Аймақтар • 26 Сәуір, 2019

Премьер-Министр құрылыс жұмыстарын тәулік бойы жүргізуді тапсырды

974 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген Премьер-Министр Асқар Мамин ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөнінде берген тапсырмаларының орындалу барысын бақылады. Сондай-ақ биыл 23 наурызда өңірге жұмыс сапары аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырмаларды ескере отырып, қала құрылысын жалғастырудың кешенді мәселелерін қарады.

Премьер-Министр құрылыс жұмыстарын тәулік бойы жүргізуді тапсырды

Бүгінде қаланың әкімшілік-іскерлік орталығында бой көтеріп жатқан облыс әкімдігі, басқармалар және департаменттер ғимараттары, Медиа-орталық пен Конгресс-холлдың құрылыс алаңдарында жұмыс қызу. Үкімет басшысының сапары барысында әлеуметтік нысандар да назардан тыс қалмады. Халықтың жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан абаттандыру және көріктендіру жұмыстары да жоспарға сай жүргізілуде. Тұңғыш Президент саябағы, қалалық ойын-сауық паркі, музыкалық фонтан, амфитеатр және Арбаттағы құрылыс жұмыстарын да кесте бойынша жүргізіп, уақытында аяқтау міндеттелген.

Құрылыс жұмыстарымен танысып шыққан Премьер-Министр Түркістан қаласының 2019–2020 жылдарға арналған кешенді құрылыс және дамыту жоспарын іске асыру мәселелері жөнінде жұмыс кеңесін өткізді. Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев құрылыс, тарихи-мәдени нысандарды реконструкциялау, тұрғын үй мәселелерін шешу, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу, жолдардың сапасын арттыру, туризм, ауыл шаруашылығы салаларын, арнайы экономикалық аймақты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Елбасы тапсырмасына сәйкес 29 нысанның құрылысы өңірлер, ұлттық компаниялар және бизнес өкілдеріне бекітілген. Облыс әкімінің айтуынша, бүгінде 10 нысанда құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде, ал 4 нысанда құрылыс жұмыстары баяу болса, 2 нысанда жұмыс басталмаған. Биыл 7 нысан пайдалануға беріледі. Оның ішінде әкімшілік-іскерлік орталығында салынып жатқан 900 орындық мектептің құрылысы бар. Сондай-ақ, облыс әкімі «Рухани-мәдени орталықта» салынып жатқан 9 нысанға тоқталды. Олардың үшеуінде  құрылыс жұмыстары баяу, ал тағы үшеуінде құрылыс алаңы қоршалғанымен жұмыс басталмапты. Баяндамасының соңында облыс әкімі бірқатар мәселелер бойынша Үкімет тарапынан қолдау қажеттігін айтты.

Кеңесті қорытындылаған Премьер-Министр А.Мамин құрылыс жұмыстарын қарқындатуды және шаруаны жоспар бойынша атқаруды тапсырды. «Күшейтілген жұмыс тәртібіне көшеміз», — деп Үкімет басшысы, «екі апта ішінде құрылыс жұмыстарын тәулік бойғы режимге көшіруді» тапсырды.


Түркістан облысы