Сондай-ақ 20 омарташыны біріктірген «Мед Прииртышья» кооперативі бал өнімдерін ұсынады. Мақсат – жергілікті балдың сапалы әрі пайдалы екенін жеткізу. Дәріханада жергілікті омарташылардың шығарған прополисі бар мұз кәмпиттері, балды алма, ұядағы бал бар.
Енді омарташылар «Жемчужина долголетия» шипажайында «Аралар ұясындағы ұйқы» атты емдік-сауықтыру әдісін өткізіп көрмек. Омарта шаруашылығының жетекшісі Сергей Трофимовтың айтуынша, демалушылардың ара ұясында жатып ем алуына арналған екі орынды, үш бұрышты шағын үйлер орнатылады.
– Әр орынның төменгі жағында төрт ара ұясы орналасады. Аралар ұшып жүрмес үшін ұя беті торкөзбен жабылады. Ем алушы үшін тақтай үстіне көрпе төселеді. Хош иісті гүлдер иісімен тыныстап, адамның жүйкесі тынышталады. Жүрек-қан тамырлары сауығып, өкпесі тазарады. Ара ұясындағы ұйқы барысы дәрігердің бақылауында болады, – дейді.
Сонымен бірге омарташылар «Березка» саяжайы маңында экотуризмге арналған орын ашпақ.
– Бал ағзадағы зиянды қалдықтарды шығаруға, ағзаны жасартуға, артериалдық қысымды төмендетуге және семіздікпен күресуге көмектеседі, – дейді омарташылар.
Жаз кезінде өңір тұрғындары осы жерде демалады, омарта шаруашылығымен танысып, өздері де бал жинай алады.
Павлодар облысы