8 бен 12 жас аралығындағы дарындылар байқауының менеджері Толғанай Хасен қатаң талаптан іркілмей өткен балдырғандар ғана суперфиналда өнер көрсететінін, одан бағы жанғаны музыкалық оқу орнына арналған білім грантымен қоса, «Диснейленд» ертегілер еліне саяхат жасау бақытына ие болатынын жеткізді.
Аудандар мен елді мекендерден облыс орталығындағы Оқушылар сарайына жиналып, кастингке қызу дайындыққа кіріскендердің арасынан киім үлгісі де, ән айту мәнері де өзгеше бір қыз көзімізге оттай басылды. Сөйтсек, ол Петропавл қаласындағы №2 орыс мектебінің оқушысы болып шықты. «Тоғыз жастамын, есімім Дана Бәскенова» деп қазақша амандасты. Ана тілін жатық білетіні қуантты әрі біздің өтінішімізді жерге тастамастан қазақша әнді шырқай жөнелді.
Шалғайдағы Уәлиханов ауданынан келген Әйгерім Абай қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде үш ән дайындап келгенін айтты. Домбыра да тартады екен. Ән айту өнерін меңгеруге анасы Бағлан мен технология пәнінің мұғалімі Гауһар көп көмектесіпті. Аймақтық «Әнші балапан» конкурсына қатысып, жүлделі орынды иеленіпті.
Қазылар алқасының мүшелері Фарида Ниязова мен Әлімжан Омаров бағын сынауға келген 102 үміткерге кастингтің ережелері мен шарттары дарынды балаларды анықтау және қолдау, шығармашылық әлеуетін жүзеге асыру, қабілеттерін одан әрі дамытуға көмектесу екенін түсіндіргеннен кейін іріктеу жарысы басталып кетті. Сахнаға алғаш көтерілгендердің қатарында 11 жастағы Айгүл «Туған жер» әнін нақышына келтіре орындап, қазылар алқасын қатты толқытты. 6 жастағы Нарғыз да әпкелерінен қалыса қойған жоқ. Сөз мәнерінен ұлттық балабақшада тәрбиеленгені бірден білінеді. Әңгіме арасында кастингте қазақша әндердің молынан қамтылғанын айта кеткен жөн. Орыс қызы Ирина «Маралдымды» шырқағанда залдағылар сілтідей тынып тыңдады.
Мәдениет және спорт министрлігі мен Тұңғыш Президент Қорының қолдауымен «Жандану әлемі» қоры ұйымдастырған өңірлік ән байқауы жас таланттардың шығармашылық қабілет-қарымын танытуға жан-жақты мүмкіндіктер берді. Мына қызықты қараңыз! Жарыстың шымылдығы ашылар қарсаңында жолықтырып, ән айту өнеріне сүйсінген Дана Бәскенова іріктеу кезеңінің жеңімпазы атанды.
Ол енді Алматыда өтетін ақтық сайыста облыс намысын қорғайтын болады.
Солтүстік Қазақстан облысы