Аймақтар • 23 Сәуір, 2019

Туристік экспедиция Түркістан өңірінде

979 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ғалымдардың зерттеуінше, Түркістан облысы Бәйдібек ауданындағы Ақмешіт үңгіріндегі ауа адамның жүйкесін тыныштандырып, қан қысымын жақсартады. Бойдағы жағымсыз энергияны тартып алады. Үңгірдің осындай ерекше бір қасиетін туристік экспедиция құрамында еліміздің түкпір-түкпірінен келген 700-ге жуық саяхатшы сезініп те қайтты.

Туристік экспедиция Түркістан өңірінде

Республикалық «Nomad explorer»  экспедициясының мүшелері «Оңтүстік аңыздары»  тақырыбымен өткен саяхатта Ақмешіт үңгіріне аялдап, Домалақ ана кесенесіне зиярат жасады.  Сондай-ақ Шаяндағы Аппақ Ишан мешітінің тарихымен танысты. Өлкетанушы,  «Оңтүстік аңыздары» бағытының авторы Ерлан Сыздықтың айтуынша, саяхатшылардың алған әсері керемет.  Оларды өлкенің табиғаты мен аңыздары қатты қызықтырған.  

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұған дейін республика көлемінде 3 экспедиция өткен, дегенмен ауқымы және қатысушылар саны жағынан ең үлкені – осы «Оңтүстік аңыздары» болып отыр.  Айта кетелік, Марғұлан Сейсембаевтың бастамасымен құрылған экспедиция құрамында елге танымал қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, өлкетанушылар, журналистер, кәсіпкерлер мен спортшылар және басқа да сала өкілдері бар.  

"Оңтүстік аңыздары" экспедициясы бір аптаға жоспарланған. Бірнеше жылдан бері еліміздің көрікті және тарихи маңызы бар жерлеріне саяхат жасап, ішкі туризмді дамытуға атсалысып жүрген «Nomad Explorer» экспедициясының бағыты Жамбыл және Түркістан облыстарын қамтиды.   Саяхатшылар сапар барысында Ақсу шатқалдары, Ақмешіт үңгірі сияқты табиғи және Арыстан баб кесенесі, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Домалақ ана мазары, көне Сауран, Отырар қалалары сияқты тарихи ескерткіштерді көреді. Ескерткіштерді тамашалаумен қатар, экспедиция мүшелері тренингтерге қатысып, пікір алмасу алаңында қозғалған тақырып аясында ойларын білдірмек.

Түркістан облысы