаруға судың мүлдем болмайтынын ұғуға болады.

Ал мына «Правда Востока» газетінің (11 тамыздағы) мәліметі астық дайын­дау­ға қатысты.

«Астық дайындау нашар жүруде. Мау­сым бойы 844 мың пұт бидай, арпа – 638 мың пұт дайындалған, бұл жоспарға шаққанда 17, 97 және 74, 12… болады».

Осы үздік-создық деректерден Түр­кіс­танға төнген аштықтың қаупі анық…

Түркістандағы аштық Кеңес өкіме­ті­нің көлеңкесі сияқты. Билік басына большевиктер келген сәттен Түркіс­тан­ның басынан аштық кетпей қойды.

«Иени Түркістанның» өткен санында мен Кеңес өкіметінің «аштық саясаты» туралы жаздым. Қазір мен большевик­тердің біздің елді күні бұрын аштықта өмір сүруге мәжбүр ететін, Түркістанды мәскеулік өкімет пен оның тыңшы­ла­рының қайыр-садақасына тәуелді ететін саясаты, Түркістандағы экономикалық саясаты туралы бірер сөз айтқым келеді.

Түркістандағы кеңестік экономика­лық саясат мақта шаруашылығын кеңі­нен дамытуға негізделген болуы мүмкін. Міне осы жылғы бірнеше цифр. «Қызыл Өзбекстанның» (1927 жыл 28 маусым) дерегі бойынша биылғы жылдың 10 мау­сымында Өзбекстанда 544, 043 десятина, Түркіменстанда – 89,091 десятина тіркелген. Осылайша, Түркістанның екі мақта шаруашылығымен айналысатын ауданында небәрі 633,134 десятина мақта себілген. Осыған Қырғызстан мен Қазақстанның мақта егетін аудандарын қосыңыз, сонда Сіз кеңес билігі кезінде мақта себу қаншалықты тым үлкен мөлшерге жеткізілгенін көресіз. Түркі­­стандағы халық шаруашылығының бас­қа саласын, мысалы, бүкіл Түркістан шаруашылығының ең басты түрінің бірін құрайтын мал шаруашылығы әске­ри нормаға дейінгі 70%-ға ғана жеткенін ескерсек, онда мақта шаруашылығын осылайша дамытудағы олқылық бірден көзге түседі. Түркістанды тірілтетін жер суару жүйесі, кеңес деректері бойынша, әскери норманың шамамен 80%-ын жуықтаған.

Осындай жағдайдағы Орта Азиядағы мақта шаруашылығы өндірісінің қазіргі жай-күйі – нағыз аштықтың қаупін білдіреді.

Кеңес өкіметінің Ресейден астық жеткізу жөніндегі өздерінің міндеттерін талапқа сай орындамауы жағдайды одан әрі ушықтырып отыр.

Кеңес билігі өткен жылы жай ғана газеттің (4 мың рубльге жуық) ақшасын жеп қойғаны үшін бір татарды атып тас­тады. Кеңес өкіметі кеңестік тәртіптен сәл ауытқыған адамдарды өте қатаң түрде жазалайды. Бірақ Түркістандағы аштықты ұйымдастырған айыптылар­дың жауапқа тартылғаны жөнінде бірде-бір оқиға болған жоқ. Керісінше аш­тықтың одан әрі өршуіне ықпал жасаған адамдар (Тоболин, Казаков) немесе тіптен аштықты әдейі ұйымдастыруға қатысқандар (Паскуцкий) ел алдындағы қылмысы үшін жазаланудың орнына қызметі бойынша көтерілді.

Қылмыстың жазасыздығы жаңа қыл­мысқа апарып соғады.

Кеңес өкіметінің мақта саясатына ке­летін болсақ, елді асырайтын астық жет­кілікті немесе оны уақытында жет­кі­зу мүм­кіндігіне сенімді болған жағдайда ғана мақта Түркістан үшін пайдалы болады.

Астық Түркістанның өзінде жеткі­лікті мөлшерде жоқ және астық егілетін жерді мақта егуге мәжбүрлеп жатқанда, оның болуы мүмкін де емес.

Мәжбүрлеп мақта еккізудің айғағы жеткілікті.

Ферғана диқандары бидайларының сусыз қалғандарына шағымданады, се­бебі су мақта суаруға күшпен әкетіледі.

Большевиктердің мақта органдары ди­қандармен жасасқан келісім-шартта­рын­да мақта егілген дала дәнді дақыл­дар­дан (арық ағысы бойынша) төмен орна­лас­қан болса да су бірінші кезекте мақта егілген далаға беріледі деп айтылған.

«Еңбекші қазақ» газеті, егер де жер о баста мақта егуге арналған болса, сол мақта егілмеген әрбір десятина жер үшін мақта комитеті 3 рубльден айып­пұл салатынын хабарлайды…

Осы жылдың жазында Мәскеуде бол­ған мақташылар кеңесі астық дақыл­да­ры есебінен мақта себетін аумақты ұлғай­ту қажет деп ұйғарды.

Кеңес өкіметінің осы саясатын дү­ние­жүзілік социалистік тәртіп жолын­дағы күресіне Өзбекстанның қатысу нышаны деп түсіндірген өзбек коммунисі Камильд­жан («Иени Туркестан» газеті­нің ал­дыңғы нөмірін қараңыз) сияқты мәскеу­лік большевиктердің құлы болу керек.

Камильджанның фактілер тіліндегі революциялық сөздеріне қарасаң, мәс­кеулік жоспарлар үшін өзбектер және басқа түркістандық түріктер аштық өліммен қырылуы керек сияқты.

Біз мақта өндірісіне қарсы емеспіз. Бірақ біз оның тиімді дамуын қалаймыз. Мақта Түркістанды орыстардан әкеліне­тін астығына тәуелді қылмауы керек. Біздің ұғымымызда Түркістан шаруа­шы­лығының басты міндеті өзін өзі ас­тығымен қамтамасыз ету болып табылады. Біз Түркістанды мәскеулік жоспарлар үшін құрбан еткіміз келмейді. Біз Түркістанды басынан бастап саяси, эко­номикалық тәуелсіз етіп құруды қалай­мыз. Түркістанды басқа әлемнен бөліп-жарудан аулақпыз. Жоқ. Ол бәрінен бұрын өзінің байлығына тойынған иесі сияқты тоқ, сонымен қатар, басқа елдермен әр сала бойынша тең экономикалық қатынаста болуы керек.

Сондықтан да біз қазіргі ойға сыймайтын шамадан тыс мақта егуді да­мытудың орнына астық егісін ұлғайтуды қалаймыз.

Мәскеудің қазіргі басшылары да Түркістандағы мақта өндірісі қалыпсыз жолмен жүріп жатқанын, оның түркі­­стан­дық тұрғындарды орыс астығына тәуелді етуі өмірлік мүдделеріне сонша­лықты зиян екенін өздері айтып отыр. Большевик экономист мырзалар мемле­кеттік биліктің рөлі қолдарына тиген соң түркістандық диқандарды сол баяғы қанау саясатына алып келді. Олар Түркістанды, өзбек коммунисі Камильд­жан растағанындай, қызыл Мәскеудің отарына айналдырды («Иени Турке­стан» газетінің №2-3 қараңыз). Ең сорақысы сол мәскеулік өкімет өздерінің мәжбүрлейтін мақта саясатымен түркі­стан­дықтардың тағдырын өз қолда­рында ұстап отыр.

Өткен жылдар бұны нақты дәлел­дейді.

Қазіргі Түркістанның басына төнген аштық – соның дәлелі.

Түркістандықтар мәскеулік биліктен азат болып, өз елінің толық иесі болған соң ғана тоқ болады.

Түркістанның тәуелсіздігі үшін күрес – ол өз наның үшін күресу, ол осы бай елдің шаруашылығының тиімді дамуы үшін күресу деген сөз.

Ең бірінші нан. Сосын барып мақта.

Бұған біз елді, түркістандықтар, өз­де­ріміз басқарған кезде ғана қолымыз жетеді.

Олай болмаған жағдайда, біз «мәс­кеулік аштықтан» ешқашанда шыға алмаймыз.

 [1927 жыл]

 

Мұстафа Шоқайдың шетел басылымдарында

әр кезеңдерде жарық көрген мақа­лалар

топтамасын қазақ­шаға аударып,

ұсынған Мәдениет және ақпарат министрлігі

Ақпарат және мұрағат комитетінің мұрағат­­тар

мен құжаттама басқармасының бас­тығы

Ғазиза ИСАХАН.