13 Наурыз, 2010

БАЯНДЫ БАЙЛАНЫС БАЙЛАМЫ

594 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Сонау 1991 жылдың желтоқсан айында еліміздің тәуелсіздігін Еуропа төріндегі мемлекеттердің ішінен алғашқылардың бірі болып таныған Германия еді. Іле екі ел арасындағы уағдаластыққа сәйкес Алматыда “Неміс үйі” ашылған болатын. Ол біздің елдегі немістерге аталған мемлекет тарапынан қолдау, көмек көрсету мақсатынан туындаған игі шешім-тін. Соған орай жұмсалатын шығынды бастама иелері тік көтеріп алған. Тегінде бұл мемлекеттің тәуелсіз Қазақ еліне бірден көңіл аударуы бекерден бекер емес-ті. Өйткені, көпэтносты Қазақстанда кезінде 1 миллиондай немістер тұрды. Мұн­да, тіпті тәуелсіздік туы көтерілмей жа­тып-ақ осындағы немістердің “Возрож­де­ние” атты қоғамдық қауымдастығы құрыл­ды. Бастапқыда сол аталған қауымдастық екі ел арасындағы қандай да бір мәселеге дәнекер бола білді. Ал елдестірмек елші­ден дегендей, екі ел арасында ресми бай­ланыс орныққан соң, ол енді заңды түрде өз жалғасын тапқан. Бұрнағы жылдың күзінде біздің елімізге Германия Президенті Хорст Келлер ресми са­пармен келді. Екі ел басшыларының кездесуі барысында 2009 жылы – Қазақстанның Германиядағы, ал 2010 жылы Германияның Қазақстандағы жылын өткізу туралы өзара уағдаластыққа қол жеткізілді. – 2009 жылы Қазақстанның Германия­да­ғы жылының өз мәнісінде өткендігі баршамызға мәлім. Соның нақты бір көріністерін Семей өңірінің мысалдарынан да айқын аңғаруға болады, – дейді осындағы немістердің “Возрождение” облыстық бірлестігінің төрағасы Анатолий Визе мырза. Ол солай дей келіп, “Возрождение” қауымдастығының – 20 және Алматыдағы “Неміс үйінің” 15 жылдығы да былтырғы игі шара аясында аталып өткен­дігіне тоқтала кетуді ұмытпаған. Сөйтіп, Қазақстанның Германиядағы жылы ол жақта да, бұл жақта да мағыналы өтті. – Республикалық “Возрождение” қауымдастығы республика Үкіме­ті­мен бірлесе отырып, сол өткен жылғы шараға орай қырықтан астам іс белгілеген болса, соның бәрі дерлік орындалды, – дейді Анатолий Рудольфович. – Қазақ­стан­ның Германияда жылы өтіп жатқа­ны­нан ел құлағдар болсын деген мақсатпен, жергілікті теледидардан хабар, баспасөз беттерінде мақалалар ұйымдастырдық. Мә­де­ниет үйлері мен кітапханаларда тақы­рып­тық кештер мен дөңгелек үстелдер, көр­мелер, викториналар көптеп өткізілді. Олардың соңы біздің бірлестік жанындағы “Айнхайт” (“Бірлік”) вокальды-аспапты ан­самблінің мазмұнды ойын-сауығына ұласты. Осындай кездесулер барысында жүрек тербеген қуанышты сәттер аз болмады. Айталық, Абай атындағы кітапханада неміс әдебиеті мен мәдениетіне қатысты кітаптар баршылық екен. Ол енді – заңдылық. Өйткені, заманында бұл кітапханада хакім ақынның өзі де болып, аударма түрінде болса да Гете, Шиллер шығармаларымен танысқан, танысып қана қоймай, солардың қайсыбірін қазақ тіліне аударған. Өткен жылы, сондай-ақ мектептер мен жоғары оқу орындарында болып, оқушы, студенттермен жиі кездесулердің сәті түсті. Сонда жастарымыздың білмекке құлшы­ны­сын аңғарып, сүйсіндім. Олардың әлем халықтарының тынысын тамыршыдай тап басқан танымына сүйсіне отырып, елдер арасындағы осындай байланыстың қай кезде болса да қажет екендігін түйсіндім. Өткен жыл оқиғасына осылайша бірер мысалдармен көз жүгіртіп өткен бірлестік төрағасы бұдан кейін әңгіме барысын би­ылғы шараға қарай бұрған. Германияның Қазақстандағы жылына орай рес­пуб­ликалық қауымдастық тара­пынан да, бұлардың бірлестігі тарапынан да іс-шаралар тізімі жыл басында-ақ жасап үлгеріліпті. Әдеттегідей ол жергілікті теле­дидар хабарына қатысып, биылғы шараның өзіндік маңызына тоқталыпты. Осы орайда, Анатолий Рудольфович жергілікті тележурналистердің құрғақ сөзбен шектелмей, хабарды қызғылықты сюжеттермен толықтыра білгендігіне өз ризашылығын білдіріп отырды. Мәселен, қала көшелерінде Германияның Қазақ­стан­дағы жылына орай жүргізілген сауал­да­малар мен сол Германиядан жеткізілген сапалы құрал-жабдықтардың өңір эко­но­микасын дамытудағы маңызын көрермен қызыға көретіндігіне дау жоқ. Хабарда, сондай-ақ ғылым мен мәдениет жаңалығы да назардан тыс қалмаған. Айталық, осы өңірдегі Делбегетей деген жерде Герма­ниядан келген экспедиция жұмыс істеп жат­қан көрінеді. Әлгі экспедиция осы жер­ден бұдан 3-3,5 мың жыл бұрынғы шахта орнын тапса керек. Кейін бұл жер ашық аспан астындағы мұражайға айналуы әбден мүмкін. Сонсоң әлгі хабарда үш тілді – қазақ, орыс және неміс тілдерін жетік білетін Лариса Захарова деген неміс қызының 2001 жылы Абайдың қара сөздерін Алматыда не­місше бастырып шығарса, биыл ол Гер­манияда қайта басылып шыққалы жатқаны айтылады. Бұл, әрине, үлкен жаңалық. Кезінде Семейде қызмет жасаған, қазірде Алматыда тұрып жатқан Лариса Арташев­на­ны біз де білуші едік. Ол кісінің мына харе­кетін хакім Абайға, Абай арқылы қазақ халқына көрсетіп отырған құрметі деп түсіндік. Ал семейліктер тарапынан неміс халқының ұлы ақыны Гетеге құрмет көрсетілгеніне де біршама жылдың жүзі болып қалды. Яғни, мұнда орталықтағы бір көшеге Гете есімі берілген болатын. Бірлестік төрағасы екі ел өміріне қа­тыс­ты мұндай жарқын мысалдар көп еке­нін айта келіп, соның және біріне тоқ­тал­ған. Кезінде Семей өңіріндегі неміс эт­носы­ның саны 40 мыңның үстінде болған. Қазірде содан 13 мыңы қалыпты. Енді мына бір дерекке назар аударыңызшы, дейді ол. Германияда Шпайхен деген қала бар. Семей өңіріндегі Переменов ауылынан сол жаққа қоныс аударған осы ауыл тұр­ғындарының 80-ге жуығы аталған қаланың бір кәсіпорнында жұмыс істейтін көрінеді. Соның ішінде қалалық муниципалитетке қызметкер болып кірген кешегі жерлесіміз де бар екен. Неміс қызына үйленген Дәуі­тов деген қазақ азаматы да сол жақта тұрады. Бұлардың қай-қайсы болса да Семей өңірімен байланысын үзген емес. Енді олар Семей мен Шпайхенді бауырлас қалаларға айналдыруға күш салып жүр. Анатолий Рудольфович келесі кезекте бізді өздерінің Герма­нияның Қазақстан­дағы биылғы жылына орай жасалмақ іс-шараларымен таныстыр­ған. Алда өңірлік Қазақстан халқы Ассам­блеясының көме­гімен облыста тұратын немістер туралы деректі фильм түсірілмек. Оның арасында осындағы былтырғы жылы жаңадан ашылған Қазақстанның тұңғыш Президентінің мектебінде, қарттар үйінде, әдеттегідей мәдениет мекемелері мен кітапханаларда тақырыптық кештер мен дөңгелек үстелдер, көрмелер өткізілмек. Оның соңы “Айнхайт” ансамблінің өнер сауығына ұласпақ. Сөз арасында бұл ансамбльдің жетекшісі Марина Ляпинаның кезінде Германияда оқып, білімін толықтырып келгенін айтқан. Яғни, Маринаның әлгіндей кештерде алыстағы ел туралы да айтары бар деген сөз. Алдағы наурыз айында неміс мәдениетіне арналған облыстық фестиваль өткізілмек. Одан кейінгі жерде “Алыс та жақын Германия” деген тақырыппен дөңгелек үстел ұйымдастырылады. Мемлекеттік тілді меңгеру жөнінен өтетін облыстық сайысқа неміс жастарын даярлау ісінен де бірлестік сырт қалмақ емес. Міне, жоспардағы іс-шара өстіп бір-біріне жалғаса бермек. Сонсоң өңірімізге Германия жағынан келетін түрлі өнер делегацияларын да күтіп отырған жайымыз бар, дейді ол. Соған орай аталған елдің салалық министрлігінен мәдениет жөніндегі сарапшы бұл жаққа арнайы келіп, бірқатар мәдениет мекемелерінің мүмкіндігін алдын ала көріп кетіпті. “Келгенше қонақ, келген соң үй иесі ұялады” дейді ғой қазақ. Бұл тұрғыдан алғанда екі жақтың да ұялып қалмайтындығына нық сенімдіміз, дейді Анатолий Визе. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей.