Достық үйінде Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясының Өзбек этномәдени орталығы Дүниежүзілік өзбек жастары Ассоциациясының өкілдерімен кездесті.
Пікір алмасу барысында тараптар: өзбек тілін оқыту курстарын ашу, этникалық мектептерге арналған оқу әдістемелік құрал шығару, өзбек этномәдени орталығын кітаппен, ұлттық құралдармен, ұлттық киімдермен қамтамасыз ету және көптеп қоғамдық-мәдени шаралар ұйымдастыру мәселелерін талқылады.
Кездесуге келген қонақтар – Қазақстандағы Өзбекстан Республикасы Елшілігінің консулы Д.Хакимов; Өзбекстан жастары дүниежүзілік Ассоциациясының Төрағасы М.Алимбаев; Шетелде оқитын жастармен жұмыс жасау бөлімінің басшысы А.Комилов; Қызметтегі жастармен жұмыс жасау бөлімінің бас маманы А.Урмонов осындай отырыстардың маңызын атай өтіп, ұйымдастырушыларға зор ризашылықтарын білдірді.
Ал қонақтарды елордамыздың Достық үйі шаңырағының астында, зор құрметпен қарсы алған Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясының Өзбек этномәдени орталығының өкілдері – Ш.Пулатов, А.Шарипов, М.Абдужаббаров, С.Юлдашев қонақтарға естелік сыйлықтарын тарту етті.
Пікір алмасу алаңының қатысушылары бірауыздан: өзбек этносына қолдау көрсетіп, түрлі іс-шараларды бірлесе атқарып жатқаны үшін қазақ еліне, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне, Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясына алғыстарын білдірді.