Қазақстан • 25 Сәуір, 2019

Р.Скляр: Еуропа-Азия арасындағы жер үстімен негізгі транзиттаушы ретінде Қазақстанда қажетті инфрақұрылымдық жағдайлар жасалған

807 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр 25-сәуір күні Бейжіңдегі «Бір белдеу, бір жол» ІІ Халықаралық ынтымақтастық форумы аясында өткен инфрақұрылымдық байланыс мәселелері жөніндегі тақырыптық форумда баяндама жасады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Р.Скляр: Еуропа-Азия арасындағы жер үстімен негізгі транзиттаушы ретінде Қазақстанда қажетті инфрақұрылымдық жағдайлар жасалған

Министрдің айтуынша, Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін халықаралық көлік желілеріне қосылу үшін үлкен күш жұмсады. Бірқатар салалық бағдарламалар қабылданды, жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайларға жауап беретін саланың құқықтық негізі қалыптасты. Көлік қызметтерін көрсететін бәсекелестік орта құрылды.

«Соңғы 10 жылда көлік саласын дамытуға шамамен 30 млрд АҚШ доллары жұмсалды. 2 мың шақырымнан астам темір жол салынды, 6,3 мың шақырым автомобиль жолдары қайта жаңартылды, Каспийдегі порттық қуат 26 млн тоннаға дейін ұлғайтылды, 15 әуежайдың ұшу-қону жолақтары қайта жаңартылды»,  деді министр.

Роман Скляр екі елдің сауда-экономикалық өзара іс-қимылын нығайтатын Қазақстан мен Қытайдың көлік-логистикалық секторындағы тығыз әріптестік ынтымақтастықты атап өтті.

Бүгінде Қытаймен шекарада кедергісіз сауданы дамыту мақсатында «Қорғас – Шығыс қақпасы» Арнайы экономикалық аймағын құру жұмыстары толығымен аяқталды. Қазір онда 79 қатысушы тіркелді және өндіріс ретке келтірілуде.

Арнайы экономикалық аймақ инфрақұрылымына индустриялық және логистикалық аймақтармен қатар  құрғақ порт кіреді. Ол елдің шығысындағы жүктерді шоғырландыру мен дистрибуциялау үшін 2015 жылы іске қосылған болатын.

Теңіз тасымалдарының әлемдік көшбасшысы, COSCO Shipping қытай компаниясы жерүсті трансконтинентальдық тасымалдарға қызығушылық танытты және құрғақ портты дамытуға белсене атсалысады. Сондай-ақ халықаралық басқарушы ретінде DP World (БАӘ) теңіз порттарының операторы тартылды.

2014 жылы Ляньюньган портында Қытай серіктестерімен бірлескен логистикалық терминал құрылды. Ол бүгінгі күні Қазақстанға немесе Қазақстаннан өтетін жүк ағындарын шоғырландырудың негізгі пункті.

«Құрғақ порт Қытаймен шекарада екі темір жол өткелімен технологиялық үйлесімде. «Жетіген-Қорғас» темір жолы мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралі арқылы құзыретті ірі көлік-логистикалық операторларды тарта отырып, Еуразиялық трансконтинентальдық тасымалдарды дамытудың жаңа кезеңін ашты», деп атап өтті министр Роман Скляр.

Айта кету керек, 25-27 сәуір аралығында Бейжіңде өтетін «Бір белдеу, бір жол» екінші форумына 40-қа жуық мемлекет және үкімет көшбасшылары қатысады.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше