«Қазақстанда иммундық алдын алу – денсаулық сақтаудың басым бағыттарының бірі. Вакциналар негізгі дәрілік заттар тізіміне енгізілген және халықты вакциналау «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіреді. Ұлттық профилактикалық егулер күнтізбесі 21 инфекциялық аурудан қорғауды қамтиды. Еліміздің екпелер күнтізбесі ДДҰ-ның қағидаларына сәйкес келеді және көптеген дамыған елдердің (Аустрия, Израиль, Бельгия, Германия, Түркия, Жапония) иммундау жүйесіне ұқсас. 2008 жылдан бастап Қазақстанда вакциналарды енгізу үшін қайта қолданылмайтын шприцтер пайдаланылады. Бұдан басқа, иммундаудан кейін қолайсыз көріністердің дамуы бойынша қауіп-қатерді төмендету мақсатында 2013 жылдан бастап балаларға арналған көп дозалы вакциналар бір дозалы вакцинаға ауыстырылды. Бұл ретте балалар үшін ауырсынуды азайту мақсатында (екпе санын азайту) бір уақытта бес және алты инфекциядан қорғайтын вакцина қолданылады. Балаларды сапасына кепілдік берілген вакциналармен қамтамасыз ету мақсатында министрлік тек ДДҰ сертификаттаған вакциналарды сатып алады. Иммундау көмегімен инфекциялық ауруларды және одан болатын өлім-жітімді азайту үшін көп жұмыс атқарылды. Соңғы 20 жылда (1998 жылдан бастап) мынадай сырқаттанушылық көрсеткіштері төмендеді: қызамық – 1998 жылғы 15 мың жағдайдан 2018 жылы 1 жағдайға дейін, паротит – 140 еседен астам (2018 жылы 38 жағдайға дейін), «А» вирустық гепатиті – шамамен 40 есе (2018 жылы 880 жағдайға дейін), «В» вирустық гепатиті – 40 еседен астам (2018 жылы 95 жағдайға дейін), дифтерия жағдайлары 10 жыл бойы тіркелген жоқ. Дәрігерлер балалардағы В гепатитінің клиникасын ұмыта бастағанын айтады, өйткені соңғы жылдары балалар В гепатитімен өте сирек ауырады», дейді Бас санитарлық дәрігер.
Сонымен қатар ол вакцинадан бас тарту нәтижесінде соңғы жылдары тұрғындар арасында вакцинамен басқарылатын инфекциялар тіркелгенін тілге тиек етті.
«Биыл 5847 қызылша жағдайы тіркелді, оның 60,7%-ы егілмеген адамдар (3553 адам), оның ішінде 569 адам бас тартуына байланысты. 2018 жылы егілмеген адамдар арасында (55) қызылша, (81) көкжөтел жағдайы тіркелді. Соңғы уақытта вакцинадан бас тарту мәселесі маңызды болып тұр. 2018 жылы елде вакцинадан 5750 бас тарту тіркелді (2017 жылы – 5388 жағдай). Ресми деректер бойынша жеке наным бойынша бас тарту басым, олар барлық бас тартулардың 51%-дан астамын құрайды, діни себептерге байланысты 32%-дан асады, 10%-ы вакциналарға сенімсіздік білдірген, БАҚ (интернет ресурстары, баспасөз, ТВ) арқылы жағымсыз ақпаратқа байланысты 6%-ы. Осыған байланысты, Денсаулық сақтау министрлігінің профилактикалық егуден бас тартудың алдын алу бойынша іс-шаралар жоспары іске асырылуда, оған сәйкес бірқатар шаралар жүргізілді», деді Ж.Бекшин.
Айта кету керек, Қазақстанда иммундау апталығы 2018 жылғы 24-30 сәуір аралығында өтеді. Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан халқына өздерінің балаларын инфекциялық аурулардан қорғану құқығынан айырмауға және барлық қолжетімді әдістермен, оның ішінде вакциналаумен олардың денсаулығын қорғауға етуге шақырды.
Рауан ҚАЙДАР,
«Egemen Qazaqstan»