Зауал
Бір кезде басталған адамзат тарихының қалайда ақыры болары хақ. Бірақ ол қашан болады? Қалай болады? Оны бір Алла біледі. Алайда Жаратқан Иеміз адамзатқа әр заманда аяндар түсіріп заманның ақыры жөнінде ескертулер жасапты. Енді сол киелі мәтіндерге көз жіберелік:
АВЕСТА (Үлкен Бундахиши. 35 ғасыр бұрын жазылған):
Бір кезде басталған адамзат тарихының қалайда ақыры болары хақ. Бірақ ол қашан болады? Қалай болады? Оны бір Алла біледі. Алайда Жаратқан Иеміз адамзатқа әр заманда аяндар түсіріп заманның ақыры жөнінде ескертулер жасапты. Енді сол киелі мәтіндерге көз жіберелік:
АВЕСТА (Үлкен Бундахиши. 35 ғасыр бұрын жазылған): «Ол күні от құдайы Атар тауларды темірдей балқытып өзенге айналдырады. Адамзат түгел осы балқыған өзен арқылы өтеді. Сонда имандылар үшін балқыған өзен жаңа сауылған сүттей сүйкімді болса, күнаһарлар үшін бейне от кешіп келе жатқандай азап болмақ»
ТӘУРАТ (Аян. Шамамен 25 ғасыр бұрын жазылған):
«…Жер қатты сілкініп, күн қалың қара жапқышпен жабылғандай түнекке, ал, ай түгелдей қанқызыл түске айналды.Жұлдыздар қатты жел шайқағанда ағаш басынан ұшып түсетін інжір жемістеріндей жерге құлады. Аспан бүктеме қағаздай ғайып болып, әрбір тау мен арал өз орындарынан қозғала жөнелді. Жердегі патшалар, ақсүйектер, байлар, қолбасшылар, күштілер, күллі құлдар үңгірлерге тығылды»
«Алғашқысы (періштелердің) кернейлеткенде жерге қан аралас бұршақ, от аралас күл жауды.Жер бетінің үштен бір бөлігі жанып кетті»
ІНЖІЛ. (20 ғасыр бұрынғы еңбек. Матвей жазған)
«Әділетсіздік тым көбейіп кеткендіктен көпшіліктің махаббаты суып кетеді»
«Иса: Күнді қараңғылық басып Ай жарқырамайтын болады. Жұлдыздар аспаннан құлап, аспан күштері шайқалады. Сол уақытта Менің Билеуші ретінде қайтып келуімнің ғажайып белгілері аспаннан көрінетін болады. Жер бетіндегі барлық ұлттар үрейленіп еңіреп жылап, Менің Билеуші ретінде ғаламат құдіретпен, салтанатты ұлылылықпен бір бұлтта көктен келе жатқанымды көреді. Мен кернейдің зор үнімен періштелерімді жіберіп, олар аспанның о шетінен бұ шетіне дейін, дүниенің төрт бұрышынан Менің таңдап алған адамдарымды жинап әкеледі»
ІНЖІЛ. (20 ғасыр бұрынғы еңбек. Лука жазған)
«Иса: Ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанып, түрлі жерлерде алапат зілзалалар, ашаршылық және індеттер болады. Аспанда қорқынышты құбылыстар және үлкен ғажайып белгілер көрінеді. Күнде де, Айда да, жұлдыздарда да ғажайып белгілер пайда болып, Жерде теңіздер шулап долданады. Сонда халықтар зәрелері ұшып не істерін білмей дал болады»
«Иса: Мен Билеуші ретінде көктен түсіп келгенімде Жер бетінен Өзіме сенетіндерді таба алар ма екенмін?!»
ҚҰРАН: (14 ғасыр бұрын жазылған)
«Біз оны (Нұхты) және онымен бірге болғандарды кемеде құтқарып, Біздің аяттарымызды өтірік дегендерді суға батырып жібердік». (Ағраф сүресі).
«Лұт өз қауымына: «Сендер әйелдерді қойып, нәпсілеріңді қандыру үшін еркектерге бардыңдар», деді. «Лұт пен оған ергендерді құтқардық. Ғад қауымының үстіне тас жаңбыр жаудырдық». (Ағраф сүресі).
«Қиямет алдындағы сілкініс – ұлы қорқыныш. Адамдарды мас түрде көресің». (Хаж сүресі).
«Сырнай үрленді де көктер мен Жердегі барлық тірлік иелері өлді. Тек қана Алла қалағандар тірі қалды. Сырнай екінші рет үрленді. Өлгендер қабірлерінен шықты. Жер Раббысының нұрымен жарық болды. Кітап – амал дәптерлері қойылды. Пайғамбарлар және куәгерлер келтірілді». (Зүмәр сүресі).
«Жер қатты тітіреп сілкінген, таулар үгітіліп шаң-тозаңға айналған, адамдар үш топқа бөлінген күн». (Уақиға сүресі).
«Сырнай бір үрілген сәтте жер мен таулар көтеріліп бір-біріне соғылысады. Көк жарылады. Күн әлсірейді. (Қалам сүресі).
«Ол күнде көк ерітілген мыс сияқты болады. Таулар жүн сияқты болады. (Мағарыж сүресі).
«Көктегі Ай тұтылып Күн мен Ай бір жерге келтірілгенде адамзат қай жаққа қашып құтыларын білмейді. (Қиямет сүресі).
Алланың осынау аяндарынан қиямет-қайымның қалай болатыны жөнінде ғана емес, оның не себептен болатыны туралы да ақпарат алғандаймыз.
Нұх пайғамбар қауымы Алланың аяттарын өтірік дегендері үшін жазаланып, топан суға батырылған. Еркектері жаппай қызтекелікке салынғаны үшін Ғад қауымының төбесіне Тәңір тас боран жаудырған. Адам қауымының азғындауынан болған апаттар тізбегі киелі кітаптарда бұныңмен шектелмейді. Ал болашақ заманақыр белгісін киелі кітаптар былай келтірілген.
«Әділетсіздік тым көбейіп, көпшіліктің махаббаты суиды».
«Ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы тұрады».
«Мен (Иса)Билеуші ретінде көктен қайтып келгенімде, Жер бетінен Өзіме сенетіндерді таба алар ма екенмін?!»
«Сырнай үрленді де Жердегі барлық тірлік өлді. Алла қалағандары ғана тірі қалды».
Бұдан біз не аңғарамыз? Қиямет-қайым орнаған күннің өзінде де ол сұрапыл апаттан аман қалатындар болатынын сеземіз. Имандылар аман қалатынын көреміз. Яғни, қиямет-қайым барлық адамзат басына түсетін апат емес, тек имансыздарға ғана келетін нәубет екенін білгендейміз.
Ендеше, қиямет-қайым күллі адамзат басына орнамайды. Ал, Құдайын ұмытпаған имандылар болса осынау тарихтың соңғы Күнін бейне ұлы мерекеге жиналғандай салтанатпен қарсы алмақ. Алла тағала осындай мүмкіндікті әрқайсымызға беріп қойған. Соны неге пайдаланбасқа?! Сол мүмкіндікті пайдаландың екен қиямет-қайым қасіреті жоқ саған.Имандылар адамзат тарихының соңғы күнін өз көзімен көреді. Үрейге ұшырамайды. Бұ дүниеде әрбіреуімізге сондай мүмкіндік беріліп отыр.Соны неге пайдаланбасқа? Алайда Адам баласы жалқау, қыңыр. Оған Алланың ертең жарылқайтын ақ жолынан гөрі бүгін, кәзір нәпсіні қарық қылар Сайтан соқпағы сүйкімдірек. 2006 жылы Астанаға келген сапарында Рим Папасы Иоанн Павел ІІ: «Арсыз Батыс жалаңаштанып алып ұятты ұмытты. Құдайын ұмытты», деуі сондықтан.
Құдайды ұмытқан жалғыз Батыс па екен?! «Өркениет жолы осы» деп Батыстың соңынан сөлпеңдеп еріп берген Шығыс та Құдайын ұмыта бастады емес пе?!
Алладан түскен аяндардан шығатын тағы бір анық: қиямет-қайым өздігінен болмайды. Оны жақындататын адамдар. Дәлірегі – адам азғындығы. Яғни, қиямет-қайым адамзатқа азғындығы үшін жіберілген жаза.
– Сонда… Адам азғындамаса қиямет-қайым болмайды ғой дейміз бе?
– Киелі кітаптардан шығатын уәж сол.
– Ақырзаманды… адамзаттың өзі шақыратын болғаны ма?!
– Солай шығар.
– Өзіне-өзі апат тілеп жын қаққаны несі адамзаттың?!
– Жынның жетегінде жүрсе… жын қаққаны емей,не?!
– Артық кеттіңіз! Адамзат тірлік үшін тырбанып жатыр. Жақсы өмір сүру үшін жанталасуда. Осы өркениетке солай жетті. Дамудың шыңына шықты. Прогресс ғарыштап өсті. Бұдан артық не керек?! Адам арманы осы емес пе еді? Және Алласыз осылай болар ма еді? Не деп адамды жазалаймыз?! «Менің құдіретімсіз бір жапырақ та үзіліп түспейді», делінген емес пе?!
– Рас. Оның құдіретінсіз бір жапырақ та үзіліп түспейді. Оған себеп, табиғаттағы заңдылықтардың бәрінің иесі – Алла. Жапырақ та Алла заңынсыз үзіліп түспейді. Бірақ, адамның жөні бөлек. Ол табиғаттан да, жанды жануарлардан да биік және дара жаратылды. Рас, оның тегі – табиғат, Жер. Тегі де – Жер. Бірақ, Жерді кім жаратты? Алла. Жерден жаратып Алла адамға рухын үрледі. Нәтижесінде адам Құдайдан кейінгі құдіретке айналды. Ол құдіреттің бірінші белгісі – адамның Алла тәрізді жасампаздығы. Жасампаз болу үшін оған өзінше шешім қабылдау еркі берілді. Ұлан-ғайыр бостандыққа ие болды. Құдай да ұлан-ғайыр бостандық иесі. Бірақ, адам Құдай емес. Ол небары табиғаттан жаратылған кішкентай ғана дене тұтқынындағы саналы мақұлық. Оның ғұмыры сол кішкентай дене тұтқынында шектеулі. Мүмкіндігі де шектеулі. Ол шектеуден Адам тек өліп қана шыға алады. Шығып Тәңір патшалығына қосылады. Ал, Жаратушының болса мүмкіндігінде шек жоқ. Өйткені, Ол дене емес. Рух. Қаласа дене кейпіне де кіреді. Ол сондай денелілердің бәрін, яғни материяны жасаушы. Аз да болса сондай рухқа ие болған Адам Алладан өз бетінше шешім қабылдау қасиетін еншіледі. Санаға ие болды. Айналып келгенде Алланың бұл қадамы, яғни, өзіне ұқсас саналы тірлік иесін жасауы табиғат тарихындағы тым орасан батыл нартәуекел еді. Нартәуекел болатыны сол: өзіне ерік берілген саналы адам Алланың жетегінсіз әрекет ете алатындығы. Ондай «саналы роботтан» әр нәрсе күтуге болады емес пе?! Бұлар түптің-түбінде табиғаттағы тепе-теңдікке қауіп төндіре бастаса не болмақ? Онда ондай эксперименттен Жаратушы құтылуды ойлайтыны хақ. Мінеки, адамның ерекшелігі!
Сонымен, Алла адамға өз бетінше әрекет ету мүмкіндігін берді. Бере отыра ескертті. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан бездіртті. Адам Жер бетіндегі қамшы сабындай қысқа ғұмырында сол Алла берген ғажайып мүмкіндікті қалай пайдаланды? Жақсылыққа жұмсады ма, әлде жамандыққа жұмсады ма? Мінеки, осының сұрауы бар. Қиямет қажеттілігі содан. Өйткені, Алла адамға берген сана жасампаздығынан сескенеді. Ол жамандыққа жұмсалса салдары сұрапыл болмақ. Күллі жаратылыс үшін бұл «саналы робот» сұрапыл апат орнатуы мүмкін. Сондықтан, киелі кітаптарда келтірілгендей адам ісіне күндердің күнінде Алла араласады. Періштелермен бірге Жерге Ғайсаның түсуі содан.
Біз: «Адам ісіне күндердің күнінде Алла араласады», дедік. Сонда сұрақ туады. «Заманақырға дейін Алла адамды тастап қоя ма?» деген. Олай емес. Алла адаммен қоштаспайды. Сайтанның жетегіне ерген адамнан ғана Алла алыстамақ. Бірақ, Жаратқан Ие адамды ешқашан біржола тастап кетпейді. Баласы қанша бұзық болса да одан бас тарта алмайтын ана іспетті. Ол адам баласына ана көзімен қарайды. Өзі өмірге әкелген перзентіне ол жүрегімен байланған. Сондықтан қателескен ұрпағына ата-ана қалай қараса, адасқан адам баласына да Алла тағала солай қарайды. Кешіріммен қарайды. Өйткені, адамды Алла өмірге әкелген. Адасқан адам өмір жолының кез келген тұсында жүзін Жаратушысына бұрса, Жаратушысы да сол сәтте оның жанынан табылады. Құранда: «Сен Аллаға қарай бір қадам жасасаң, Алла саған қарай ұшады», делінген ғой. Демек, мәселе адамның өзінде. Бұ дүниедегі таңдау – адамда. Бірақ, о дүниедегі таңдау – Аллада.
Алла алайда бұ дүниеде адамға ұлан-ғайыр мүмкіндік берді. Ол – адам санасының дамуына берілген мүмкіндік. Ол сана жақсылыққа бағыттаса – шарапат, жамандыққа бағыттаса – кесапат. Рас, тарихтың бүгінгі сатысында сана бұрын-соңды болмаған қарқынмен өсті. Өркениет қалыптасты. Ол деген сөз – жалпы адамзаттық біртұтас сана қалыптасты деген сөз. Бұл феноменді әйгілі француз теологы Пьер Тейяр де Шарден (1885-1955) ноосфера деп атады. Ғалымның жазуынша жұмыртқадай Жерді құрсап тұрған биосфера қабатының сыртында тағы бір қабат – ноосфера құрсауы пайда болған. Ол адамзат рухынан түзілген «ой қабаты». Былайша айтқанда, біртұтас рухани белдеу. Кез келген жұмыр бастан шыққан ой, ниет сол Жерді қоршаған ой құрсауына барып қосылады. Демек, сіздің ойыңыз, ниетіңіз ешқайда жоғалып кетпейді. Пайда болған сәттен бастап Жер ғаламшарын орап тұрған сол тұтас «ой құрсауға» барып қосылады. «Ой құрсау» өз кезегінде бүгінгі адамзаттың ой деңгейінің көрсеткіші. Ниет деңгейі. Рухани база. Озон қабаты тәрізді осынау ой қабаты негізінен шапағатты ойдан тұрса, Жер бетіндегі тірлігіміз де дұрыс болмақ. Ал ол ой қабаты егер бұзық ойдан құралса, онда Жер бетіндегі тірлігіміз де кесепатты. Демек, Жер бетіндегі шарапат та, кесапат та ойдан. Адам пиғылынан. «Қарғыс алма, алғыс ал!» дейтіні содан халықтың. Алғысты да, қарғысты да өз адресатына жеткізетін бір нәзік қабат – телепатияның барлығын мойындағандықтан айтқан. Ол бір нәзік әрі көзге көрінбейтін құдірет күш қуаттан тұратын қабат. Бәрін қозғаушы сол. Бәрін жасаушы сол. Осындай құдірет барын адамзат өте ерте сезген. Тарихтың бозала таңынан бастап сол күшке табынған. Сол күшке жалбарынған. Сол күштен сұраған. Сол күшке арнап құрбандық берген. Дұға жасаған. Намаз оқыған. Бата қайырған. Ол күшті Құдай деген. Біз ноосфера дегенді осылай түсіндік. Құдайдың Жер бетіндегі рухы деп сезіндік. Ол рух таза болуға тиіс. Егер, оған лас, қара ниет араласар болса одан, ол рухтан маза кетпек. Ол табиғат апаттары болып сезілмек, көзге көрінбек.
«Предшествующий век (ХІХ в.) ознаменовался первыми систематическими забастовками на заводах. Будущий (ХХІ в.) безусловно, чреват угрозой забастовки в ноосфере», дейді Пьер Тейяр де Шарден.
Сонымен, Ноосфера кесапатты ойларға тола бастаса оның салдары да кесапатты болмақ. Табиғат тулап, Жер-анадан маза кетпек. Неге? Бүгінде кванттық ғылым көзімен қарайтын болсақ, материалдық және рухани дүниелер арасында шекара жоқ. Яғни, материалдық дүние деп жүргеніміз рухани дүниенің екінші бір түрі ғана болып шықты. Өйткені дүние бір түрден екінші бір түрге ауысып отырады. Судың мұзға айналып, қатты денеге, ысып буға айналатыны тәрізді. Кванттық физика, сонымен, бүкіл жаратылыс бір түрден екінші түрге қанша ауысса да ол ең кішкентай бөлшектер деңгейінде, яғни, кванттық деңгейде еш өзгеріссіз қала береді дейді.Ол ең кішкентай бөлшектер – үнемі қозғалыс үстіндегі энергия екен. Көзге көрінетін және және көзге көрінбейтін жаратылыс негізі, сонымен, – энергия. Яғни, көзіміз бір нәрсеге жетті. Әлемнің тұтас көзге көрінбейтін қуаттан тұратынын сездік. Бәрін қозғаушы және бәрін жасаушы бір айлапат тылсым қуат көзі. Жаратылыс негізінде осындай көзге көрінбейтін құдіреттің жатқаны адамзатқа атамзаманнан белгілі болған. Мысалы, біздің заманамыздан 4 ғасыр бұрын Қытайда хатқа түскен «Дао дэ цзин» былай дейді:
«Великое Дао растекается повсюду. Оно может находиться и вправо и влево. Благодаря ему все сущее рождается и не прекращает своего роста. Все сущее возвращается к нему».
Кванттық физиканың ең ұлы жаңалығының бірі – адам ойының кванттық денгейде энергия күйіндегі, яғни қозғалыс үстіндегі ең ұсақ бөлшектерге әсер ететінін дәлелдеді. Бұл өз кезегінде нені білдіреді? Атамзаманнан кесапатты ойдың да, шарапатты ойдың да жерде қалмайтынын, пиғылдың өз адресатын табатынын ғасырлар бойы айтумен келген халық даналығының растығын дәлелдеді. Ғылыми негіздеді. Демек, сіздің ойыңыз қоршаған дүниеге – жаратылысқа әсер етеді. Екінші жағынан: жаратылыс мәңгі қозғалыс үстіндегі көзге көрінбес қуат болып шықты. Былайша айтқанда – рух. Ендеше, біз, адам, сол көзге көрінбес, ақылға сыймас, қуат мұхиты ішіндегі титтей бір тамшы ғанамыз. Ал, ақылға сыймас көзге көрінбес сол қуат мұхиты дегеніміз не?! Оны қалай түсінуге блады? Ол неткен бәрін жасаушы сипатқа ие? Жалпы осы ғылым «энергия», «матрица» «қара қуат» деп атаған көзге көрінбес қуат мұхиты дегеніміз сол Құдай тағаланың болмысы емес пе?! Бүгінгі заманауи астрономия галактикалардың радиалды (бір нүктеден жан-жаққа) бағытпен шашырап бара жатыр дейді. Алып галактикалардың бір нүктеден жан-жаққа алшақтауы үдеп барады. Адамзатқа аян механикалық физика заңы бойынша кез келген пайдаланылған қуат уақыт өте келе азаюға, әлсіреуге тиіс. Табиғатқа ортақ заң бұл. Ендеше осы табиғат заңы галактикалар қозғалысына келгенде неге жұмыс істемейді!? Немесе, осынша ақылға сыймас алып галактикалар жылдамдығы барған сайын үдей түскенде, сол жылдамдыққа жұмсалатын энергия неге азаймайды? Азаймақ тұрмақ көбейіп бара жатқанын қалай түсінуге болады? Осынау алапат энергия қайдан келуде? Ол неғылған сарқылмас қуат көзі?
Міне, бұл – ғылым шеше алмай отырған бір ұлы жұмбақ. Өкінішке қарай ғылым немесе адам санасы түсіндіре алмай келе жатқан мұндай жұмбақтар аз емес. Ұзынсонар созыла береді. Басқаны былай қойғанда адам санасы өзін, яғни, «адам санасы» дегеннің не екенін ұқпай келеді. Осыдан келіп біз уақыт пен кеңістік аясындағы Жаратушы жобасын зерделеуге тым қауқарсыз, әлсіз, шарасыз екенімізді мойындауымыз керек. Мүмкін, Жаратушы жобасын толық түсінуге деген мүмкіндік адам баласына тіптен берілмеген де болар.
Пьер Тейяр де Шарден («Феномен человека»): «Ложен и противоестествен эгоцентрический идеал будущего, якобы принадлежащего тем, кто руководствуясь эгоизмом, доводит до крайности принцип «каждый для себя». «Люди продолжают оставаться враждебными друг другу», – дейді.
Жаңа ғасыр гуманизм дағдарысымен басталды. Ол қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтыды. Ең алдымен көпшіл бұқаралық өнер кинодан көрінді. Бүгінде экранда адам өлтіру еріккеннің ермегіне айналды. Адам өлтіру романтикаланды. Яғни, зұлымдық романтикаланды. Кім мықты? Адам қанын судай шашқандар мықты. Экранға қарап отырсаң, – ең қызықтың қызығы кісі өлтіру тәрізді. Экран қанға толды. Өмір ұрығын себуге тиіс өнер осылайша өлім ұрығын себумен айналысуда. Тіптен өмір ұрығын себуге жаратылған әйелдерге шейін, қолдарында автомат, жартылай жалаңаштанып алып адам баласын қырқып атып, экранда тайраңдап жүр. Өлім ұрығын сеуіп жүр. Ендігі заманның басты кейіпкері ең алдымен осылар ма дейсің. Еркектерді қырқып атумен жүрген қаныпезер қыздар ма дейсің. Экран алдында отырған жас ұрпақ осы экраннан алған өнегесін сол қалпында өмірге енгізбесіне кім кепіл? Демек, бүгінгі капиталға құныққан өнер жауыздықпен күресудің орнына Жер бетінде жауыздықты балалатып жатыр.
Бүгінде әлем интеллектуалдарынан құрылған «Рим клубы» дейтін бар. Сол жерде олар «алтын миллиард» теориясын ойлап тапты. Ол теория бойынша Жер шары тек 1 миллиард адамды ғана бақытты ете алады екен. Асырай алады екен. Қалған миллиардтар болса өз күнін өзі көре алмайтын Жер шарының масыл тұрғындары болып шықты. Бұған дейін бауырмалдық принциппен өркениетті «алтын миллиард» өркениетсіз «масыл миллиардтарға» қол ұшын беріп келген болса, бұдан кейін, немесе, Жер ресурстары жұқара бастағаннан соң, қалған миллиардтар аштан қырылып жатса да өркениетті миллиард оларға: «Өлмесең өрем қап!» деп сырт беретін болады. Масыл миллиардтарға сырт беруді бұл теория авторлары сынап отырған жоқ. Керісінше заңдастырып қолдап отыр. Уақыт бізді сондай қаныпезерлікке жетелеп барады деп отыр. Мұндай теория авторларына о дүниедегі Гитлер мен Мальтус аруақтары қол соғып, әбден риза болып алғыс жаудырып жатқан шығар деп білеміз.
Адамзат, сөйтіп, ноосфераны пайғамбарлар өсиет еткен игі ой, игі сөз, игі іске толтырудың орнына қантөгіс, азғындық, дұшпандық, өшпенділікке толтырар болса, онда ендігі жердегі бүлік Шарден айтпақшы ноосфера деңгейінде орын алмақ. Яғни, Жер шарының кеселге ұшыраған «ой қабатынан» маза кетіп, қоршаған ортаны қоздырып, Жер ғаламшарын зілзала, өрт, құрғақшылық, цунами апаттары жайламақ. Ол деген сөз – қолдан жасалған қиямет екені белгілі.
– Бұл апаттың алдын-алуға бола ма?
– Болады.
– Ол үшін не істейміз?
– Ол үшін Жер бетіне Алла тарапынан түскен аяндарға адал болуымыз керек.
– Қалай, қайтіп?
– Игі ой, игі сөз, игі істер жасауымыз қажет. Игі ой, игі сөз, игі істер ноосфераны сауықтырады. Сауыққан ноосфера қоршаған табиғатты қоздырмайды. Тыныштандырады. Өмірін ұзартады. Қоршаған орта өмірінің ұзаруы – адамзат өмірінің ұзаруы. Адамды махаббат құтқарады. Барлық тірі жан иелеріне деген – махаббат. Құдай жасаған табиғатқа деген – махаббат. Күллі Адам баласына деген – махаббат. Махаббатқа толы ноосфера – өмір кепілі.
– Ол махаббатқа қалай ие боламыз?
– Құдаймен қауышқанда ғана.
– Соңғы сөз…
– Әлемді махаббат құтқарады!
Смағұл ЕЛУБАЙ,
жазушы.
АЛМАТЫ.