Мұхит ТҰРСЫНБАЕВ: “Үш алтын алуға қабілетті саңлақтарымыз бар”
Сейсенбі, 19 маусым 2012 7:39
Дүбір
Олимпиадаға 38 күн қалды
Алматы облыстық спорт және дене тәрбиесі басқармасының бастығы Мұхит Тұрсынбаев көңілді. Көңілді болатындай жағдайы бар. Мәскеуден қуанышты хабар келген. Жеңіл атлет Шолпан Қожахметова Мәскеуде өткен халықаралық жарыста спорттық жүрістен айдарынан жел есіп, Олимпия ойындарына жолдама алған. Осындай көңілді сәтінде біз де Мұхит ТҰРСЫНБАЕВПЕН әңгімелесіп қалуға ұмтылған едік.
Сейсенбі, 19 маусым 2012 7:39
Дүбір
Олимпиадаға 38 күн қалды
Алматы облыстық спорт және дене тәрбиесі басқармасының бастығы Мұхит Тұрсынбаев көңілді. Көңілді болатындай жағдайы бар. Мәскеуден қуанышты хабар келген. Жеңіл атлет Шолпан Қожахметова Мәскеуде өткен халықаралық жарыста спорттық жүрістен айдарынан жел есіп, Олимпия ойындарына жолдама алған. Осындай көңілді сәтінде біз де Мұхит ТҰРСЫНБАЕВПЕН әңгімелесіп қалуға ұмтылған едік.
– Бүгінде облысымыздың қоржынында 8 жолдама бар.
– Осы спорттық жүрістен Азия чемпионатының 2011 жылғы қола жүлдегері Айман Қожахметова мен Шолпан Қожахметова ағайындылар-ау.
– Ағайындылардан да жақын. Екеуі егіз. Айман биыл ақпанда Ресейде өткен ашық чемпионатта 20 шақырымды 1:30,55 секундта жүріп өтіп, Лондонға жолдама алған болатын. Енді Шолпан жарысқа түскенде қасынан қалмай жігерлендіріп жүгіріп отырыпты.
– Дзюдода Айман мен Шолпан Қалиева деген керемет балуан қыздар болды. Талай халықаралық жарыстарда қарсыластарын қамырша илеп, жеңімпаз да болған. Тек, Олимпия ойындарында сәттілік жетіспеді. Ал Айман мен Шолпан Қожахметовалардың Лондонда жолы оңғарылсын деп тілейік.
– Қазақ қыздарының Олимпия ойындарына спорттың осы түрінен баруының өзі – тарихи оқиға. Әу баста облыс жеңіл атлетикасының бас бапкері Марат Жөргенбаев “қаржы мәселесін шешіп берсеңіз, 3 жолдама алуға мүмкіндігіміз бар” дегенде, мақұл, қаржы табайық. Бір жолдама ала алсақ та разымын дегенмін. Олимпиадаға қатысуға рұқсат алудың қиын екенін білесіз. Кейде таңдаулы спортшылардың өзі жолдама ала алмай қалатын жағдайлар кездеседі. Көпсайыстан Атланта Олимпиадасының чемпионы Александр Парыгин кейін шетелде жаттықса да, Қазақстан бар керегіне қыруар қаржы құйса да жолдама ала алмаған. Әлемде мұндай оқиғалар көп. Ал Жөргенбаев сөзінде тұрды. Айман, Шолпаннан бөлек Артем Косинов деген жеңіл атлетіміз де Лондонға барады.
– Мұхит, Қазақстан ауыр атлеттері құрамасының бас бапкері Алексей Ни бір сұхбатында “Лондонда үш алтынға таласамыз” деп қалды. Үш алтын медаль аламыз дегенді де айтқан. Әрине, осыншама алтынды дүние жүзінің ауыр атлеттері Қазақстанға көзі қиып, беріп жібереді дегенге сену қиын. Афина Олимпиадасына төрт алтын аламыз деп барып, жалқы алтынмен қайттық. Онда да Олимпиадаға жолдаманы ең соңғы кезегінде алған Бақтияр Артаевтың жанқиярлықпен жұлып әперген алтыны өкінішті ахуалдан құтқарғаны есте болған соң айтып жатырмыз. Арық айтып семіз шық дегендік қой біздікі. Жалпы, Қазақстан ауыр атлеттер құрамасында алтын медальға таласатын бес атлет болса, соның үшеуі Алматы облысынан екен.
– Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза және Светлана Подобедованы айтып отырсыз ғой.
– Әрине, Талдықорғандағы “Жастар” спорт сарайында өткен ел чемпионатына арнайы бардық. Мық шегедей Зүлфия болмаса, Майя мен Светлана ел ішіндегі жарыстың өзінде көңілді қобалжытты. Екеуі де серпе көтерудің хас шебері. Ал жұлқи көтеруге келгенде Майя Ирина Некрасовадан бақандай 6 келіге қалып кетті…
– Иринаңыз да оңай адам емес қой. Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері. Жан-тәнімізбен қанша қалағанымызбен, спортта пәлен деп алдын ала болжам жасау қиын. Бір кездері Олимпия ойындары, әлем чемпионаттарында бас жүлдені күреп алатын Түркия ауыр атлеттері бүгінде жүлдесіз қалатын болды. Қыздарымызға сәттілік тілейік. Майя мен Светлана өз ісінің хас шеберлері. Құдай кесірінен сақтаса, екеуінің де алтынға таласуға күші жетеді. Екеуі де екі дүркін әлем чемпионы.
– Иә, Олимпиада чемпионы Танер Сагирдің Бейжіңде “баранка” алғанын көзіміз көрді. Ел біріншілігінде Олимпиада чемпионы, ересектер арасында 3 рет, жастар мен жасөспірімдер арасында 2 рет әлем чемпионы болған атақты Илья Ильиннен жұлқи көтеруде 7 келі артық көтерген әлем чемпионы Владимир Седов серпе көтеруде 217 келіні үш кезек ала алмай кетті ғой. Жаныңа батқан шығар?
– Жаныңа батты деген жәй сөз. Ашуымыз терімізге сыймай кетті деген жеңілірек шығар. Ауыр атлеттер жаттығып жатқан Текеліге жиі барамын. Сонда Седов серпе көтеруде 220 келіні еркін бағындырып жүрген. Жаттықтырушысы Донның да арқасынан таспа тілдім. Жауынгерлік рух жетпейді екен ұлымызда. Ал Қызылорда мектебінің түлегі Алмас Өтешовтің табысына шын қуандым. 220 келіні бірінші кезегінде ала алмаған ол 225 келі көтерді-ау. Азамат екен.
– Күрес түрлерінен де алтын күтіп отырғанымыз белгілі. Мәселен, Грек-рим күресінен астаналық Алмат Кебісбаев пен Алматы облысының балуаны Нұрмахан Тінәлиев. Азия ойындарының жеңімпазы, Мәскеу мен Ыстамбұлда өткен әлем чемпионаттарының қола жүлдегері Нұрмахан Тінәлиевтен жанкүйерлеріміз алтын медаль күтіп жүр…
– Мәскеуде Сидней Олимпиадасының чемпионы, әлем чемпионаттарында асығы алшысынан түсіп жүрген Хасан Бароевты аунатып кеткен Нұрмахан қай құрметке де лайық. Сонымен қатар, еркін күрестен әлем чемпионатының қола жүлдегері Дәурен Жұмағазиевтен де (60 кг) күтеріміз мол. Жеңімпаз болмады деп талап қою қиын, жүлдегер болып жатса, ақ түйенің қарны жарылғаны.
– Олимпия ойындарында олжа салады деген спортшыларға талдау жасап отырсақ, алтын алады дегеннің дені Алматы облысы спортының өрендері екен. Жас шыбыққа су құймасаң, тамыр алмайды. Сол сияқты мықты спортшыларға жағдай жасамасаң, жарыстарға, ем-домына қажет қаржыны уақытында тауып бермесең, нәтиже күту қиын. Алматы облысы бұл жағынан спортшыларды ренжітпейтінін білеміз.
– Дұрыс байқағансыз. Агенттіктен, Ұлттық олимпиада комитетінен алып жатқан көмектерін есепке алған емеспіз. Бұрын Алматы облысы мықты спортшыларымен мақтана алмайтын. Серік Үмбетов ағамыз облыс әкімі болып тұрған кездерден бастап өнер адамдары мен спортшыларға айтарлықтай көмек көрсетіліп келеді. Биыл облыс әкімі Аңсар Мұсаханов Нұрмахан Тінәлиев пен Асхат Ділмұхамедовке Қаскелең қаласынан екі бөлмелі пәтер бөлді. Жаттығуларын алаңсыз жасау үшін. Екі балуанымыз әлем чемпионатынан олжалы оралғанда Талдықорғаннан да пәтер берілген. Енді Дәулет Жұмағазиев үйлі болды. Осы үш балуанды Еңбекшіқазақ, Кербұлақ және Қарасай аудандарының әкімдігі бөліп алып, ай сайын 500 мың теңге береді. Оның сыртында облыс әкімінің 150 мың теңге стипендиясы бар. Спортшылар мемлекетіміздің, еліміздің намысы үшін жаттығу залдарында теңіздей тер төгіп жүр. Олардың еңбегі лайықты бағалануы керек.
Талантты спортшыларымыздың Алматы облысында көбейіп келе жатқандығының бір ұшығы осында жатқан шығар. Ал, Лондон олимпиадасы ойындарында алтын алып жатсақ, төрт жылғы еңбектің өтеуі болмақ, Қазақстанның аты дүние жүзіне мәшһүр болады. Қазір бос қаржы жоқ. Еліміздің спортын өркендету үшін бар жағдайды туғызып отырған Елбасыға спортшыларымыздың атынан рахметімізді айтқымыз келеді.
Нұрмахан Тінәлиев бапкері Мұратбек Қасымхановпен және Күрес түрлері федерациясының құрметті президентті Дәулет Тұрлыхановпен бірге.
Әңгімелескен Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.