Руханият • 25 Сәуір, 2019

Кітап көрмесі – көңіл көкжиегі

3662 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше елордадағы «Көрме» орталығында «Фолиант» баспасының ұйымдастыруымен жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Eurasian Book Fair–2019» ІV Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі бас­талды. Төрт күн бойы қонақтарын құшақ жая қарсы алуға дайын көрменің өтуіне Мәдениет және спорт министрлігі, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мұрындық болып отыр.

Кітап көрмесі – көңіл көкжиегі

Аталған шараға 13 мемлекеттен келген 90 компания қатысса, оның ішінде Ресей, Әзербайжан, Тәжікстан, Армения, Қырғызстан, Түркия, Қы­тай, Иран, Польша, Бельгия, Лат­вия, Украина, Өзбекстан бар.

Шараның шымылдығын министр Арыстанбек Мұхамедиұлы ашып берді. Ведомство басшысы өз сөзінде көрмеге қатысушылар мен алыс-жақыннан келген кітапсүйер қауымды игі шарамен құттықтай келіп, маңыз­ды мәдени жұмыстың рухани салма­ғы­на тоқталды. «Бұл – барлық мәде­ни­ет өкілдерінің ортақ мерекесі. Осын­дай халықаралық көрмелер оқыр­ман мен қаламгерді жақын таныс­ты­рады. Сондай-ақ баспа ісіндегі жаңалықтар бір-бірін алмастырады. Ірі баспалар шағын баспалармен өз жетістіктерінің қыр-сырымен бөлі­сіп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік бар. Жалпы, кітап – адам мен адамды ғана емес, үлкен өркениеттерді жақын­дастырады», деді министр А.Мұха­медиұлы. Сондай-ақ кітап жәр­мең­кесінің ашылу салтанатында Әзербайжанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рашад Мамадов, Мәскеудегі халықаралық көрме-жәрмеңкенің директоры Сергей Кайкин және Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет сөз сөйледі.

Негі­зінен кітап көрмесіне Қазақ­ста­н­­­ның «Алматыкітап», «Ата­мұ­ра», «Мектеп», «Қазақ энциклопедиясы» баспаларынан бөлек, Ресейдің «Белый город», «Розовый жираф», «Уни­вер­салист», «Манн, Иванов и Фер­бер», «Самокат», «Кожаная мо­заи­­ка» және өзге де мемлекеттердің же­тек­ші баспалары қатысуда.

Халықаралық кітап көрме-жәрмең­ке­сінің негізгі мақсаты әрине, кітапты наси­­хаттау, қолдау, қатысушы елдер­­­дің әдебиет мұрасын дамыту, оқыр­ман мәдениетін қалыптастыру екені белгілі.

Өз кезегінде игі шараны ұйым­дас­тырушы «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Исабеков қоғамда кітапқа көп мән беру керектігін айта­ды. «Бұл көрме-жәрмеңке жылда ұйым­дас­тырылады. Келер жылға түрік ағайындардың көптеген баспаларын осы іс-шараға тартатын боламыз. Мәселен, үш жыл қатарынан Қытайдың баспасы өз өнімдерін осы көрмеге әкелді. Жыл басынан бастап дайындық жұмыстарын жүргізіп, жан-жаққа хабарлаймыз. Көршілес Ресей­дің көптеген кітаптарын осы көрме­ден көруге болады. Мұндай дүбір­лі, думанды шара өткізу арқылы бүгін­гі қоғамның бетін кітапқа бұруға сеп­ті­гі­міз тисе деген ниетіміз бар. Түптеп келгенде, біздің ең басты мақсат – кітапты өткізу емес, өнімді көрсету, отандық баспаларды ынталандыру», дейді «Фолиант» баспасының басшысы.

Еліміздегі ең елеулі шара туралы «Қытай халық университеті баспа­сы­ның» менеджері Диано Гао кітап көр­ме­сіне қатысу арқылы екі елдің мәдениеті мен ғалымдары ара­­сын­дағы ғылыми кітаптарды өзара алмастыру үрдісі жақсы жолға қойы­­ла­тынын сөз етті. «Бұл баспа – Қы­тай Халық Республикасы құрылған күнінен бастап университеттің алғаш­қы баспасы. 2018 жылы баспамыз жалпы құны 1 млрд юань бола­тын 3000 кітап шығарды. Кітап жинақ­тарын, баспа басылымдарын, аудио, сандық және интернет басылым­дарын, сондай-ақ алуан түрлі медиа-қызметті біріктіретін ірі кешенді баспа. Сонымен қатар ол – Қытай­да­ғы түрлі мемлекеттік марапаттар мен сыйлықтарға ие болған баспа­лар­дың бірі. Көрмеге үшінші рет қаты­сып отырмыз. Осы жолы 100-ден аса кітабымызды алып келдік. Жыл са­йын осы көрмеге қатысатын еліміздегі баспагерлердің айтуынша, қазақ­стан­дық оқырмандардың сұра­ныс­тары мен қызығушылығы өте жо­ға­ры. Осы жолы екі жаңа кітаптың тұсау­кесе­рі өтеді», дейді Д.Гао.

Ал «Татар кітап баспасының» директоры Ильдар Сагдатшин болса, татар кітап баспасы – ғасырлық тарихы бар Ресей Федерациясының ірі ұлттық баспаларының бірі екенін айтып, бұл көрмеге бірінші рет қатысып жат­қанын жеткізді. «Фолиант» бас­па­сы ұйымдастырушы ретінде бізді төртінші жыл қатарынан шақырды. Жыл са­йын 200-ден астам кітап шыға­­ра­мыз. Жалпы тиражымыз – 500 мың. Оның ішінде оқулықтар, көркем-әдеби, тарихи және бала­ларға арнал­ған кітаптар бар. 200 кітап­ты жылына бөлсек, күніне бір кі­тап­тан шығарамыз. Жыл сайын Қазақ­станның елордасында өтетін кітап көрмесіне зор ризашылықпен қаты­сып жатырмыз. Тіліміз – ұқсас, тари­хы­мыз – бір. Татарстанда кітаптар ешқашан қоймаларда шаң басып жат­қан емес. Шығарып үлгермей жатып, кі­тап тиражын көбейтуге қатысты оқ­ыр­­ман сұранысы артады. Қазақ­станда 250 мың татар халқының өкіл­дері тұрады», дейді ол.

Көрмеге келушілерді төрт күн бойы 150-ден астам шара мен жаңа кі­тап­­­тардың таныстырылымы күтіп тұр. Шара барысында авторлармен, сурет­шілермен, полиграфистермен кездесулер өтуде.

Жәрмеңкенің бірінші күнінде бел­гі­лі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы­ның төрағасы Ұлықбек Есдәу­лет­­тің «Біздер де ғашық болғанбыз» атты жаңа кітабы таныстырылды. Ұлт­­­тық академиялық кітапхана ұйым­д­ас­­­тыр­­ған шараға еліміздің танымал ақын-жазушылары қатысты. Тұсау­­кесерде сөз сөйлеген алаштану­шы Тұр­сын Жұрт­бай қазіргі заманда адам­­ның, оның ішінде жазушы­лар­дың бір қуаны­шы болса, ол – осы кітап көрмесі екенін айтты. «Бұл тек кітаптың ғана емес, осы жердегі бар­лық жазушының, ақынның ішкі жан-дүниесінің көрмесі. Ал осы көрмені Ұлықбектің кітабы ашып отыр», деді ғалым.

Көрме-жәрмеңкеде сонымен қатар Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлт­­­тық универси­те­тінің ректоры Ерлан Сыдықовтың «Шәкәрім» атты кіта­­бының тұсаукесер рәсімі өтті. Жи­ын­­ға қатысушылар автордың «Шә­кә­рім» еңбегіне қатысты ой-пікір­ле­рін білдірді. Өз кезегінде сөз алған Е.Сыдықов биыл осы кітаптан бөлек, «Құнанбай» атты еңбегі Ресей елінен «ЖЗЛ» сериясы бойынша жарық көретіндігін айтып, оқырмандардан сүйінші сұрады.

Сондай-ақ Жастар жылы аясын­да жәрмеңке жас авторлардың қа­ты­­­суымен ­«Ашық әңгіме» атты ақын­дық марафон, кітаптық әңгімелесу (book talks), әдебиет клубының оты­­рысы, «Кітапты қалай тиімді оқу керек?» тақырыбына арналған шебер­лік сыныптары, танымал ақын-жазушылармен автограф-сес­сия ұйымдастыруда. Олар­дың ішінде Бүкілресейлік балалар кітабы фести­ва­лінің директоры және жазушы Юрий Нечипоренко, «Кит плывёт на север», «Совиный волк» кітап­тарының авторы Анастасия Строкина да бар.

Көрме барысында 6 аталымы бо­­йын­­ша «Жылдың үздік кітабы» анық­­та­лады.


Мирас АСАН,
Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»