«Астана қыраны» атанған Ғани Сейділдаев
Сәрсенбі, 11 шілде 2012 7:16
8 шілдеде Астанада қала әкімдігі мен Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының ұйымдастыруымен қазақ күресінен «Астана қыраны» жарысы өтті.
Осы күндері қыркүйекте жалауын көтеретін «Қазақстан барысы» турнирінің іріктеу жарыстары өңірлерде екі айдан бері жалғасып келе жатқаны белгілі. Жексенбі күні Астанада Балуан Шолақ балуанның ізін басқан астаналықтар арасында өткен бәсекеге 78 балуан қатысып, солардың 32-сі түйе балуандардың сайысына жетті.
Сәрсенбі, 11 шілде 2012 7:16
8 шілдеде Астанада қала әкімдігі мен Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының ұйымдастыруымен қазақ күресінен «Астана қыраны» жарысы өтті.
Осы күндері қыркүйекте жалауын көтеретін «Қазақстан барысы» турнирінің іріктеу жарыстары өңірлерде екі айдан бері жалғасып келе жатқаны белгілі. Жексенбі күні Астанада Балуан Шолақ балуанның ізін басқан астаналықтар арасында өткен бәсекеге 78 балуан қатысып, солардың 32-сі түйе балуандардың сайысына жетті.
Жарыстың ашылу салтанатына ұлттық спорттың жанашырлары – Спорт және дене тәрбиесі істері агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов, «КТК» телеарнасының бас директоры, «Қазақстан барысы» жарысы идеясының авторы Арман Шораев пен қалалық Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының бастығы Айталап Қорғамбаев қатысты.
Ресми бөлімінен кейін жарыс басталып та кетті. Алдымен 1/16 сайыстары өтті. Спортшылар өз қарсыластарын жеребе бойынша анықтады. Түйе балуандардың сайысын бастаған Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері, Азия чемпионы, екі дүркін әлем чемпионы Ғани Сейділдаев алғашқы кезеңін Әлібек Байсеновпен өткізіп, оны 19-шы секундта-ақ таза жеңді. Ал екінші ауыр салмақтағы балуан Қазақстан Республикасының спорт шебері, Қазақстан мен Азия чемпионы атанған Дархан Бижанов алғашқы кездесуінде жамбас ұпаймен жеңіске жетті. Ширек финалда Ғани Сейділдаев Төлеген Жетпіспаевпен боз кілемде 23 секунд қана өткізіп, бірінші қолданған әдістен кейін таза жеңсе, жарыстың бұл кезеңін Дархан Бижанов та уақытынан бұрын озып, 1/2 финалға жолдама алды.
1/4 финалға жеткен төрт жұптың ішінде сайыстың ең жас қатысушылары да бір-бірімен кездесті. 20-жасар Айбат Сейтен (лақап аты – «Қыпшақ») 18 жасар Әлібек Зекеновпен (лақап аты – «Темеш») белдесіп, жамбас әдісімен жеңген Әлібек жартылай финалға шықты. Мұнда жас жігіт тәжірибелі Дархан Бижановтан ұтылып, қола жүлдеге ие болды. Ғани Сейділдаев болса, финалға шығу үшін Азат Кенжебековті таза жеңді.
Сонымен, екі дос балуан қайта финалда кездесті. Ғани да, Дархан да өзіне бір-бір ұпайдан тек негізгі уақыттың аяқталуына жарты минут қалғанда ғана қоса алды. Қосымша уақыттағы белдесуде жеңіске жетіп, «Астана қыраны» атағына балуан Ғани Сейділдаев ие болды.
Жеңімпаздардың барлығына қомақты қаржылай сыйақы тартылды. «Жау жүрек» лақап атын жамылған Ғаниға 1 миллион теңге беріліп, иығына алтынмен қапталған шапан жабылып, «Алтын белбеу» тағылды. Екінші орынды иеленген «Ерке бала» Дархан Бижановқа 300 мың теңге қаржылай сыйақы беріліп, күміспен қапталған шапан кигізілді. Осы екі балуан енді қыркүйекте Астанада жалауын көтеретін «Қазақстан барысы» дүбірлі додасында елорданың намысын қорғамақшы. Үшінші орынға ие болған Азат Кенжебеков пен Әлібек Зекеновке әрқайсысына диплом мен 100 мың теңгеден сыйақы берілді.
– Финалда қарсыласым Дарханды жақсы танимын, бірге жаттығып, бір-біріміздің қылықтарымызды әбден білеміз, – деді жарыстан кейін «Астана қыраны» Ғани Сейділдаев. – Сондықтан болар, сайысты қосымша уақытқа дейін жеткізгенбіз. Бұған дейінгі қарсыластарымнан оңай өтсем, финалда, әрине, қиындау болды. Қарсыласым өте мықты балуан. Қазір жеңісіме өте қуаныштымын. Қазақтың төл спортын қолдап, жарысты жоғары дәрежеде өткізген ұйымдастырушыларға – қалалық спорт басқармамызға алғысымды білдіргім келіп отыр. Енді, «Қазақстан барысы» жарысына дайындаламыз.
Жарыс көрермендердің көңілдерінен де шықты. Тартысты белдесулерді тамашалаған астаналықтар мен қала қонақтары ұйымдастырушылар бекіткен ұтыс ойынына да қатысып, көбі үйлеріне бағалы сыйлықтармен қайтты. Ұялы телефондар, шаңсорғыштар, микротолқынды пештер, ЖК-теледидар, тоңазытқыш, велосипедтер ойнатылды.
Еліміз үздік балуандарының басын қосатын «Қазақстан барысы» жарысы Астана қаласында қыркүйек айында өтпек.