Аймақтар • 29 Сәуір, 2019

Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрына - 50 жыл

1523 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының құрылғанына 50 жыл толып отыр. Осыған байланысты мерекелік шара ұйымдастырылып, Құрманбек Жандарбековтің бьюсті ашылды.

Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрына - 50 жыл

Cалтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев пен Құрманбек Жандарбековтің немере інісі Әбілхайыр Жандарбеков, театр ардагерлері мен театр түлектері, аудан тұрғындары мен барлық аудандардағы мәдениет бөлімдерінің басшылары қатысты. «Театрдың тарихында Құрманбек Жандарбековтің есімі алтын әріптермен жазылады. Алғашқы күндерден бастап-ақ бағыт-бағдар беріп, актерлерге ұстаз болған, ұлы актердің көркем мұрасы біздерге рухани азық. Талай таланттардың томағасын сыпырып, өнер сахнасына, театр әлеміне қанат қақтырған киелі орданың ел руханиятына сіңіріп жатқан үлесі орасан. 50 жылда қара шаңырақта түрлі қойылымдар қойылып, елге танымал сахна саңлақтары осы ордадан түлеп ұшты. Жетісай театрының тарихы мен мәдени мұрасы ауданның, облыстың ғана емес, бүкіл Қазақстанның өнер шежіресіне айналып келеді», –  деді облыс әкімінің орынбасары. Сондай-ақ салтанатты шарада бірқатар театр әртістері алғыс хаттармен марапатталды. Бюсттің салтанатты ашылуынан соң қонақтарға облыс және аудан өнерпаздары мерекелік концерттік бағдарламаларын ұсынды.

Айта кетейік, өз тарихында көптеген халықаралық, бүкілодақтық театрлар фестивалінде жақсы нәтижелерге қол жеткізген театрдың сахнасында 200-ге тарта қойылым көрерменге жол тартқан. Театр алдағы уақыттарда шет елдерге шығып, халықаралық фестивальдерге қатысатын болады.

 

Түркістан облысы