Руханият • 29 Сәуір, 2019

Ынтымақ пен ырыстың тал бесігі

1501 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Осыдан ширек ғасырға жуық уақыт бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының маңыздылығы мен өміршеңдігін уақыттың өзі дәлелдеп берді.

Ынтымақ пен  ырыстың тал бесігі

Бүгінде Ассамблея этномәдени бірлестіктер, Ғылыми-сарапшылық кеңес, ҚХА кафедралары, Қоғамдық келісім кеңестері, Аналар кеңестері, Ассамблеяның журналистер мен сарапшылар клубы, Медиаторлар кеңестері, кәсіпкерлер қауымдастығы, республикалық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы және көптеген қоғамдық ұйымдар мен мекемелердің басын біріктіруші алып құрылымға айналды. Іс жүзінде әлемде баламасы жоқ қоғамдық институтқа қазір өзге елдердің тәнті болып отырғаны рас.

Осы арада Ассамблеяның қыз­меті мен міндетіне көз жүгірткен адам құрылымның астары тереңде жат­қандығын сезеді. Мәселен, бейбіт­шілік пен тұрақтылықты ту еткен қазақ елінде этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етудің, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасау­дың, ел бірлігін нығайтудың маңыз­дылығын айтқызбай-ақ түсінері хақ. 

Оған қоса, Қазақстан халқы А­с­самблеясы мемлекеттік органдарға экс­­тремизм мен радикализм көрі­ніс­теріне қарсы әрекет етуге, азамат­тардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәде­ниетін қалыптастыруға көмек көрсете отырып, этномәдени бірлестіктердің күш біріктіруін қамтамасыз ету, этно- мәдени орталықтардың, Қазақстан халқының ұлттық мәдениеттері, тілдері мен дәстүрлерінің өркендеуін, сақталуын және дамуын басшылыққа алып келеді. Қарапайым тілмен айт­қан­да, бір шаңырақ астында топтасқан 130-дан аса ұлт пен ұлыстың өкілдерін тек татулық пен бірлікке ұйытып, ертеңге сенім мен тұрақтылықты қалыптастырмаса, береке мен бірлік те бізден ауылын аулақ салар еді. 

Халқымыз «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деп бекер айт­паса керек. Саяси тұрақтылық, эконо­микалық өсім, әлеуметтік са­ланың бірізділігі де өз бастауын бей­бітшілік пен татулықтан алары анық. 

Тағдырдың талайымен, тарихтың толқыны қазақ жеріне қоныс аударған өзге ұлт өкілдерін өзекке тебу біздің болмысымызға жат дүние. Олар – туған жерінен, елінен ықтиярсыз, ерік­сіз көшірілген жұрттың ұрпағы болса, біздер – сол босқан халықтың өкілдерін дініне, тіліне, тіпті түсіне қарап бөлместен, бір жапырақ нанын бөліскен ұлы халықтың перзентіміз. 

Қазақ жеріне алғашқы көш сонау Столыпин заманында бастау алып, жиырмасыншы ғасырда жаппай қоныстандыру Кеңес Одағы ыды­рағанша жүргені тарихтан мә­лім. Осы уақыттары солақай саясатт­ың құ­­рығынан қашқан біздің де қандас­­­­тарымыз төрткүл дүниеге босып, Асан қайғыдай жерұйық іздеп сабылды. Егер бірер ресми статистикаға көз жүгіртер болсақ, тек 1928-1936 жылдар аралығында ғана Қазақстанға Ресей, Украина және Беларусь елінен шамамен 360 мыңдай адам жер ауда­рылған. Оның бер жағында күшпен қоныстандырылған поляк, чешен-ингуш, қарашайларды және басқаларын қоса есептейтін болсақ, Қазақстанға деп­ортацияланған халықтар географиясы өте кең. Бүгінде қазақ елі­нен пана, сая тапқан сол ұлттардың өкіл­дері Қазақстанды негізгі Отаным деп есептейді. Айдауда жүріп темір тордың ішінде ауыр жұмысқа жегілген әйел, бала-шағаға құрт лақтырып, өзегі талмауына септескен қазақ балаларының әрекеті көркем фильмдерге де арқау болып, көрген жанның көз жасын мөлдіретті. Бұл көріністің артында халқымыздың мейірбан мінезі, достық пейілі, бауырмалдығы анық көрінеді. 

Рас, сол нәубет жылдары халқы­мыздың да шекесі шылқып, байлығы асып-тасып тұрмаған еді. Қырық құрау үйлері күн мен желден ғана пана болса, сол уақыттары тойып­ тамақ ішу кім-кімге болса да ар­­ман болатын. Бірақ қанымызға сіңген жоғары адамгершілік қасиет өз жұр­тынан үдере көшірілген халықтың өкіл­деріне нағыз дарқан даламызға тән кеңшілікті көрсетті. Қазақ жерінде 1 млн 200 мыңнан астам адамға орын табылды. 

Осыдан бірер жыл бұрын еліміздің бірқатар қалаларында «Қазақ еліне мың алғыс» атты ескерткіштер бой көтерді. Елордаға мұндай монументті қарағандылықтар сыйға тартты. Осы айшықты белгінің ашылу рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бұл монумент біздің елге күштеп көшірілген халықтардың қасіретті өмірінен сыр шертіп, қазақтардың дарқандығы мен адамгершілігін, көпұлтты қоғамымыздың достығы мен бірлігін бейнелейді» деген болатын. Бұл – нағыз тарихи баға. Бүгінде қазақ елін өзінің Отаны санайтын сол ұлыстардың өкілдері кең-байтақ жерімізде ана тілін, төл мәдениетін, дінін ұшпаққа шығара отырып, тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне де жан-жақты үлес қосып келеді. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі» сіңген ұрпақ біздің халықпен біте қайнасып, қандай да бір бастамалардан, бірлікке үндейтін шаралардан қалыс қалған емес. 

«Ырыс алды – ынтымақ», дей­ді дана халқымыз. Тұрақтылық пен татулық елдегі барлық саяси,­ экономикалық және әлеуметтік ре­фор­малардың өзегіне айналды. ТМД кеңістігінде дербес ел атанған жаңа мемлекеттердің бірқатары осы тарихи факторларды есепке алмағандықтан, оқ атылып, берекесі қашқандығы белгілі. Ал қазақ елінің көк аспаны ашық әрі қайғы-қасіреттің бұлтынан таза болып қала бермек. Қазір сол нәубет жылдарындағы бос­қыншылыққа ұшыраған буынның бет-жүзі бізден өзге ұрпақтары қазақ тілінде сөйлеп, қазақша ән айтқан уақытта мемлекеттік саясаттың сәті­мен болғандығына көз жеткізесіз. Тіп­ті қазақ отбасыларының тәрбие­сінде болып, қазақ тілінен нәр алған ұрпақтың бірқатары Кеңес Одағы ыдыраған жылдары тарихи отандарына оралғанымен, көпшілігі қазақы болмысты, мінезді, қонақжайлылықты аңсап қайта оралғаны жайлы деректер өте көп. Осының нәтижесінде бір шаңырақ астында, бір үйдің балаларындай боп кеткен көп ұлыстың балалары ертеңін Қазақстанмен байланыстырып, болашаққа зор үмітпен қарайтын дәрежеге жетті. 

Сайып келгенде, осы деректерге қарап-ақ, Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының ең алдымен осы жердің, осы елдің иесі – қазақ халқына қажет екендігін ұғынуға болады. 

Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары ретінде өткен бір жыл мен үшін де өте қарбалас әрі же­місті кезең болды деп айта аламын. Осындай мүмкіндік беріп, сенім арт­қандығы үшін ҚХА Төрағасы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаевқа шын жүрегіммен ризашылығымды біл­діргім келеді. 

ҚХА Төрағасының орынбасары ретінде мен жастармен жұмыс істеу бағытын таңдадым. Оның аясында, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» шеңберіндегі 11 арнайы жобаның көпшілігіне қатыстым. Олардың бір­қатарын тарқатып айтар болсам, Алматыда өткен «Жаңа толқын «100+» республикалық жастар форумы, маркетинг стратегиялары бойынша тренингтер мен оқыту бағ­дарламалары кешені, «100 жаңа есім: Табысты болудың кілті» жазғы мектебі, «Менің жетістіктерімнің тарихы – елімнің жетістіктер тарихы» атты шығармашылық кездесулері өте жоғары деңгейде өтті. 

Сондай-ақ «Алтын Қыран» қоры бірқатар жастар стартаптарына, оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында тірек-қимыл қозғалысы бұзылған жандарға автомектеп ашуға арналған «Равная дорога» жобасына қолдау білдіріп оларға қолмен басқарылатын автокөлік сыйлады. ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінің Елбасының бейбітшілік пен келісім идеяларын насихаттауға арналған және этно-журналистика саласындағы «Шаңырақ» байқауларына демеушілік көрсетіп, Ассамблея атынан арнаулы жүлделер тағайындадық. 

Бұл қалың оқырманның көз алдында өткен іс-шаралардың бір парасы ғана. Бір жыл ішінде 20-дан аса ауқымды жобалардың басы-қасында болдық. Өйткені еліміздегі әрбір кәсіпкердің, кәсіптің өркендеп ілгері жылжуына Елбасының саясатына сай қалыптасқан елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың тікелей әсері болды. 

Мен өз басым ҚХА Төрағасының орын­басары ретінде өткен жыл­дағы жұмысымның осынау біре­гей институттың тіршілігіне арнал­ғандығын, ҚХА қызметі жөнінде кеңі­рек білгендігімді, көптеген іс-­ша­раларға қатысқандығымды, оның ішінде «Жаңғыру жолы» қозға­лысының аясында жастармен өткен кездесулерді өте жоғары бағалаймын. Айтпақшы, «Жаңғыру жолы» қозғалысының құ­рылуы Қазақ­станның стратегиялық бағытына жастардың шынайы қолдау білдіруінің дәлелі болып табылады.


Исламбек САЛЖАНОВ, 

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары