Саясат • 25 Сәуір, 2019

Қасым-Жомарт Тоқаевтың талаптарға сәйкестігі анықталды

1049 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Орталық сайлау комиссиясының ашық отырысы өтті. Онда Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың талаптарға сәйкестігін анықтау туралы қаулы қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың талаптарға сәйкестігі анықталды

Бұл орайда отырысты ашқан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев 2019 жылдың 9 маусына тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентін кезектен тыс сайлауында Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Конституциясында және "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңында оған қойылған талаптарға сәйкестігін анықтау туралы баяндама жасау үшін сөз тізгінін Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафинаға берді.

Баяндамашы 2019 жылғы 25 сәуірде Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзіне Конституцияда және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңында қойылған талаптарға сәйкестігін анықтау туралы қаулыны қабылдады, деді. Одан әрі ол, яғни 2019 жылғы 23 сәуірде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 55-бабына сәйкес «Nur Otan» партиясы» қоғамдық бірлестігі Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде ұсынуына байланысты оның тиісті құжаттарын Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына ұсынғанын жеткізді. Онда «Nur Otan» партиясы» қоғамдық бірлестігінің жоғарғы органы отырысының Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірме, Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасының енгізілгенін куәландыратын құжат, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өмірбаяндық деректері, жеке басын куәландыратын құжаттың, жоғары оқу орнындағы білімі туралы дипломдарының көшірмелері және мемлекеттік қызметте немесе мемлекеттік сайланбалы лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі туралы мәліметтер мен оның Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде түсуге келісім бергені туралы өтініш құжаттары болды деді.

Ал 2019 жылғы 23 сәуірде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның отырысы да өтті. Лингвистикалық емтихан барлық белгіленген кезеңдер бойынша өткізілді.

Өткізілген емтиханның нәтижелері бойынша лингвистикалық комиссия Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мемлекеттік тілді еркін меңгергені жөнінде шешім қабылдады.

Баяндамашының айтуы бойынша, одан әрі Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Конституцияда және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруде жәрдемдесуі үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға сұрау салып, тиісті мәліметтер алған. Осы мәліметтер нәтижесінде Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитетінің мәліметтері негізінде тумысынан Республика азаматы болып табылатындығын, яғни соңғы он бес жыл ішінде Қазақстанда тұратыны нақты анықталған. Бұл Конституциялық Кеңестің «Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 2-тармағын ресми түсіндіру туралы» 2019 жылғы 25 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулысына сай Конституцияның 41-бабының 2-тармағына сәйкес келеді. Жоғары білімі бар екенін анықталған. Ал Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетiнің мәліметтері негізінде: сот заңмен белгіленген тәртіпте өтелмеген немесе алып тасталмаған сотталғандығы жоқтығын; сот сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық үшін жауапқа тартпағанын және белсенді сайлау құқығына ие екендігін анықтаған. Сонымен қатар Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметтері негізінде мемлекеттік қызметте, сондай-ақ сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі бар екендігі анықталған.

Осылайша аталған қаулының 1-тармағында Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы»  Конституциялық заңында қойылған талаптарға сәйкес келетіні толық анықталған. Қаулының 2-тармағында облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, Қазақстан Республикасы астанасының сайлау комиссияларына Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты қолдап қол жинауға арналған қол қою парақтарын Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа беру тапсырылған. Ал қол жинауды Президенттікке кандидаттың сенім білдірген адамдары жүзеге асырады және ол қол қою парақтарымен ресімделетіні белгілі, деп сөзін аяқтады баяндамашы.