Аймақтар • 27 Сәуір, 2019

«Бала дауысы» – Көкшетауда

1178 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ән Меккесі – Көкшеде «Бала дауысы» ұлттық балалар ән байқауының ІV маусымының іріктеу кезеңі өткізілді. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтетін бұл бірегей жобаны Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қоры ұйымдастырып отыр.

«Бала дауысы» – Көкшетауда

Балдырғандардың талабы мен талантын сарапқа салуға  әнші Айри келіпті. Жүздері бал-бұл жанған жүздеген жауқазын қазылар алқасының алдында қазақ, орыс, ағылшын тілдерде әуелете ән шырқап, бойдағы дарын мен қабілет-қарымын сарапқа салды. Бала көңіл үшін бұл байқау толқынысқа толы маңызды сәт екені айтпаса да түсінікті. Дүбірлі байқауға облысымыздың әр түкпірінен ат арылтып жеткен 8 бен 12 жас аралығындағы жас дарындар өз қабілеттерін көрсету үшін тырысып, барын салды. Әнші Айридің айтуынша, Көкше жерінде өнер көрсеткен талантты жастар байқауға аса бір ыждаһаттылықпен дайындалған екен. Тәлімгерлер қатысушыларды тек тыңдап қана қоймай, ақыл-кеңестерін айтып, тәжірибелерімен бөлісіп, кішкентай өнерпаздарға қолдау көрсетіп отырды.

Ән бесігі атанған киелі Көкше өңірі талантты өнерпаздарға бай екендігі анық байқалды. Атадан қалған сол асыл мұраны жалғап келе жатқан өскелең ұрпақтың да көкірегінде өнердің оты лапылдап тұрғандығын көрдік. Қазылар алқасына да кіл жүйріктің ішінен үздігін таңдау оңайға соқпады. Байқауда топ жарған Ерсұлтан Шаймұрат Ақмола облысының намысын қорғайтын болады. Қатты толқып, қуаныштан көзіне жас үйірілген өнерпаз өрен: «Байқауға қатысуға келген осыншама баланы көргенде жеңіс маған бұйыра қоймайтын шығар деп ойладым. Бірақ бар күшімді жинап, іріктеудің барлық кезеңдерінде өзімді сенімді ұстауға тырыстым. Жеңіске жеткеніме қатты қуанып тұрмын», – деді. Сонымен, еліміздің әр өңірінен үздік шыққан өнерпаздар анықталған соң олар кәсіби музыканттардан, хореограф, стилистерден музыка мектебінде бір ай тәлім алатын болады. Ал, қазан айының 25-27-сі аралығында Алматы қаласында өтетін финалдық бағдарламада қазылар алқасы мен смс-дауыс беру арқылы телекөрермендер жүрегін жаулай білген хас талант париждік «Диснейлендке» тегін қыдырып қайту жолдамасына және Қазақстандағы ең үздік музыкалық оқу орындарының бірінің грантына ие болмақ.  Байқау ұйымдастырушыларының айтуынша, осы жылдар аралығында іріктеу турларына 20 156 бала қатысқан, теледидардан 12 концерттік шоу, 24 күнделік, 128 имидждік ролик көрсетілген. «Бала дауысы» түлектері бүгінде «Жандану әлемі» қорының қолдауымен музыкалық мектептер мен колледждерде білім алуда.