Аймақтар • 27 Сәуір, 2019

Шерхан мен Насыр бауында «Таупістелі тағылымы» өтті

1074 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркістан өңірінде «Мархабат – мирас» қоғамдық қоры іргелі істерді қолға алып, танымдық-тәрбиелік мәні зор кездесулер мен конференциялар ұйымдастырып келеді.

Шерхан мен Насыр бауында «Таупістелі тағылымы» өтті

Осыдан үш жыл бұрын қоғамдық қор тағы бір игі істі қолға алып, жазушы Мархабат Байғұттың ұйытқы болуымен «Таупістелі тағылымы» жобасының тұсауын кескен болатын. «Түркі тілдес, түгел бол» тақырыбында өткен конференция да көпшіліктің есінде. Көркем әдебиетті насихаттауда, желкілдеп өсіп келе жатқан жас жеткіншектерді білімді һәм ұлтжанды етіп тәрбиелеуге зор септігін тигізген «Таупістелі тағылымын» әрбір 3 жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу туралы келісілген еді. Міне осы жоба аясында Түлкібас ауданы, Пістелі ауылында өткен «Таупістелі тағылымының» биылғы іс-шарасы «Шерхан мен Насыр бауында» деп аталды.

«Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасы аясында Түлкібас ауданы әкімдігі мен «Мархабат-Мирас» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы Мархабат Байғұттың идеясымен өткен бұл кездесуге оның бір топ әріптестері сонау Нұр-Сұлтан, Алматы, Тараздан ғана емес, көрші Өзбекстаннан да арнайы келді.  Көк масаты кілем үстінде қоныс тепкен Пістелі жұрты қонақтарды зор құрметпен қарсы алды. Олар жазушы Мархабат ағаның шаңырағында балдай тәтті қымыздан ішіп, Шерхан мен Насыр бауының тарихына қанды. Бұл бауға ширек ғасырдан астам уақыт бұрын заңғар жазушы Насыр Фазыл мен Шерхан Мұртаза тал отырғызыпты. Қос тұлғаның еккен талдары құт болып дарып, бау жайқалып өскен. Жылдан-жылға аумағы кеңейіп, жемісімен қуантқан. Қып-қызыл болып уылжып піскен алмадан тістегендер оның дәмін көпке дейін ұмытпаған. Насыр Фазылдың 90 жылдығына және Шерхан Мұртазаның рухына арналған жиында ұрпақтар сабақтастығы орнап, аға буын өмірден көрген-білгендерін, түйген ойларын жас буын өкілдерімен бөлісті. Жастар арнау өлеңдерін оқыды.

Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев мақамы бөлек жазушы Мархабат Байғұттың туған жеріне алыстан ат арытып келген қонақтарға, әдебиетке жанашыр жастарға алғысын айтты. Сондай-ақ, жиын барысында аудан руханиятының кемелденуіне елеулі үлес қосып жүрген іскер әкім Нұрбол Тұрашбеков «Мархабат-Мирас» қорының ұйытқы болуымен өтіп жатқан әрбір жоба, әрбір жиын ойы орамды, сөзі өткір талай қаламгердің, жас буынның қанатын кең жаюына септігін тигізіп келе жатқанын атап өтті.   «Кемеңгер жазушы Шерхан Мұртаза «Түлкібасы – тұлпарлар туған жер, сұңқарлар қонған жер» деп суреттеген Түлкібас жері – қазақтың мақтанышына айналған көптеген тұлғалар туып-өскен қасиетті мекен. Осындай киелі мекенде қанат қағып, білім қуып, жазушылық пен журналистиканы қатар алып жүрген азаматтың бірі Мархабат Байғұт! Оның шығармалары қазақ әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосып, мазмұны терең, тағылымы мол болғандықтан қалың оқырманның жүрегіне жол тауып, рухын шыңдап, әдебиет сүйер қауымның көзайымына айналған. Ағамыздың мұрындық болуының арқасында құрылған «Мархабат-Мирас» қоры қаншама талантты жастарды қолдау мақсатында түрлі жобаларды жүзеге асырды. Соның бірі – «Таупістелі тағылымы». Мінекей, бүгінгі басқосудың мақсаты – халық арасында көркем әдебиетті насихаттау, болашақ жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, оларды кітап әлеміне шақыру арқылы ой-өрістерін кеңейту, дамыту, дарынды жастардың шығармашылығына қолдау көрсету болып табылады», - деп, жиналған қауымға шығармашылық табыс тіледі. Ал Несіпбек Дәутайұлы, Нармахан Бегалы, Есенғали Раушанов сынды қарымды қаламгерлер жастарға тәлім мен тәрбиесі мол әпсаналар айтып, сана-сезімдеріне сәуле жүгіртті. Басқосу соңында олар жастарға жолашар бата беріп, ақ жол тіледі.