Аймақтар • 26 Сәуір, 2019

«Professional» жобасына қатысқан жастар тұрақты жұмысқа тұра алады

798 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкент қаласының отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы жастарды жұмыспен қамту бағытында «Professional» жобасын жүзеге асырмақ. Аталған жоба бойынша биылғы ақпан айында Шымкент қалалық соты «Жастар практикасы» және «Жол картасы» бағдарламалары аясында 200 бітіруші студентке жұмыс орындарын ұсынған. Бұл туралы қала әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте басқарма басшысы Жандос Қалтаев хабарлады.

«Professional» жобасына қатысқан жастар тұрақты жұмысқа тұра алады

«Professional» жобасы – бітіруші студенттер үшін тәжірибе жинауға таптырмас мүмкіндік. Ұсынылып отырған жалақы көлемі де жап-жақсы. Мемлекет тарапынан «Жастар практикасы» және «Жол картасы» бағдарламалары аясында жарты жыл көлемде жастарға тұрақты жалақы төленіп отырады. Бірақ, біз жастарды 100 пайыз жұмыспен қамтимыз деп айта алмаймыз. Олардың арасында шартты бәсекелестік тудырмақпыз»,  дейді Жандос Қалтаев.

Айта кетерлігі,  «Professional» жобасы бірнеше төрт кезеңді қамтиды. I кезеңде Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мен қаланың ТОП-100 ұйымы арасында меморандум жасалады. II кезеңде компания өкілдері pecha kucha форматында үміткерлерге өз ұйымдары туралы презентация жасайды.    

III кезеңде компания өкілдері үміткерлерді сұхбаттасу арқылы іріктеп алады. ІV кезеңде іріктеуден өткен жастарға 1-10 күн аралығында компаниямен таныстыру, түсіндірме жұмыстары жүреді. V кезеңде – іріктеуден өткен жастар мен компания арасында уақытша жұмысқа орналастыру туралы келісім жасалып, жұмысқа жолданады.

Кәсіпорын басшылары өз кезегінде жастарды тәжірбиеден өткізіп, білікті жас мамандардың ішінен ең үздік кадрларды жасақтай алады.

«Professional» жобасын жүзеге асыру барысында жас мамандарды жұмыспен қамтуда сандық емес, сапалық көрсеткіштерге баса назар аударылады. Жоба еңбек нарығына алғаш шыққан жас түлектердің болашақ қызметі мен кәсіби мансабын қалыптастыруға бағытталған»,  деді «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Бауыржан Қуанышбеков.

Жиын соңында жоба жауаптылары оқу орнын жаңа бітірген жастарды бастамаға белсене қатысуға шақырды. Сондай-ақ, жас маман іздеген кәсіпорындар мен мекемелерді бірлесіп жұмыс істеуге үндеді.