Аймақтар • 25 Сәуір, 2019

Маңғыстаулықтар «Алтын сапа» және «Үздік тауар» көрмесіне қатысуға дайындалуда

943 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасында «Атамекен» ҚР ҰКП басқарушы директоры-әлеуметтік бастамалар департаментінің директоры Салтанат Әбдікәрімова жергілікті кәсіпкерлермен кездесті.

Маңғыстаулықтар «Алтын сапа» және «Үздік тауар» көрмесіне қатысуға дайындалуда

Оның барысында іскерлер үшін айтулы шаралар «Алтын сапа» мен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысуға шақырды. Байқаулардың талаптары мен шарттарын кеңінен түсіндіріп берді. Бұл туралы Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы баспасөз қзыметі хабарлады.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2015 жылдан бастап «Алтын сапа» байқауы мен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауын ұйымдастырып келеді. Байқаудың басты мақсаты – отандық өндірушіні қолдау, отандық тауар мен қызмет сапасының жоғарылауына, сондай-ақ отандық өндірушілердің бәсекелік қабілеті мен сапа идеясы танымалдығының артуына ықпал ету. Кеңінен қарайтын болсақ, бұл байқаулар компания ішіндегі жұмысты құрылымдап және жүйелендіруге, жетілдіру үдерісін бастауға жол ашады.

-Айтулы байқауға ұсынылған кәсіпорынның қаржылық тазалығы, қарыздары мен берешектерінің жоғы да тексеріледі. Байқауға ҚР аумағында сапалы жасалған кез-келген тауар түрлерін өндіруші компаниялар қатыса алады. «Алтын сапаға» 3 жыл нарықта жұмыс істеген, ал «Қазақстанның үздік тауарына» 2 жыл өнім өндірген кәсіпорындар өтініш бере алады. Жыл санап қатысушылар саны артып келеді. Мәселен 2015 жылы 157 мекеме бақ сынаған болса, өткен жылы 182 кәсіпорыннан өтініш түсті. Маңғыстау облысының кәсіпкерлері де зор ықылас білдіріп отыр, дейді С. Әбдікәрімова.

Түймеш Абдуллаева Маңғыстау ауданында 2011 жылдан бастап нан өнімдерін пісіреді. Түрік технологиясы бойынша наубайхана ашқан кәсіпкер бұған дейін маңызды шараға қатысқан. Биыл да байқауда бақ сынап көрмек.

-2015 жылы Елордаға көрме-байқауға барып, Елбасымен кездесіп келдік. Биыл да құжаттарымды дайындап жатырмын. Талап өте жоғары. Өз кәсіпорныңның шын мәнінде лайықты екенін дәлелдейтін құжаттарды жүйелі, сапалы етіп жинақтау керек. Өңірлік байқаудан сәтті өткендер, республикалық дәрежеге жолдама алады, дейді кәсіпкер Түймеш Абдуллаева.

«Алтын сапа» байқауында сыйлықтар шағын кәсіпкерлік субъектісіне, орта кәсіпкерлік субъектісіне және ірі кәсіпкерлік субъектісіне «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын»,
«Халыққа арналған тауар шығаратын үздік кәсіпорын»,
«Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын»,
«Азық-түлік тауарлары немесе ауылшаруашылық өнімдерін шығарушы үздік кәсіпорын» сынды төрт аталым бойынша беріледі.

Сонымен қатар кәсіпорындарды байқауға қатысуға ынталандыру үшін «Алтын сапа» лауреаттарына 1 млн. теңге көлемінде сыйақы беріледі.

Ал, «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауында кәсіпкерлер «Өндірісітік мақсаттағы үздік тауар», «Халыққа арналған үздік тауар» және «Үздік азық-түлік тауары» сынды үш аталымда жеңімпаз болады.

Айта кетейік, «Алтын сапа» байқауының жеңімпаздары Мемлекет басшысының қолынан сыйлық алады. «Алтын сапа» байқауы лауреаттары мен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының дипломанттары байқау белгісін жарнамалық мақсатта төрт жылға дейін қолдану құқығына ие болады.