Аймақтар • 26 Сәуір, 2019

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Ұлттық баяндама талқыланды

2123 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндама – Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен Елбасына енгізілетін өзекті құжаттардың бірі. Ол сыбайлас жемқорлықтың халықаралық және ұлттық деңгейлерде таралу жай-күйі мен үрдістерін талдау мен бағалауды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру, іске асыру және жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды қамтиды.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Ұлттық баяндама талқыланды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясатының базалық бағыттары Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясында, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгіленген сыбайлас жемқорлықты іріктеу міндеттерін іске асыру арқылы нақты белгіленген.

Ұлттық баяндаманың мақсаты сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша практикалық іс-шараларды әзірлеу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдірумен Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты және оның таралуының жай-күйі мен үрдісіне объективтік талдау болып табылады.

Осы орайда, баяндаманы таныстырып, талқылау мақсатында Агенттіктің аумақтық департаментінің ұйымдастыруымен «Достық үйінде» мемлекеттік органдардың басшылары, ҮЕҰ өкілдері, мәслихат депутаттары мен этно-мәдени бірлестіктердің, облыстық ассамблея және қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген жиын өтті.

Шарада бірнеше қоғамдық кеңес мүшелері мен басқа да қатысушылар өздерінің ұсыныстары мен пікірлерін жеткізген болатын. Мемлекеттік қызметте 40 жылдық өтілі бар О.Тоғжанов жемқорлық дертімен қоғам болып күресу керектігін айтып, өңірдегі білімді де тәжірибесі мол мемлекеттік қызметшілерді жоғары лауазымдарда, Президент әкімшілігінде де қызметте көргісі келетіндігін жеткізді. Қоғамдық кеңестің мүшесі Т.Қалжанұлы параны алғанды емес, берген азаматты ғана жазаға тарту қажеттігін дұрыс деп санайды. Ал Бекет Ата мешітінің бас имамы Сейітбек Смайыл қажы дінімізден шариғат бойынша дәйектер келтіре келе «параны бергеннің де, алғанның орны тозақта» дейді. Сонымен бірге, жемқорлыққа қарсы тәрбиені әрбір адам өзінен, отбасынан бастағаны жөн екендігін жеткізді. Оған қарсы тұрудың, әрдайым адал болудың бірден бір жолы – тәрбие тал бесіктен демекші, отбасы тәрбиесінде балаға дұрыс тәрбие беру, жемқорлықтың зардабын бала кезден түсіндіру.

Сонымен қатар, қоғамдық кеңес мүшесі А.Таласбаева өзінің мәселесі мен ұсынысын жеткізе отырып, жұмысқа орналасу кезіндегі ашықтық, білім және медицина саласындағы орын алатын сыбайлас жемқорлық көріністеріне жиі куә болатындығын жеткізді. Оған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Б.Махмұд қандай да бір сыбайлас жемқорлық көріністеріне тап болған кезде, арыз бен нақты дәлелдер болған жағдайда, кез келген уақытта қабылдауға дайын екендіктерін және оған қарсы шара қолданатындарын ескертті.

Маңғыстау облысының қоғамдық кеңес төрағасының м.а. Б.Жүсіпов  «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Ұлттық баяндаманың маңыздылығын ескере отырып жеке құраммен ұжым арасында талқылайтынын және алдағы уақытта департаментпен тығыз, бірлесіп жұмыс жасайтындығын жеткізді.

Маңғыстау облысы