Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің жетекшілігінде “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйлері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасының таныстырылымы өтті.
Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі депутат Бақыт Сыздықова отырысты жүргізді. Заң жобасымен Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Фархат Қуанғанов таныстырды.
Республикада отбасы үлгісіндегі 6 мемлекеттік және 3 жеке меншік SOS балалар ауылы жұмыс істейді, оларда 600-ге жуық жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленуде. Жыл сайын жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру интернаттық ұйымдарының 9 және 11-сыныптарын 2 мыңға жуық бала тәмамдайды. Оның ішінде 400-ге жуық бала 10-сыныпта, ал 1700-ден астам бітіруші кәсіптік, техникалық және жоғары оқу орындарында оқуларын жалғастырады. Олардың 45%-ы ғана отбасы үлгісіндегі балалар үйлері мен балалар ауылының түлектері ретінде жасөспірімдер үйлерінде тұруға құқығы бар.
Мектеп-интернаттары жанында жасөспірімдер үйлерін дербес мекеме ретінде құру нормасын енгізу тұрғын үйге мұқтаж жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған интернаттық мекемелердің тәрбиеленушілері арасынан барлық бітірушілерге 23 жасқа дейін әлеуметтік бейімделуден өту кезеңіндегі тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Заң жобасының таныстырылымында депутат Гүлнар Сейітмағанбетова “Балалар 23 жасқа толғаннан кейін қайда барады?” деген сұрақ қойса, депутат Тито Сыздықов заңда көрсетілген “Тәрбиеші-ана”деген атаудың тәрбиешілер ер адам болған жағдайда атауы сәйкес келмейтінін айтып, “Жол картасы” мемлекеттік бағдарламасына осы жетім балалар үшін жалға беретін болса да баспана беруді қарастырған жөн. Ата-анасыз жетім қалған баланы енді баспанасыз да қалдырған үлкен обал болар”, – деп әріптестеріне ой тастады. Депутат Алдан Смайыл “Бұл заңның ең негізгі тұжырымы – Қазақстандағы жетім балалар үйін жоюында болғаны. Балалар үйіндегі әр балаға мемлекет тарапынан есеп-шот ашылып, оған жиналған қаржы бала 23-ке толғанда баспана сатып алуына жетуі керек”, деген ұсыныс айтты. Заң жобасының қызу пікірталасына комитет төрайымы Динар Нөкетаева мен комитет мүшесі Қылышбай Бисенов қатысты.
Алдағы уақытта депутаттар өз ұсыныстары мен пікірлерін жұмыс тобына жазбаша түрде түсіретін болады.
Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист.