Д.Абаевтың айтуынша, «2018 жылы БАҚ туралы заң жобасына 200-дей өзгеріс енгізілді. Оның ішінде бірқатары кәсіби ортада пікірталас туғызды. Сондықтан жобадан БАҚ жұмысын тоқтатқан жағдайдағы тиражын тәркілеу туралы баптар алынып тасталды. Сондай-ақ мемлекеттік арналардан коммерциялық жарнамаларды көрсетуге де шектеу қойылды.
Аталған министрліктің телекоммуникация комитеті төрағасының орынбасары Михаил Комиссаров заң жобасын талқылау барысында медиақауымдастықтан түскен пікірлер мен ұсыныстар қаперге алынғанын, толық нұсқасы дайын болғанда тағы бір талқылауға ұсынылатынын тілге тиек етті. Әңгіме ауаны азаматтық телеарна құру тақырыбына ойысқан кезде Медиаальянс ұйымының жетекшісі Арманжан Байтасов одан саяси астар іздеудің қажеті жоқтығын айтты. Тіпті «министрмен байланыс жоқ» деген өкпе-наз да өткеннің еншісінде қалды. Қазір әлеуметтік желілерде ірі лауазым иелерінің барлығы аккаунттарын ашып жатыр. Журналист қана емес, әлеуметтік желі қолданушы қарапайым азаматтың билік өкілдеріне арыз-шағымын айтуға айтуға мүмкіндіктері бар. Егер өзі билік өкілдері әлеуметтік желілерді баспасөз хатшысы арқылы емес, тікелей өздері жүргізсе, бұл мәселе шешіледі.
«Ағылшынның BBC телеарнасының қазақстандық баламасын құру үшін бізге қанша қаржы керек?» деген сұрақ жиі қойылады. BBC корпорациясының қаржыландыру көзі телехабарларды тарату туралы лицензиясынан түседі. Басқаша айтқанда, оның жазылушылары арна жаңалықтарын көру үшін жылына 140-180 еуро төлейді. Қазақстандықтардың бәрінде ондай мүмкіндік жоқ» деген А.Байтасовтың пікіріне министр қосылатынын білдірді.
Сондықтан қоғамдық телеарна мәселесі қоғам үшін соншалықты маңызды емес. «Youtube бар, интернет бар. «Дождь» телеарнасының қожайыны Наталья Синдееваны жақсы білемін. Оның 70 мың көрермен-жазылушысы бар. Ол солардың қаржысымен арнаның жұмысын жүргізіп отыр», деді ол.
Ал «Информбюро» медиапорталының бас редакторы Михаил Дорофеев БАҚ өкілдері әлеуметтік желілердің қыспағында қалғанын жеткізді. Көңіл аударуға тиісті фактор – желіде жарияланған фейк-ақпараттардан соң кейбір құзырлы орындар БАҚ өкілдері мен басшыларын «бір бүріп алуды» әдетке айналдырғанға ұқсайды. Бұл жерде кінәлі журналист емес, әлеуметтік желіні қолданушылар. «Сол себепті кейбір құзырлы орындар жазалау туралы әрекетке кіріспестен бұрын өздері жайлы ақпарат таратушының кім екенін анықтап алғаны маңызды», дейді М.Дорофеев.
Сондай-ақ кәсіби медиақауымдастықтар туралы мәселе шешімін таппай келеді. БАҚ-тың басын біріктіріп, мүддесін қорғайтын, оттан да, судан да алып шығатын қуатты тәуелсіз құрылым жоқ. Барлары біржақты бағыт ұстанады. «PR- индустриядағы бәсекелестікке екінің бірі төтеп бере алмайды. Бірақ олар мәселелерін шешу үшін қауымдастық құрып алады. Медиа Альянс осы мәселені алға жылжытады деп үміттенемін», деді М.Дорофеев.