Саясат • 25 Сәуір, 2019

Анкарада Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы таныстырылды

1063 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Анкара қаласында Еуразия экономикалық қарым-қатынастар қауымдастығы (ЭкоЕуразия), Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер қауымдастығы (MİSİAD) және Қазақстанның Түркиядағы Елшігі ұйымдастыруымен «Түркия-Қазақстан экономикалық қарым-қатынастары және инвестициялық мүмкіндіктері» атты жиын өтті.

Анкарада Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы таныстырылды

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген ЭкоЕуразия төрағасы Хикмет Ерен екі ел арасындағы бауырластық, стратегиялық әріптестік қарым-қатынастарды атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстанның Орта Азиядағы ең белсенді және дамыған ел екеніне тоқтала отырып, еліміз туралы жалпы ақпарат берді.

Қазақстан мен Түркияның ортақ тарихы мен мәдениетіне назар аударған MİSİAD төрағасы Феридун Өнджел, қауымдастық іскер мүшелерінің Қазақстанмен сауда және инвестициялық мүмкіндіктерін арттыруға қызығатынын мәлімдеді.

Түркия Сауда министрлігі халықаралық келіссөздер департаменті директоры орынбасары Атилла Бастырмаджы өз кезегінде Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастар туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. Атап айтқанда, екіжақты сауда айналымы 3 млрд. долларға жеткендігіне назар аудара отырып, Түркия Қазақстан экспортында 12-ші, импортында болса 9-шы орында екендігіне тоқталды.

Қазақстан-Түркия ынтымақтастығының тәуелсіздік алған жылдан бері түрлі салада нығая түскендігін атап өткен Елші А.Сапарбекұлы «Түрік кәсіпкерлері үшін Қазақстанда инвестициялық мүмкіндіктер» атты баяндама жасады.

Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына баса назар аударған Елші А.Сапарбекұлы баяндамасында Қазақстанның географиялық, демографиялық, саяси және экономикалық жағдайына тоқталды. Еліміздің инвесторларға арналған жеңілдіктері, логистикалық мүмкіндіктері, адами капитал, табиғи байлықтар, төмен өндіріс шығындары секілді инвестициялық тартымдылықтары туралы толыққанды ақпарат берген Елші, Қазақстандағы бірқатар инвестициялық жобалар туралы сөз қозғады. Сондай-ақ, әлеуетті инвесторлаға түрлі қызмет көрсететін Астана Халықаралық қаржы орталығы, Kazakh Invest және Kazakh Export туралы мәлімет берді. Еліміздегі соңғы саяси өзгерістерді атап өткен Елші А.Сапарбекұлы Қазақстан тәуелсіздік жылдарынан Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көшбасшылығындағы саяси-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп отырғанын және бұл өз кезегінде шетелдік инвесторлардың сеніміне ие болып отырғандығының астын сызып өтті.

Сонымен қатар Елші А.Сапарбкеұлы азық-түлік, мал шаруашылығы, химия, жеңіл және құрылыс өнеркәсібі, IT секторы, тау-кен саласында ішкі және экспорттық мүмкіндіктер туралы статистикалық ақпараттармен бөлісті.