Саясат • 25 Сәуір, 2019

Мәскеуде баспагерлердің халықаралық конференциясы өтті

1206 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

22-23 сәуір, 2019. Мәскеу қаласындағы «Гильдия книжников» коммерциялық емес серіктестігінде Баспасөз және бұқаралық коммуникациялар бойынша федералды агенттіктің қолдауымен «Ресей мен Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдердің баспа индустриясындағы ақпараттық-коммуникациялық өзара іс-қимылы» атты халықаралық конференция өтті.

Мәскеуде баспагерлердің халықаралық конференциясы өтті

Конференцияға Ресей Кітап палатасы мен ЕАЭО қатысушы елдердің Ұлттық кітап палаталарының, баспалардың, кітап саудасы ұйымдарының басшылары, ақпараттық технологиялар, авторлық құқық және зияткерлік меншік саласындағы мамандар, министрліктердің, қоғамдық ұйымдар мен қорлардың, кітапханалар, білім беру және ғылыми қоғамдастықтардың, салалық баспасөздің өкілдері қатысты.

Конференция Ресей мен Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдердегі кітап баспаларын дамытуға, баспа және электронды өнімдерді таратуға арналған. Халықаралық электронды форматтар мен деректер алмасу стандарттары негізінде корпоративтік ынтымақтастық жүйесін құрудағы бірыңғай тәсілдерді қалыптастыруға, Ресей Кітап палатасы мен Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдердің Ұлттық кітап палаталары базасында авторлық шығармалар мен баспа өнімдерінің бірыңғай ақпараттық алаңын қалыптастыруға, сондай-ақ авторлық құқықты сақтау және зияткерлік меншікті қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Конференцияға біздің тарапымыздан Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ғалымжан Мелдешов қатысып, кітап шығарудың республикамыздағы ахуалы туралы баяндама жасады.

Ғалымжан Мелдешов кітап шығару саласындағы мемлекеттік қолдау түрлеріне, атап айтқанда, мемлекеттік тапсырыс бойынша шығарылатын кітаптардың республикалық кітапханаларға тегін таратылатындығына,  авторлардың қаламақысын республикалық бюджеттен төлеу арқылы оларға қолдау көрсетілетіндігіне тоқталды. Мұндай шаралар тәуелсіз Қазақстанның заманауи шынайы келбетін жария ететін, өз халқының тарихи өткеніне деген ықыластық пен құрмет көрсету арқылы Отанының келешегіне деген жаңа көзқарасты қалыптастырып, жастарға патриоттық тәрбие берудің жаңа импульсі болған жоғары сапалы көркем әдеби шығармаларды жасауға ықпал ететіндігін мәлімдеді.

Сондай-ақ Ғалымжан Сәрсенбайұлы еліміздегі кітапханалардың бірыңғай ақпараттық желіге біріктірілгенін және кітапханалардың бірыңғай каталогы ұйымдастырылғанын, Қытай, Түркия, Ресей, Финляндия, Корея, Малайзия және басқа да елдерде қазақстандық әдебиет орталықтарын ашу ісін, кітапхана қорына мемориалдық коллекцияларды, қолжазбаларды, қазақстандық ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің бірегей басылымдары мен әлемнің көптеген тілдеріндегі әлемдік әдебиеттің сирек басылымдарын сыйға беру бойынша жүргізілген бірегей акцияны атап өтті.

Кітап шығару саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі  атқарып жатқан шаралары жөніндегі Ғ.С.Мелдешовтың баяндамасы халықаралық конференцияға қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырып, аталған іс-шараны ұйымдастырушылар «Гильдия книжников» КеС Президенті Есенькин Борис Семенович пен Баспасөз және бұқаралық коммуникациялар бойынша федералды агенттіктің Кітап көрмелері және оқуды насихаттау бөлімінің бастығы Воропаев Александр Николаевичтің тарапынан жоғары бағаланды.