Жетісудың қос қарлығашы Айман, Шолпан Қожахметовалар Лондонда бақ сынайды
Сенбі, 14 шілде 2012 6:44
«Спорт – денсаулық кепілі» деген сөзді саналарына сіңіріп, саламатты өмір салтын берік ұстанған Айман, Шолпан Қожахметовалар 10 жасқа толғанда жүзумен айналысып, жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан чемпионатында 1-орынды жеңіп алған еді. Еліктің лағындай сүйкімді егіз қызға жерлестері дән разы болып, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген осы шығар деп үлкен үміт артатын. Ел үміті ақталды. Жетісудың қос қарлығашы топ жарып шықты. Бүгінде есімдері әлемдік спортта құрметпен аталады.

Айман мен Шолпан Қожахметовалар 1991 жылы 23 сәуірде Талдықорғанда дүниеге келді. Айман жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2010 жылы Вьетнамда, 2011 жылы Жапонияда өткен Азия чемпионаттарында қола медальдардың иегері атанды. Сочи қаласында өткен Ресейдің лицензиялық ашық чемпионатында ХХХ Жазғы Олимпия ойындарына жолдама жеңіп алды. Ал Шолпан жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының спорт шебері. Ел чемпионатының жеңімпазы. Мәскеу қаласында өткен Ресейдің лицензиялық ашық чемпионатында ХХХ Жазғы Олимпия ойындарына жолдама жеңіп алды. Айман, Шолпан Қожахметовалар – Қазақстан Республикасының 5 және 10 шақырымға спорттық жүрістен рекордын жаңартқан жүйріктер.
«Егіз қыздарымның Олимпиадаға барғанының өзі үлкен қуаныш. Әлемдік доданың нәтижесін әзірге бір Алла ғана біледі. Жолдары болсын балаларымның. Әке-шешесі спортшы болған соң өзіміз шыға алмаған шыңдарға балаларымыз шықса екен деген үмітпен олардың спортпен айналысуына қолымыздан келгенінше барлық мүмкіндікті жасадық. Қос қарлығашым бүгінде Прагада жаттығуларын жалғастыруда. Сағындық», дейді егіз қыздардың әкесі, самбодан Қазақстан Республикасының спорт шебері Болат Қожахметов.
Қорыта айтқанда, биылғы жылдың 11 тамызында Ұлыбританиядағы Жазғы Олимпиадада 20 шақырымға спорттық жүрістен бәсекеге түсетін Айман, Шолпан атты егіз қызға жетісулықтар зор сенім артып отыр.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.