Әлем • 23 Сәуір, 2019

Сұлтан Бейбарыс мешіті қайта жаңғырады

1760 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мысыр астанасы Каир қала­сындағы ең ірі екінші мешіт – Сұл­тан Бейбарыс мешіті. Бұл тарихи ескерткішті қалпына кел­тіру жұмыстары жандана түспек. Жақында еліміздің Сырт­қы істер министрлігі Мы­сыр­ үкіметі осы жобаға 181 мил­лион фунт бөлгенін хабарлады.

Сұлтан Бейбарыс мешіті қайта жаңғырады

Қазақстан мен Мысыр арасындағы достық бай­ланыстың рәмізіне ай­нал­ған Сұлтан Бей­барыстың мұра­сын жаңғырту жұмыстары 2007 жылы бас­талған. Сол жылы 28 қа­занда екі елдің үкіметтері ара­сын­да келісім жасалып, аталған мешітті рес­таврациялау жобасына 12 млн­ АҚШ доллары мөлшерінде бюд­жет белгіленген. Соған сәйкес, Қа­зақстан тарапы 4,5 млн АҚШ долларын бөлді. Қалған бөлігін Мысыр үкі­меті қар­жыландырып, жоба 2011 жылдың қазанында аяқ­талуы керек бол­ған. Бірақ сол кездегі саяси және эко­номикалық дағдарыс себебімен жұмыс тоқтап қалған еді.

Енді аталған тарихи нысанды жаң­ғырту жұмыс­тары қайта қолға алынбақ. Қазақстанның елшісі Арман Исағалиев Мысыр Араб Республикасы (МАР) Парламентінде Уақыптар министрі Мұхтар Джу­маамен кез­десіп, онда Мысыр үкіметінің Сұлтан Бейбарыс мешітін қалпына келтіру үшін 181 миллион фунт, яғни 10,5 миллион АҚШ долларын бөлгені мәлім болды. Бұған қоса, Уақыптар министрлігі өз қаражатынан бұл жобаны тез аяқтау мақсатында қосымша 10 миллион фунт бергенін айтты. Бұл жаңалық жаңғырту жұмыстарының көп ұзамай аяқталатынын білдіреді.

Былтыр қазан айында, яғни 7 жылдан соң, Сұлтан Бейбарыс мешітінің рес­таврациялау жұ­мыстары қайта бас­талды. Жобаны МАР Көне ес­керт­­кіштер министрлігі және бас мердігер «Араб контракторс» компаниясы іс­ке асырады. Мешіттің шаңырақты бөл­мелері, дәлізі, күмбезі, мұнаралары қай­та көтеріліп, орталық алаң мен сырт­қы қабырғалары жөндеуден өте­ді. Жобаның техникалық бақылауын мы­сырлық археологтар мен тарихи сәу­летшілерден құрылған арнайы комиссия жүргізеді.

Сұлтан Бейбарыстың әмірімен сол дәуірдің озық сәулет үлгісіндегі бұл мешіт 1267 жылы бой көтерген. Зәу­лім ғимараттың аумағы 10 мың шаршы метр аумақты алып жатыр, ал тас қабырғаларының биіктігі – 11 метр. Салынғанына сегіз ғасыр бол­ған мешіттің тек биік бағаналары ғана сол күйі сақталған. Бұл нысан бойын қайта тіктегеннен кейін елдегі ең танымал тарихи және туристік ор­та­лықтардың біріне айналады деген сенім бар.