25 Сәуір, 2019

«Самұрық-Қазына» АҚ инвесторлармен бірқатар келісімге қол қойды

872 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Бір белбеу - бір жол» атты халықаралық ынтымақтастық форумы аясында «Самұрық-Қазына» АҚ Бейжің қаласында жекешелендіру мәселелері және Қордың инвестициялық мүмкіндіктері жайлы дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды «Самұрық-Қазына».

«Самұрық-Қазына» АҚ  инвесторлармен бірқатар келісімге қол қойды

Шараға Қазақстанның ұлттық және жекеменшік компанияларының топ-менеджерлері, Қытай бизнесінің өкілдері, Қытайдағы ірі мемлекеттік корпорациялардың басшылары қатысты.

Дөңгелек үстелдің салтанатты ашылуында сөз алған Қордың Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов халықаралық компанияларды өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыруға шақырды.

«Қордың жаңа даму стратегиясы аясында біз Қазақстандағы жобаларға белсенді түрде инвестиция құямыз. Қор портфелін әртараптандыру мақсатында «Самұрық-Қазына» өзге тәуелсіз қорлармен және инвесторлар консоциумымен стратегиялық серіктестікке кіру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы ара-қатынасының барлық салаларында көршілік татулық орнаған. Екі мемлекет басшысының стратегиялық көзқарастарына сүйене отырып біз екіжақты қарым-қатынасты дамытып келеміз», деді Ахметжан Есімов.

Іс-шара барысында Қор мен оның компаниялары қытайлық серіктестерімен бірқатар келісімдерге қол қойды. Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» АҚ мен Қытайдың Еуразиялық Экономикалық Ынтымақтастық Қоры арасында инвестициялар саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Келісім жобаларға инвестиция құю мүмкіндігін бірлесіп қарастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның «Eurasian Nurly Investment Fund» қорына потенциалды инвестор ретінде қатысу ниетіне байланысты меморандумға қол қойды. Жаңа қордың серіктестері -   «СITIC Group», Baiterek Holding, Asian Investment Finance Group және «Самұрық-Қазына» АҚ. «Eurasian Nurly Investment Fund» 
500 млн. АҚШ долларын тартуды жоспарлап отыр. Шетелдік инвестициялардың пропорциясы 1:8-ді құрайды, яғни Қазақстан Республикасы құйған 1 долларға 8 доллардан астам шетелдік инвестиция тартылады.

             Бұдан басқа, «Біріккен химиялық компания» ЖШС және «Huajin Group» арасында минералды тыңайтқыштарды өндіру жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін бірлесіп әзірлеу туралы келісімге қол қойылды. Жобада Қытайдың стратегиялық қытайлық инвесторы Huajin Group (NORINCO) қатысуымен Қазақстанда қуаты 800 мың тонна болатын зауыттың құрылысы қарастырылған. Алдын-ала есеп бойынша жобаның құны 600 млн. АҚШ долларын құрайды. Бұл жоба Қытайдың және Еуропалық Одақтың нарықтарындағы Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейтеді. Жобаны іске асыру 2020 жылдан 2023 жылға дейін жоспарланып отыр. 

             Кездесу соңында Ахметжан Есімов дөңгелек үстел қатысушыларына жекешелендіру бағдарламасы бойынша Қордың бастамаларын ұсынды, портфельді әртараптандыру және елге инвестиция құю үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында елдегі белсенді инвестициялық әрекеттер жоспарын жариялады.