Айта кететін жайт, бұл тәсіл бойынша бірінші репродукциялы тұқымды алуға болады. Ол үшін тоннасына 80 мың теңге деген баға орнатылған. Егер диқан элиталық тұқым алғысы келсе, онда баға айырмасын тұқым шаруашылығына тікелей төлеуі тиіс. Яғни, элиталық тұқымның тоннасы 100 мың теңге тұрса, оның 80 мың теңгесін мемлекет жабады да, қалған 20 мың теңге айырмасын диқан өз қалтасынан төлейді.
Қазіргі таңда Қарағанды облысында екі элиталық тұқым шаруашылығы жұмыс істейді. Оның бірі Нұра ауданындағы «Шахтерское» ЖШС болса, екіншісі – Бұқар жырау ауданындағы А.Христенко атындағы Қарағанды ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы.
Қарағанды облысында биылғы егіс науқаны 10 мамырдан басталады деп жоспарланған. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашов мәлімдеді. Ресми мәлімет бойынша, егістікке 17 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы шықпақшы. Оның ішінде 11 мыңнан астам трактор, 167 заманауи егіс кешені, 6 200 тұқымсепкіш бар.
Осы жылдан бастап өсімдік өсірушілер де тұқымдарды норма бойынша төлемсіз алады. Ал олардың құны элиталық тұқым шаруашылықтарына субсидия есебінен өтеледі. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 473 млн теңге бөлінген. Күзде егін жинағаннан кейін бірінші репродукциялы тұқымның 30% құнын шаруашылықтар «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мамандандырылған ұйымына қайтарады.
Қаржы» АҚ арқылы лизингке ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жүйесі барынша қолжетімді болады. Мемлекет шаруашылық үшін бастапқы жарнаны субсидия түрінде, қаржы институтының арнайы шотына ақша аудару арқылы төлейді.
Биыл облыста 969 мың гектар жерге дән сіңірілмекші. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда егіс алқабы 57 мың гектарға ұлғаяды деген сөз. Аталған өзгеріс, әсіресе, облыстың Бұқар жырау, Нұра және Осакаров сынды астықты аудандарында барынша көрініс тапты. Мысалы, Бұқар жырау ауданында егістік 15,1 мың га артса, Нұра ауданында 17,1 мың га, ал Осакаров ауданында ол 15,3 мың гектарды құрады.
Негізі, облыста егіс науқаны биылғы көзделген межеден бір аптадай кейін басталатын. Бірақ ғылыми негіздемеге сүйеніп, биыл дән сіңіруді ерте бастауға тура келіп тұр. Өйткені ауа райын болжаушылардың айтуынша, жыл сайынғы көрсеткіштер көктемнің ерте келіп, күздің де мезгілінен бұрын түсе бастауға бет бұрғанын растап отыр. Яғни, ерте сепсеңіз, күздің суығына шалдықпай, егініңді күн жылыда орып аласыз.
Осы орайда ғалымдар дәнді-дақылдардың ерте пісетін сұрыптарына басымдық беру керектігін айтады. Мысалы, «Қарағанды 22», «Қарабалық 90», «Секе» сынды сұрыптар тамыз айының өзінде пісіп жетіледі екен. Солайы солай ғой... Дегенмен, А.Христенко атындағы Қарағанды ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасының директоры Бауыржан Қалымов бұл іс әрі қарай терең реформалауды қажет ететінін айтады. Мәселен, селекционер-ғалымдар қазіргі уақытта мүлдем керексіз болып қалған. Оларға мемлекет тарапынан тапсырыс та берілмейтін көрінеді, гранттар да бөлінбейді екен. «Селекция дегеніңіз – зор еңбек! Әрбір сұрыпты өмірге әкелу үшін қаншама жылдар кетеді десеңізші?!», дейді Б.Қалымов.
Тағы бір мәселе – аталған тәжірибелік стансаға тұқым тазартатын заманауи желі мен зертхана керек. Ал мұндай қымбат әрі өте қажет дүние әзірге облыста жоқ. Мәселен, желінің құны шамамен 250 млн теңге болса, зертхана 10 млн теңге тұрады.
Биыл Қарағанды облысы үшін дала жұмыстарына арналып 18 мың тонна арзандатылған жағар май бөлінді. Бұл екі оператор арқылы босатылатын болады. Бірінде литрі 171 теңге болса, екіншісінде баға орталықтан қашық орналасқанына байланысты 172 теңге деп белгіленген. Дегенмен, мұның өзі шаруалар үшін әжептәуір қолдау болатын түрі бар. Неге десеңіз, қазір коммерциялық жанар-жағар май стансаларында дизель отынының бір литрі 195 теңге тұрады.