Құжатқа тараптар 2018 жылғы 17 мамырда елордада қол қойған. Онда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер мен Иран арасында бірқатар бекітілген тауарларға қатысты 3 жыл мерзімге преференциялық сауда режимін белгілеу және өзара саудадағы импорттық кеден баждарын азайту көзделеді. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, Иранмен еркін сауда аймағын құру бастамасын Елбасы 2014 жылы Каспий маңы мемлекеттері басшыларының саммитінде жария еткен екен. – Бұл келісімді іске асыру 80 миллионнан астам халқы бар Иранның перспективті нарығына отандық тауарлардың экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, мұндай келісімді жасау экспортты әлемдік нарыққа шығару құралдарының бірі саналады. Иранмен өзара сауда көлемі 2018 жылы 516,3 миллион долларға жетті. Оның ішінде 82,6 пайызы – Иранға өткізген экспортымыз. Экспортқа шығарылған негізгі тауарларымыз қатарында арпа, болат илек, рапс тұқымы және қой еті бар, – деді бас экономист. Келісімге сәйкес, Иран тарапы 864 тауарға қатысты импорттық баж көлемін төмендетті. Иран нарығына енді сиыр және қой еті, бұршақ дақылдары, өсімдік майлары, макарон, кондитерлік өнімдер, болат илек, рельстер, аккумуляторлар, арматура, құбырлар және тағы басқа да тауарларды жеңілдетілген тариф бойынша жеткізу мүмкін болады. Бұл тауарлар бүгінде Қазақстанның қазіргі экспортының жартысынан астамын құрайтын көрінеді. Өз кезегінде Еуразиялық экономикалық одақ елдері, соның ішінде Қазақстан ирандық 502 тауар үшін импорттық баж мөлшерлемесін азайтты. Олардың арасында пісте, құрма, інжір, жүзім, креветкалар, кондитерлік өнімдер, ыдыс, жуу құралдары, кілемдер, пластмасса бұйымдары және басқалары бар. Ендеше, алда елімізде ирандық бұл тауарлар құны арзандауға тиіс. «Келісім ратификациялау рәсімдері аяқталған соң 60 күннен кейін күшіне енеді. Келісімнің қолданылу мерзімі – 3 жыл. Ратификациялаудан кейін 1 жыл ішінде тараптар еркін сауда аймағы туралы тұрақты келісім бойынша келіссөздерді бастайды», – деді министр.
2018 жылы 17 мамырда Астанада ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер мен Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін уақытша келісімге қол қойылған болатын. Келісімге сәйкес, келіссөздерді жүргізу жайлы шешімді ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары 2016 жылы қабылдаған.
Осы ретте Иранмен еркін сауда аймағын құру бастамасын Мемлекет басшысы 2014 жылы Каспий маңы мемлекеттері басшыларының саммитінде ұсынды. Бұл келісімді іске асыру отандық тауарларды 80 млн-нан астам халқы бар Иранның перспективалы нарығына шығару арқылы олардың экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді.