Жусан иісі аңқыған ұлы даланың құдіретіне бас имейтін, алаңсыз да бақытты балалық шағы өткен туған ауылын қастерлеп, қадір тұтпайтын қазақтың баласы кемде-кем шығар. Жасыратыны жоқ, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етудің өзіндік ерекшеліктері мен ауыртпалықтары жеткілікті. Алайда, ерік-жігері, күш-қуаты мықты азаматтардың алдындағы биік қамалдан қаймықпайтындығы көңілге қуаныш ұялатары. Еліне, туған жеріне адал қызмет етуді ғұмырлық биік мақсатына айналдырған сондай азаматтардың арасында “Адал” агроөнеркәсіп кешенінің директоры Медетхан Игіліковтің болуы, әрине, құптарлық жәйт.
Еңбекшіқазақ ауданындағы “Жаңашар” ауылында орналасқан “Адал” агроөнеркәсіп кешені өнімдері Алматы облысы мен Алматы қаласы тұтынушыларына ғана емес, республика тұрғындарына да жақсы таныс. Қазақстандағы іргелі шаруашылықтардың біріне айналған бұл кешенде сүт өнімдерінің отызға жуық түрі шығарылады. Ең бастысы, бұл өнімдер табиғи тазалығымен қоса, жоғары сапалылығымен ерекшеленуде. “Адал” агроөнеркәсіп кешенінің директоры Медетхан Әбдіғалиұлының айтуынша, сүт зауыты алғаш іске қосылған 2004 жылы тәулігіне он тонна өнім өндірілсе, қазір сүт өнімдерінің көлемі тәулігіне жетпіс тоннаға жеткен. Қазірде бұл шаруашылықта 2000 ірі қара бар, оның 1100-і сауын сиыр.
– Еліміздің бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына қосылуына өзіндік үлес қосу – біздің басты мақсатымыз. Бір құптарлығы, “Адалдың” өнімдері тұтынушылардың сұранысына ие болуда. Алматы қаласын, Алматы облысын біздің өнімдерімізбен толықтай қамтамасыз ету соңғы кездерде қиынға соғуда, сондықтан ірі кешен құрылысы қолға алынды, мұның өзі мегаферма деп аталады. Ол жаңа технологиямен, су құрылысы коммуникациясымен жабдықталмақ. Соның нәтижесінде сүттің және сүт өнімдерінің сапасы жоғары болады деген сенім бар. Үкіметтік бағдарлама бойынша бизнес-жоспарымызды өткізген бізге жеңілдетілген несие де берілуі мүмкін. Өнім өндіруде тәжірибені жетілдіру, өндіріске озық технологияны енгізуде ілгерілеушілік бар, – дейді Медетхан Игіліков.
Германия, Дания, Швеция, Ресей, Татарстан мемлекеттеріндегі шаруашылықтардағы озық тәжірибемен алмасу өз нәтижесін беруде. Бір құптарлығы, “Адалда” бүгінгі күнге дейін жинақталған тәжірибе шетелдіктердің қызығушылығын туғызуда. Мәселен, пішендеме дайындауда шабылған шөпті бірден полиэтиленге орап дайындау әдісін атап айтуға болады. Өзгелер сияқты бір жылдық емес, көпжылдық шөп өсіру, сүрлем дайындау мәселесінде немістердің, ағылшындар мен америкалықтардың “Адалдың” озық тәжірибесіне жүгінуі көп нәрседен хабар берсе керек. Қандай салада болмасын жоғары жетістік, мол табыс ізденіс пен іскерліктің нәтижесінде ғана келетіндігі ақиқат.
Уақыт өткен сайын “Адал” агроөнеркәсіп кешенінде өндірістік көрсеткіштер, еңбек қарқыны артуда. Мәселен, бұдан он жыл бұрын әр сиырдан жылына 2700 литр сүт сауылатын болса, қазір оның көлемі 5400 литрге жеткен. Сонымен қатар, компаниядағы бес жүздей адамның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, соғыс және еңбек ардагерлеріне, мектеп оқушыларына қайырымдылық көрсету бағытында да игілікті іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, жас мамандар мен жас отбасыларын қаржылай қолдау, оларға бес пайыздық ссуда беру, жұмыс орнының тұрақты болуы табысты молайтуда.
Елуінші асуға аяқ басқан, көпшілік құрметіне бөленген азамат өзінің бүгінге дейін қол жеткен жетістігі ата-ана шаңырағындағы тәрбиеден басталып, содан кейін алғаш еңбек жолында қамқорлығын көрсеткен, тәжірибесін бөліскен жасы үлкен ағаларының көмегінің нәтижесі деп есептейді. Әкесі Әбдіғали, анасы – Шәрипа оны адалдыққа, имандылыққа баулыса, Тұрсынбай Шыңғысов, Темен Ниязбеков бірі шаруашылықтың бас экономисі, екіншісі шаруашылық директоры бола тұра жас маманды еңбекпен бірге, өмір қиындығын жеңуге де үйретті. Қазір ойлап қараса, сол кезде сол ағалардың жасы бар болғаны қырықта ғана екен. Соңынан “Адал” агроөнеркәсіп кешенінің аяғынан тұрып кетуіне ерекше қолдау көрсеткен тәжірибелі маман Смайыл Жолдасбеков пен оның ұлы Серік Смайыловтың іскерлік қабілеті, бойындағы азаматтық ұстанымы туралы Медетхан атап айтады. Шын мәнісінде де, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тоқырауға, банкротқа ұшыраған “Асыл” өндірістік кооперативін жекешелендіру кезінде оның мойнындағы қарызын өтеп, шаруашылықтың ұзақ ізденістен, өнімді еңбектен кейін жаңа үлгідегі және озық әдісті компанияға айналуында да осындай азаматтардың үлесі мол болғандығын ұжым басшылары назардан тыс қалдырмайды.
“Адал” агроөнеркәсіп кешенінің бас агрономы Шоқан Дүйсенұлы “шаруашылықтың көркейіп, ұжым мүшелерінің тұрмыстық жағдайының жақсаруы компания басшысы Медетхан Игіліковтің ұйымдастырушылық қабілетінің, өз ауылдастарына деген адал ниетінің жемісі” екендігін жасырмайды.
Шын мәнісінде де, бүгінгідей қиындығы, кедір-бұдыры көп тіршілікте, Шоқан Дүйсенұлы айтқандай, Медетханның өз бойындағы табиғи қасиетті жоғалтпай, өзгелерден жақсылығын аямауы оның адамгершілігін айшықтай түссе керек. Еліміздегі келешегі зор, іргелі шаруашылықтың басшысы ретінде ол компания өнімдерінің ғана емес, ең алдымен, әрбір адамның бойында адалдық болуына мүдделі.
“Бүгінде көп отбасында жас ұрпақ бойына Отанға деген сүйіспеншілік қасиетін сіңіру назардан тыс қалып отырғаны жасырын емес. Көбінесе байлыққа, мансапқа ұмтылу, яғни материалдық мүдде алға шығуда” деп есептейді ол. Атап айтарлығы, “Жаңашар” ауылында жас ұрпақ тәрбиесін жетілдіру, іскер кадрлар дайындау бағытындағы жетістіктер айқын аңғарылуда “Адал” компаниясы тек өткен жылдың өзінде төрт маманды іріктеп, Алматыдағы аграрлық университетке жіберіп, оларды өз есебінен оқытуда. Соңғы төрт-бес жылда отызға жуық жас отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Көрші Жамбыл облысы мен Семей, Талдықорған өңірлерінен келіп, “Адалға” жұмысқа орналасуға тілек білдірушілер де аз емес.
Бір таңғаларлығы, тұрғындардың тату-тәтті тіршілік кешіп, ынтымақта өмір сүруі, ал жастардың теріс қылықтардан өз бойларын алшақ ұстауы шаруашылықта тәрбие мәселесіне басты назар аударылатындығының айқын айғағы болса керек. “Жаңашар” ауылында қоғамдық негізде жұмыс істейтін “ақсақалдар алқасы”, “әйелдер кеңесі” қиын жағдайға ұшыраған отбасына да, өзгелерге де әрдайым көмек қолын созуда. Соның нәтижесінде, ауылда дау-жанжал, келіспеушілік жоқ, ең бастысы, ауылдастар бір-бірінің қызығына да, қиындығына да ортақ.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша әрбір адамның денсаулығы оның өмір сүру тәртібіне және дұрыс тамақтануына тікелей қатысты екен. Мәселен, сүт өнімін мол пайдалану жағынан ерекшеленетін Скандинавия елдерінде тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы әлем бойынша жоғары орынға шыққан. Сөйтіп, бүгінгі таңдағы ең шипалы әрі ең сапалы тағам сүт болып қала бермек. Қазақстандық өзге де сүт өндірушілермен бірге “Адал” да өз тұтынушыларының жоғары талабынан шығу бағытындағы іргелі жобаларды одан әрі жетілдіре бермек. Отандық өнімнің өтімділігін арттырып, өндірісті алға бастыруды ең басты азаматтық парызына айналдырған басшының келешекте де биіктен көріне беретініне көпшілік сенімі мол.
Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы.