Саясат • 24 Сәуір, 2019

Мәжіліс депутаттары бастамашы болған тұрғын үй қатынастары бойынша заңнамалық түзетулер мақұлданды

896 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

24 сәуір, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті.

Мәжіліс депутаттары бастамашы болған тұрғын үй қатынастары бойынша заңнамалық түзетулер мақұлданды

Онда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Заңнамалық құжатты талқылау барысында депутаттар құқық бұзушылық әрекеттер үшін жауапкершілікті күшейту немесе ізгілендірудің нақты өлшемдерін белгілеуге қатысты бірқатар мәселелер көтерді.

Соның ішінде, бюджетті тиімсіз игеруге, жол-көлік оқиғасы орын алған жерді тастап кетуіне байланысты жазаны анықтауға қатысты  нақты талаптар қажеттілігі айтылды.

Осы ретте, Н. Нығматулин:

- Жұмыс тобы заң жобасын әзірлеушілермен, сондай-ақ, құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп, екінші оқылымға дейін бюджеттік қаржылардың тиімсіз пайдаланылғандығын анықтау үшін барлық шараларды әзірлеу қажет.  Ол осы Кодекс аясында мемлекеттік бюджеттік қаржыларды игеру барысында мемлекеттік органдар әкімшілік бағдарламаларының бірінші басшылары үшін жеке жауапкершілікті анықтауға мүмкіндік береді, деді.

Депутаттар сондай-ақ, сапасы төмен туристтік қызмет көрсеткені үшін туроператорды лицензиясынан айыру немесе қызметін тоқтатуды қарастыратын норманың дұрыстығы туралы мәселе көтерілді.  Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы Мәдениет және спорт министрлігінің осы сұрақ бойынша бойынша ұстанымының көмескілігіне назар аударды.

Мәселен, спорттық жарысты ұйымдастырушылар мен спортшыларды сатып алғаны үшін айыппұл көлемін 200-ден 100 АЕК-ке дейін төмендету, сондай-ақ осы құқық бұзушылық үшін әкімшілік қамақ қолдануды алып тастау туралы айтылды.  

Осы орайда, басқа заң жобаларында спорттағы тыйым салынған әдістерді пайдаланғаны үшін жауапкершіліктің күшейтілетінін еске салған Мәжіліс Төрағасы:

- Енді «келісілген жеңістер үшін» жауапкершілікті төмендету ұсынылып отыр. Сонда дәйектілік, бірізділік қайда? – дей келіп, осы мәселені тиісті мемлекеттік органға бүге-шүгесіне дейін пысықтауды тапсырды.  

Отырыс барысында депутаттар Әкімшілік құқық бұзушылыққа өзгерістерді Кодекстің өзінің жүйелілігін бұзбау үшін жеке заңмен енгізуді ұсынды.

Нұрлан Нығматулин депутаттардың түзетулерін қолдай отырып, жылына Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне жыл сайын 10-15 рет түзетулер енгізілетінін және олар көбінесе ілеспелі заң жобаларын қамтитынын атап өтті.

Осы ретте, құқыққорғау және сот органдары үшін жүйелілік пен жоспарлылықтың маңызды екенін алға тартқан Нұрлан Нығматулин Әкімшілік құқық бұзушылыққа енгізілген өзгерістердің барлығын бір заң арқылы жүзеге асыру Үкіметке заң жобаларын дайындау барысында дәйекті жоспар құруға жол ашса, ал депутаттар үшін осы заң жобаларымен жүйелі жұмыс істеуге мүмкіндік беретінін айтты.

Сондай-ақ, осы күні тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша заң жобасы мақұлданды. Оған депутаттар өздері бастамашы болды.  

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XVII съезінде және Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі кезінде көпбалалы отбасы мен жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар атқаруға қатысты тапсырма берген болатын.

Заң жобасы аталған тапсырманы іске асыруға және жоғарыда аталған санаттағы азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешу үшін заңнамалық негіз қалыптастыруға бағытталған.

Осы жолда «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңы, «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңы және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалар туралы» заңдарға түзетулер енгізу ұсынылады.

Біріншіден, «көп балалы отбасы» ұғымын «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексіне сәйкес келтіру. Бұл заңнамалық актілер арасындағы қайшылықты жояды. Екіншіден, «сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» ұғымын анықтау. Бұл табыстары төмен халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған тұрғын үйді сатып алу мүмкіндігінсіз жалға берілетін тұрғын үйдің тұрақты коммуналдық қорын құруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана», сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» атағын алған көп балалы аналар және көп балалы отбасылар» санаты үшін тұрғын үй алуға жеке кезектілік енгізу.

Қазіргі уақытта кезекте тұрған көп балалы отбасылардың саны 31 725.

Көп балалы отбасыларды жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жыл сайын 50 млрд. теңге қаражат бөлінетін болады. Осының арқасында жылына кемінде 6 мың пәтер тапсырылады.

Төртіншіден, мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң шегінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді және оның көлемiн айқындау.

Бұл норма көп балалы отбасылардың тұрғын үй проблемаларын шешуге қаражатты тікелей және мақсатты бағыттауға негіз береді. Осының арқасында жалға берілетін тұрғын үйдің көлемі өседі.

Бесіншіден, мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарында «жұмыс істейтін жастары» үшін қолжетімді баспана жүйесін дамытуды қарастырады және мемлекеттік жастар саясаты жөніндегі уәкілетті органға (Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі) сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді беру қағидаларын бекіту құзыреті беріледі.

Бұл түзетулер Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасының тапсырмасы бойынша жұмыс істейтін жастарды жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету жөнінде әзірленген тетікті жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

«Нұрлы жер» бағдарламасының аясында 2019-2021 жылдары Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс жасайтын жастар үшін сатып алу құқығынсыз жыл сайын кемінде 1000 жалға берілетін тұрғын үй салу жоспарлануда.

Жалпы отырыста Мәжіліс «1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі принциптері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы төртінші хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын жұмысқа алды.