05 Шілде, 2012

Нұрсұлтан Назарбаев: Сеніммен аттанып, жеңіспен оралыңдар!

555 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Нұрсұлтан Назарбаев: Сеніммен аттанып, жеңіспен оралыңдар!

Бейсенбі, 5 шілде 2012 8:36

Спорт – денсаулық, спорт – сұлулық, спорт – жетістік, спорт – адам мүмкіндігінің қырлары. Біз осыны әрдайым жадымыздан шығармауымыз керек.

 (Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың қазақстандық олимпияшылармен кездесуде сөйлеген сөзінен).

Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев XXX Лондон жазғы Олимпия ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелерін қабылдады.

 

Бейсенбі, 5 шілде 2012 8:36

Спорт – денсаулық, спорт – сұлулық, спорт – жетістік, спорт – адам мүмкіндігінің қырлары. Біз осыны әрдайым жадымыздан шығармауымыз керек.

 (Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың қазақстандық олимпияшылармен кездесуде сөйлеген сөзінен).

Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев XXX Лондон жазғы Олимпия ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелерін қабылдады.

Елбасы өзі бұрыннан қалып­тас­тырған дәстүрге сай төрт жыл­да бір өтетін басты әлемдік бәсекенің қарсаңында егемен елі­міздің намысын қорғайтын олим­пиадалық команданың дай­ын­дығына қанығып, өздеріне әкелік ақ жол тілеу үшін тағы да спортшылар мен жаттық­ты­ру­шыларды жанына жинады.

– Біздің еліміз қашаннан зор спорттық жетістіктерімен ерек­ше­ленеді. Тек өткен жылдың қо­рытындысы бойынша ғана біз­дің спортшыларымыз әлемдік біріншіліктерде 15 түрлі жоғары награданы жеңіп алды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев сөзінің кі­ріспесінде. – Біз кешегі кеңестік кезеңде де спортта алда болдық. Кеңес Одағы тұсында да Қазақ­станнан чемпиондар шықты. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін біздің көптеген саңлақтарымыз Олимпиада мен әлем біріншілік­терін­де еркін өнер көрсетуге үлкен мүмкіндіктер алды. Еліміздің спорты осы жылдарда айтар­лық­тай жоғары қарқынмен дамып келеді. Осы ретте өткен жылғы Қысқы Азия ойындарында спорт­шыларымыздың 32 алтын ме­даль­дің иегері атанғанын айтып өтуімізге болады. Мұның өзі рес­публиканың қысқы спорт саң­лақтарының құрлықта ал­дың­ғы қатарда тұрғанын көрсетіп берді.

Одан әрі Президент қазақ­стандық спортшыларды жақсы бі­летінін атап көрсетті. Бұқ­ара­лық ақпарат құралдары күні бү­гінге дейін сіздердің әрбіріңіздің үлкен дода алдындағы дайын­дықтарыңыздың барыстарын ұдайы жан-жақты көрсетіп отыр­ды. Біз осы кездерде Лондонның лицензиясын ұтып алған әрбір спортшымызды Қазақстанға ке­ңі­нен таныстырып отыруға күш салдық. Енді, міне, шешуші сәт те келіп жетті – осы айдың со­ңына қарай біздің бәріміз көптен күткен Олимпиада да басталады. Қазақстан сіздердің осы Ойындарда барынша табысты өнер көрсетулеріңіз үшін барлық жағ­дайды жасады. Тәуелсіздік жылдарында спорт саласын өркен­детуге орасан зор қаржы бөліне бастады. Еліміздің барлық өңі­рінде спорттық нысандар көп­теп салынуда, қайта жөндеуден өт­кізілгендері де баршылық, деді Елбасы. Сондықтан алдағы Олим­пиадада үміттің үкісін тағып отырған саңлақтарымыз нағыз қазақстандық спортшы­ның мінезін көрсетіп, тілеулес­те­рі күткен биіктерден көрі­ну­ле­рі тиіс. Спортшыларымыз өзде­ріне миллиондаған қазақстан­дық­тардың көз қадап отырғанын сезінулері керек.

Еліміз ұлттық құрама ко­ман­да­сының мүшелері алдына осын­дай міндет қойған Мемлекет басшысы Ойындарда спорт­тың 27 түрі бойынша еліміздің 107 спортшысы сынаққа түскелі тұрғанын тілге тиек етті. Жалпы, бұл додаға жер-жаһанның 10,5 мың спортшысы қатысып, спорттың 39 түрінен 302 медаль жиынтығын сарапқа салады.

– Төрт жылда бір айналып келетін Олимпиадаға қатысу және онда жеңіске жету өзін өзі лайықты бағалай алатын әрбір спортшы жетістігінің шыңы болып табылады, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы келесі кезекте. – Бүгінде спорт – жәй ғана жарыс емес. Ол – кез келген елдің ха­лықаралық дәрежедегі имиджін қалыптастыратын сала. Былайша айтқанда, спорт бір жағынан спортшының жетістігін күллі әлемге көрсетіп жатса, екінші жағынан осы арқылы өзін шы­ғар­ған елді сол жалпақ жаһанға таныстырып жатады. Олим­пиа­дашылардың жеңісінен кейін балалар спорт секцияларына барады. Бүгінде спорттың бұқаралық сипат алуына айрықша көңіл бөліп отырған мемлекетіміз қа­зақ­стандықтардың кемінде 30 пайызы спортпен айналысуын, саламатты өмір салтын ұста­нуын міндет етіп қойып отыр. Халық әрдайым спорттық жетіс­тік­тердің айналасына топтасады, қазақстандық патриотизм не­гі­зінде бүкіл еліміз бірігеді. Спорт – денсаулық, спорт – сұлулық, спорт – жетістік, спорт – адам мүмкіндігінің қырлары. Біз осыны әрдайым жадымыздан шы­ғар­мауымыз керек.

Осыдан кейін Елбасы 1996 жылы Қазақстанның ұлттық олим­пиялық құрамасының тарихта тұңғыш рет дербес команда болып Олимпиадаға қатысқанын еске алды. Соған дейін 1972 жылы Мюнхенде баскетболшы Әлжан Жармұхамедовтің Олимпиада чемпионы атанып, рухымызды қандай көтеріп кеткенін, гимнасшы Нелли Кимнің екі Олимпиадада бес дүркін чемпион болып, абыройымызды қалай асыра түскенін әңгімеге арқау етті. Егемендік жылдарында бокс­шыларымыз бірінен соң бірі Қазақстанды айдай әлемге таныта бастады. Солардың сапын­да­ғы Ермахан Ыбырайымов, Бекзат Саттарханов, Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев сынды саңлақтарымыз еліміздің атын Олимпиада тарихына алтын әріптермен қалдырды. Бұлардың бәрі, әлбетте, тәуелсіздіктің арқа­сында мүмкін болды. Қайсыбір жылы Қазақстанның велосипедшілер командасы үлкен жетістікке жетіп, күллі жер бетіне еліміздің есімін жа­лау­лата жазып берді. Бұлардың бәрі ешқашан ұмытылмайды. Олар халықтың жүрегінде, санасында, жадында мәңгілікке жар­қ­ы­рап қалып қойды, деді Президент.

– Мен сіздерді бүгін Лон­дон­ға жол жүрер алдында сәтті сапар тілеп, ақ батамды беру үшін шақы­рып отырмын, – деді Елбасы бұдан соң. – Енді өздеріңізді тыңдап көрейік. Соңғы Бейжің Олим­пиа­дасының алтын жүл­де­гері Илья Ильиннің не айтпағы бар?

Осы қаратпа сөзден кейін әйгілі ауыр атлетіміз бірден әң­гі­месінің тиегін ағытып ала жө­нел­ді. Ол өзінің сөзін Мемлекет басшысына өздеріне көрсетіп отырған ұдайы әкелік қам­қор­лығы үшін зор алғыс сезімін жеткізуден бастады.

– Еліміздің ұлттық құрамасы Отанымызға абыроймен оралу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды, – деп сендірді ол Елбасын. – Бұл спортшыларымыз үшін жасалып отырған барлық жағдай мен қамқорлыққа біздің қайтаратын жауабымыз болып табылады. Біз әрдайым бүкіл жан-дүниемізбен Сіздің қол­дау­ы­ңызды сезініп отырамыз. Бей­жің Олимпиадасындағы көр­сет­кіші бойынша Қазақстан ал­дың­ғы отыз елдің қатарына еніп еді. Енді Лондонда біз сол жетіс­ті­гі­міздің кездейсоқ келмегенін дәлелдеуіміз керек. Біз әлемдегі ең мықты деген спортшылардың өзімен лайықты бәсекеге түсуге дайын екенімізді мәлімдегім ке­леді. Қазақстанның қазіргі за­манғы және мықты мемлекет еке­нін бүкіл әлемге тағы да та­бандылықпен танытатын боламыз. Сіз менің барша жеңіс­терім­нің нағыз бірлескен авторы болып саналасыз.

Осы жерде ауыр атлеттердің соңғы кездері қол жеткізіп келе жатқан табыстарына сүйсіністік білдірген Мемлекет басшысы құраманың басшылығы тарапына да жылы сөздер айтты.

– Мұнда Алексей Генна­дье­вич­тің көп үлесі бар екенінен ха­бардармын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. – Ауыр атлеттерден көп үміт күтуге болатынын да білемін. Мынадай жүрекжарды жылы лебізден кейін ауыр атлетикадан еліміз құрама команда­сы­ның көп жылдардан бергі үзі­ліс­сіз бас жаттықтырушысы Алексей Ни өзін өзі тоқтатып тұра алмады.

– Бүгінде ауыр атлетика бойынша олимпиадалық құрама – тәжірибе мен жастықтың қо­сын­дысы, – деді ол бірден Елба­сы­ның сөзін ала. – Бұл дайындық, мақсат пен тәжірибе бізге ал­да­ғы Олимпиадада лайықты өнер көрсететініміз туралы сеніммен айтуға мүмкіндік береді. Мен өмір бойы спорт саласында ең­бек етіп келемін. Кеңестік ке­зең­де де жаттықтырушы болдым. Сондықтан бүгінгіні өткенмен салыстыруыма болады. Спортты дамыту үшін қазіргі Қазақстанда барлық жағдай жасалып жатыр. Мұндай қолдау бізде бұрын-соңды болып көрген емес. Біз бірегей спорт кешендері мен спорттағы осы заманғы озық тех­нологияға тікелей Сіздің қол­дауыңыздың арқасында қол жет­кіздік. Біз мұны анық сезініп, біліп отырмыз. Және оны мақ­тан да тұтамыз. Осыған байланысты мен Сізге спортшылар мен жаттықтырушылар атынан зор алғысымды айтамын.

Келесі сөздің кезегі грек-рим күресінің шебері Алмат Кебіс­баев­қа тиді. Ол өзінің сөзінің желісін еліміздегі балуандар шо­ғырының жас кезінде күреспен айналысқаны үшін Елбасын ерек­ше жақсы көретінінен тартты. Боз кілем шеберлеріне де Ұлт көшбасшысының бүгінгі жүрекжарды әрбір сөзі қатты әсер етіп отыр. Бұл кездесуден олар бойға қайтпас қайрат алды. «Ақорданың аясынан әкелік қамқорлық жасап отырған Сіз­дің ықыласыңыздан алған қуатты біз ешқайдан ала алмаймыз. Бұл – біздің тәнімізге емес, жанымызға берілген күш. Қазақ спортшылары қашан да бәсеке атаулының биігі – Олимпиададан құралақан оралған кезі бол­ған емес. Сондықтан да біз осы жолда алдыңғы буын аға­ла­ры­мыз­дың даңқты жолдарын лайық­ты жалғастыруға барымызды саламыз. Сіз артып отыр­ған зор сенімді ақтауға барынша ұмтыламыз», – деді ол.

Лондонда тұңғыш рет өткі­зіл­гелі отырған бокстан әйелдер арасындағы турнирдің қаты­су­шы­сы Марина Вольнова осы ойды одан әрі жалғастырып әкетті. Өзінің сөзін таза қазақ тілінде жеткізген былғары қолғап шебе­рі Қазақстанның спорты үшін әлем алдында мақтануға болатынын мәлімдеді. Ол Олимпия ойындарына жолдама алудың өздері үшін бірінші жеңіс болса, екінші жеңіске Лондонда қол жеткізетінін айтты.

– Ендігі негізгі мақсат – осы сапарда тек Сіздің ақ бата­ңыз­бен ел намысын қорғау. Аса мәртебелі Президент, жеңіспен ораламыз деп сендіруге рұқсат етіңіз, – деді боксшы қыз.

Бұдан кейін Лондондағы үкілі үмітіміздің бірі, жеңіл атлет Ольга Рыпакова сөз алды.

– Сіз бір жолы біздің елімізді барысқа теңеп едіңіз, – деді ол ерекше толғаныс үстінде. – Бұл – шынында өте бір әдемі теңеу. Сол Қазақстан барысы осы кезге дейін қатарынан үш рет ре­корд­тық секіріс жасады. Бірінші се­кіріс – тәуелсіздіктің қалып­та­суы мен мемлекеттіліктің ны­ғай­тылуы. Екіншісі – онжыл­дық­тағы екінші секіріс табысты даму мен самғауды білдіреді. Ен­дігі жерде, үшінші онжылдықта, біз жетістіктеріміз бен же­ңіс­терімізді бекітуіміз керек.

Қорытынды сөзді Мемлекет басшысы алды.

– Мені Ұлыбритания басшы­лы­ғы Олимпия ойындарына ша­қырды, – деді Президент. – Ол жерге баруға ниеттеніп отырмын. Бәлкім, әлдеқандай жарыс­тарды көрудің мүмкіндігі туып қалар. Ең бастысы, мен сіздердің дайын екендіктеріңізді анық аңғардым. Елдің спорттағы жетістіктері оның әлемдегі орнын белгілеп береді, мемлекет­тілігін нығайтады, халықтың топтасуына ықпалын тигізеді. Мен Үкіметке ғылыми-зерттеу инс­титуты мен антидопинг ор­талығын ашу мәселесін зерттеп білу туралы тапсырма бердім. Біздің спорттық әлеуетіміз жақ­сы. Осы мүмкіндікті дамытатын боламыз. Бүкіл Қазақстан сияқ­ты біздің спорттық командамыз да көпұлтты. Бұл – Қазақстан халқы­ның спорттық ассамблеясы. Мұ­ның маңызы өте зор. Яғни, бүкіл Қазақстан сияқты достықпен, бір командамен өнер көрсету және де жеңіске жету қажет.

Осы орайда Елбасы елі­міз­дегі жанкүйерлер спортшылары­мызға жан-жақты дем беріп, барлық қолдау шараларын атқа­ра­тындығын баса айтты. Бейжің Олимпиадасына мен де бардым, қалашықта болдым. Біреулері­ңіз­бен кездескен де шығармыз және осы жолы да бұл дәстүрді жалғастыратын боламыз, деді Мемлекет басшысы.

Салтанатты қабылдаудың со­ңында Нұрсұлтан Назарбаев елі­міз ұлттық құрамасының елі­міз­дің Олимпия ойындарына апаратын Мемлекеттік туын коман­да­ның ту ұстаушысы – балуан Нұрмахан Тінәлиевке өз қолы­мен табыс етті.

Осыдан кейін сөз алған Нұр­махан Тінәлиев осынау көрсе­ті­ліп отырған зор сенім үшін Елбасына алғыс сезімін жеткізді. Ол Елбасының сенімін, барша елдің сенімін ақтау үшін, көк туымыздың көк жүзінде ша­рық­тап, әнұранымыз әлемге шыр­қа­луы үшін, Қазақстанның күшті және өркендеген мемлекет ре­тін­де даңқын шығару үшін қол­дан келгеннің бәрін жасауға дайын екендіктерін жеткізді.

Кездесудің түйінінде Нұр­сұлтан Назарбаев спортшылар мен жаттықтырушыларға Лондонда өтетін Олимпия ойындарына сеніммен аттанып, жеңіс­пен оралуды тіледі.

Соңынан Мемлекет басшысы олимпиадашылармен бірге ес­керт­кіш суретке түсті.

Серік ПІРНАЗАР,

«Егемен Қазақстан».