13 Наурыз, 2010

ДҮБІРГЕ ТОЛЫ ДҮНИЕ

618 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Жосықсыз жақыннан парасатты жат жақсы Виктор Януковичтің ресми түрде Украина президенті қызметіне кіріскеніне екі-ақ апта уақыт өтті. Осы қысқа мерзімнің өзі де жаңа президенттің ұстанатын бағытын біршама аңғартқандай. Сайлауға дейін, оның ба­ры­сында жұрт Яну­ковичті Ресейге бет бұ­ра­ды деген. Оның да бір қисыны бар еді. Бұрынғы билік Батысқа бет бұрды, Мәс­кеумен тіл та­быс­пады. Янукович, оның Ай­мақ­тар партиясы оларға оп­по­зи­цияда болған соң, қарама-қарсы бағытты ұстанады деген тұжырым жасалды. Тіпті, Мәскеудің өзі Януковичті өз адамы санап, оның жеңісіне тілектес болғаны да анық. Рас, Виктор Януковичтің “қызыл-сары революцияны” жасағандардың Ресейге, орысқа қарсы саясатын қатты айып­та­ғаны белгілі. Оны Мәс­кеуге бүйрегі бұрды деп қабылдауға да болар еді. Сонымен бірге, бұрынғы тағдырлас елмен ғана емес, экономикасы тығыз бай­ланыста болған, бірігіп шешетін мәселесі көп елмен дұрыс қарым-қатынас жасау Украинаның өзі үшін де пайдалы, парасатты сая­сат екені даусыз. Мұны әсте де Яну­ковичтің Батысқа теріс қа­рай­тын­дығы деп түсіндіруге болмас еді. Украинадағы “Қызыл-сары ре­волюцияға” Батыстың бағасы да біржақты еді. Мұнда да Ре­сейге қарсының бәрі жақсы деген ұстаным үстемдік етті. Әйтпесе Виктор Ющенко мен Юлия Тимошенконың әрекет­те­рінде демократиядан гөрі даңғазалық, саяси ойын басым екенін алғашында-ақ аңғаруға болатын. Олардың кейбір жосықсыз әрекеттері өздерінің ғана емес, қолдаушыларының да абыройын түсірді. Украина Батыспен кіріге алмады. Ең алдымен олардың жосықсыз саясаты кіріктірмеді. Басқасын былай қойғанда, Украина арқылы өтетін Ресейдің мұнайы мен газының Батысқа жүйелі жетуіне кедергі жасағаны үшін де Батыс бұл елге мықтап өкпе айтуына тура келді. Тіпті басқа елеусіз елдерге есігін айқара ашқан Еуроодақ та Украинаға оң қабақ көрсетпеді. Сөйтіп, ұстанған бағыты Батысқа жақын болғанмен, жүргізген саясаты Украинаны Ба­тыстан оқшау қал­дырды. Со­дан да Ресейден ке­тіс­кен­мен, Ба­тыс­пен келісе ал­ма­ған Укра­и­наның эко­но­микасы шатқаяқтады. Януковичтің жеңісін де тым жоғары ба­ға­лау­ға болмас. Мұн­дайда жеңістен гөрі қар­сы­ластың жеңілісіне көп мән беріледі. Дегенде, Януковичтің бағдар­ламасынан парасатты ұстанымды да аңғаруға болғандай еді. Ол не­гізінен елді екіге бөлмей, ха­лықты бір мақсатқа біріктіруді, Украи­наны саяси-экономикалық тұй­ық­тан алып шығуды ұсынды. Ха­лық­тың басым бөлігі оны құп көрді. Сайлаудан кейінгі уақыт та біраз жайды аңғартты. Ющенко масқара жеңілістен кейін абы­рой­дан біржола айрылса, Тимо­шен­ко­ның сотқа жүгінген, үкімет бас­шысы қызметінде қалғысы келген әрекеттері де оның беделін кө­тер­ген жоқ, керісінше оның жеңі­лісін нақ­тылай түсті. Осының бәрі В.Януковичтің ұпайын көбейткені анық. Әлі де пар­ламенттің жұмсақ орын­та­ғын­да қалғысы келген депутаттар оның біраз ұсыныстарын қол­дай­тын түрі бар. Оның бір көрінісі бұ­рын парламентте көпшілік орны бар Тимошенконың отставкаға жіберілуі еді. Жұрт күткен басты мәселе – Януковичтің Батыс пен Ресейге көз­қарасына келсек, оның ал­ғаш­қы қадамдарынан пара­сат­ты­лық­ты аңғарамыз. Бұл екі бағыттың бі­реуін таңдап, екіншісінен бас тартқан жоқ. Ең бастысы – Украи­наға тиімді нәрсенің бәрін қолдайтынын сол алғашқы қа­дам­дарында-ақ көрсетті. Алғашқы сапарын Брюссельден бастаса да, Ресейді де ұмытқан жоқ. Мәскеу неге маған алдымен келмедің деп өкпелемейтіні анық. Батыс та оның бұл қадамдарын құптап жатыр. АҚШ сенатының Украи­на­да демократия бағытында оң қадам барлығын атап көрсетуі де Януковичтің қызметіне баға, күні кеше жат саналған тұлғаның қыз­метін мойындау. Бұл жаңа пре­зи­дент үшін жақтастарының мақ­тауынан әлдеқайда маңызды. АйдаҺар алыптарды да жұтып жібереді Мынау дағдарыс деген тажал талай елге, тіпті ең мықты деген елдерге де сын болды. Әлемдегі ең мықты саналатын екі алып – АҚШ пен Жапония да есеңгіреп қалды. Біріншісіне тісі батпағанмен, екіншісіне Қытайдың ауыз сала бастағаны анық. Қытайлықтар жапондардың бір­шама кәсіп­о­рын­дарын сатып алып жатқан кө­рінеді. Бұл жерде ешкім сатуға бол­майды дей алмайды. Еш­кімнің айтқа­ны­на көн­бейтін на­рық заңы деген бар. Әр­кім өз пай­дасын ойлайды. Сауда тауардың өткенін қалайды. Оны кімнің алғанында шаруасы жоқ. Технологиялық дәрежесі жағынан жапон экономикасының қытайдыкінен әлдеқайда жоғары екені де белгілі. Қытайларды қы­зықтырып отырған да сол жо­ғары технология, соны ием­денбек. Дәл осы жерде әңгіме дағдарысқа барып тіреледі. Сол дағдарыстан жапондар әлсіреңкіреп қалды, ал қытайлар аман. Олардың негізінен жоспарлы экономикасы дағ­да­рыс­қа төтеп берді. Енді басқалардың әл­сірегенін пайдаланып, өз эко­номикасын жоғары технологиямен жаб­дықтап алуды көздеп отыр. Оның бір жолы – жоғары технологиялы кәсіпорындарды сатып алу. Өткен жылы Қытай фир­ма­лары одан бір жыл бұрынғыға қа­ра­ғанда, жапон компанияларының акцияларын төрт есе көп сатып алыпты. Соның арқасында бір­шама жетекші кәсіпорындардың ак­цияларының басым көпшілігін қытайлар иемденіп, олардың қожасына айналған. Демек, кә­сіп­орын тағдыры солардың қолында. Оларға ең алдымен жоғары технология қажет. Тіпті кәсіпорын банкротқа ұшыраса да, қытайлар өздерінде қалатын жоғары тех­нологияны өз жағдайына ың­ғай­лап, қайта құра алады. Бүгінге дейін бұл елдің халық көп тұтынатын арзанқол тауар­ла­рымен әлемді тоғытып жібергені де белгілі. Ал енді ел басшылары ҚХР-ды шын мәнінде жоғары технологиялы индустриялық дер­жаваға айналдыруды мақсат етіп отыр. Сондықтан да үкімет бұған дейін өз кәсіпкерлерінің шетел компанияларын сатып алуына шек­теу қойып кел­се, ен­ді оған жол аш­ылды. Со­ның ар­қасында біраз са­лада Қы­тай же­текші ор­ын­ға шық­­ты. Ай­та­лық, бұған дей­ін өң­деуші станок шы­ғаруда Жа­по­ния бірінші ор­ын­да болса, енді Қы­тай­ға жол беріп отыр. Ресейдің “Коммерсант” газеті мынадай мысал келтіреді. Жа­по­нияда “Лаокс” фирмасының орны бөлек. Жергілікті халық та, сырт­тан келгендер де сол фир­маның дү­кендерінен өз қа­лау­ларын та­бады. Онда электрондық тех­но­ло­гияның ең жаңа үлгілері, сондай-ақ соған негізделген базарлық тау­арлар сатылады. Енді сол дү­кен­дердің сатушыларының арасынан орыстарды, тіпті өзбектерді де кездестіруге болады екен. Олар – Қытай фирмасының адамдары, жапондарды алмас­тыр­ған. Әлгі сатушылар – азға қанағаттанатын арзан күштер. Мұндағы ең басты жаңалық – жапондардың ығыстырылғаны. Бұл жапондарға қиын. Бірақ оған қарсы шыға алмайды. Дәлірек айтқанда, шамасы келмейді. Қытайлар тек жоғары техно­ло­гия­ларға ғана ие болып отырған жоқ, бүкіл жапондық тех­но­ло­гия­лық жүйеге ие болып отыр. Та­уарды өңдеу, тасымалдау, сақтау, өт­кізу – жапонша, игілігін көретіндер – қытайлар. Тағы бір мысал. Бизнес әлемі дизельдік қозғалтқыштар ком­поненттерін шығаратын жапон­дық “Никко Денки” компаниясын жақсы біледі. Бұл өнім барлық жерде қажет, сапасы да жоғары. Енді бұл компания жапондікі емес, қытайдікі. Және бұрынғы өніміне қоса, автомобильдерді жабдық­тайтын басқа да зәру бөлшектерді шығаратын болады. Бұл жөніндегі жапон беделі қытайларға ауысты. Жалпы, әлемде бүгінге дейін жапонмен бәсекелесу деген сөз оғаштау естілер еді, ал қазір жұрт олардың қытай айдаһарының алдында бас игенін де көріп отыр. Сонда басқалар қайтпек?