Сарапшылар бұл индустрияның өсу қарқыны мұнай экспорттаушылардың әл-ауқатына айтарлықтай қауіп төндіріп отыр деп санайды. Сандарды сөйлетсек, Қытайда сатылған электр көліктердің саны соңғы бірнеше жылда 59 мыңнан 189 мыңға дейін көбейген. Бұл ел заманауи көліктерді сатудың негізгі нарығына айналып, сату көлемі жағынан АҚШ-ты басып озуға жақын қалыпты.
Еуропадағы көлік саудасының өсуіне қарамастан, бұрынғысынша қытайлықтардан артта қалып келеді. Мәселен, Ұлыбританияда жылына 28 мыңға дейін электркөлік шығарылса, Францияда бұл меже 27 мың бірлікті құрап отыр. Норвегияда 20 мыңнан 25 мыңға дейін барады, ал Германияда жыл сайын 13 мыңнан 23,5 мыңға дейін көлік өндіріледі екен. Германияның құрлықтағы ең ірі автоөндіруші екендігін ескеру қажет. Мамандар, елдегі электромобиль нарығының дамуы бірінші кезекте биліктің саясатына байланысты дейді.
– Кейбір мемлекеттер көмірсутегі өнімдерін пайдаланбайтын көліктердің көбірек шығарылуына, сатылуына мүдделі. Сол себепті оған барынша қолдау көрсетуге тырысады. Мысалы, Қытайда бұл бағыт субсидияланады. Экологиялық қауіпсіз автомобильдерді өндіруге арналған бірлескен кәсіпорын құрылып, электромобильді сатып алушыларға жеңілдіктер беріледі, – дейді PhD докторы Жібек Абылқасымова. Ғалым оптимистік болжамдарға сай жаһандық автопарктегі электр көліктерінің үлесі 2040 жылға қарай 40%-ға өсуі әбден мүмкін дейді. Қазір бұл көрсеткіш 0,2%-ға енді жеткен.
Жақында АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен Tesla көлігінің кезекті сериясының таныстырылымы өткені белгілі. Компания жетекшісі Илон Маск осы жиында электркарларға арналған Supercharger қуаттау стансаларының Қазақстанда салынуы мүмкін екенін жоққа шығарған жоқ. Ол өзінің Twitter-дегі парақшасында: «Біз Қазақстанда қуаттау стансаларын саламыз», деп бекіте түскен-ді. Бүгінгі дәуірдің да Винчиіне баланып жүрген Илон Масктің сөзі қаншалықты жүзеге асатынына уақыт төреші. Десе де, Үкімет бұл бастаманың жүзеге асуына атсалысуға дайын сыңайлы. Мәселен, Шымкент шаһарының истеблишменті, зауыт құрылысына арнайы жер телімін бөлуге, жеңілдікті несие алып беруге, тіпті болашақ кәсіпорынды салықтық міндеттемелерден босатуға дейін көмектесуге әзір екен. Осы жөнінде қала басшысының орынбасары әлеуметтік желіде арнайы жазба қалдырғаны есімізде.
Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,
журналист