Үкімет • 29 Сәуір, 2019

2025 жылға дейін «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен ауыл тұрғындарының 80%-ы қамтылады

1084 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру мәселесі қаралды. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

2025 жылға дейін «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен ауыл тұрғындарының 80%-ы қамтылады

Премьер-Министрдің орынбасары Ж. Қасымбек Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы 27 ақпандағы «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмасына сәйкес «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру басталғанын айтып өтті.

Жобаның негізгі мақсаты — ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту, ауылдық аумақтардың әлеуметтік ортасын жаңғырту, оларды өңірлік стандартқа дейін жеткізу. Жоба шеңберінде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттердің шешімі табылатын болады.

Ж. Қасымбек алдағы жылдары ауылдық елді мекендерді басымдылау үшін есептеу көрсеткіштерінің әдістемесі мен моделі жетілдіріліп жатқанын мәлім етті. Өңірлік стандарттар – бұл азаматтардың өмір сүру сапасының көрсеткіштері. Оларға әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтер қолжетімділігінің нақты критерийлерінің тізімі, сондай-ақ өмір сүру үшін адамдарды қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету кіреді. Мәселен, тірек ауылдарда салалық нормативтерге сәйкес келетін кем дегенде 19 ауылдық округ орталықтарында және 26 ауыл-аудан орталықтарында объектілер мен қызметтердің болуы көзделеді. Осыған байланысты инфрақұрылымдық жобаларды қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде іске асыру кезінде «бюджеттік сүзгі» (басымдықты қаржыландыру) қамтамасыз етіле отырып, тірек ауылдарды дамытуда кешенді тәсіл қолданылды.

Жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2019–2021 жылдары 90 млрд теңге бөлу көзделген, оның ішінде 2019 жылы 30 млрд теңге бөлінетін болады.

Өңірлердегі әкімдіктермен бірлесіп биыл 52 ауылдық елді мекен іріктеп алынды, онда 454 іс-шара іске асырылатын болады, оның ішінде 247 іс-шара — көлік инфрақұрылымын дамытуға, 135 іс-шара – әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және 72 іс-шара — тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға бағытталған.

Басты назар ірі елді мекендерге – яғни жинақталған өзекті инфрақұрлымдық проблемаларды жылдам шешуді қажет ететін, халық саны көп аудан орталықтарына аударылды. Қаржыландырудың көлемі бір аудан орталығына орта есеппен шамамен 670 млн теңгені құрайды. Қазіргі уақытта жобаларды іске асыруға жергілікті бюджеттен 4,7 млрд теңге немесе 15,8% бағытталды.

Жобаны тиімді іске асыру үшін Вице-Премьер Ж. Касымбектің төрағалығымен Жобалық офис құрылды. Осы сияқты өңірлік офистер облыстарда әкімдердің төрағалығымен құрылатын болады. Өңірлік жобалық офистердің есебі әрбір екі апта сайын тыңдалатын болады. Жобаны тікелей үйлестіруді және әкімшілендіруді ҚР Ұлттық экономика министрлігі жүзеге асырады.

Сонымен қатар, Парламент және мәслихат депутаттарының, қоғам қайраткерлерінің, үкіметтік емес ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен жобаға қоғамдық мониторинг ұйымдастырылатын болады.

Үкімет желісі бойынша нақтыланған бюджет қабылданды. Жобаларды жүзеге асыру бойынша мақсатты трансферттер өңірлерге жолданатын болады.

Әкімдіктер, өз кезегінде, бөлінген қаражатты уақытылы әрі тиімді игеруді қамтамасыз етіп, жобаларды жүзеге асырудың тиісті рәсімдерін сапалы жүргізіп — конкурстарды жариялап, олардың тәжірибелік іске асырылуын бастауы қажет.

2025 жылға дейін «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру даму әлеуеті жоғары (тірек ауылдар) 2 мыңға жуық ауылдық елді мекеннің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуға мүмкіндік береді. Бұл, сондай-ақ, ауыл мен қала арасындағы, даму деңгейлері әртүрлі ауылдық елді мекендер арасындағы көші-қон процесіне оң әсер етеді.

7 жыл ішінде «кіші урбанизация» процестерін қамту және 2025 жылы халық саны 600 мың адамға өсіп, 6,1 млн адамға жететін тірек ауылдарда қолайлы өмір сүру ортасын құру көзделген.

«2019 жылы бастапқы кезеңде біз 52 аудан орталығын жаңғыртамыз, бұл 700 мыңға жуық адамның немесе ауыл халқының 9%-ының тұрмыс сапасын жақсартады. 2025 жылға қарай барлық ауыл тұрғындарының 80%-ын өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес қажетті игіліктермен және қызметтермен қамтамасыз ету жоспарланған», деді Ж. Қасымбек.

Жүргізіліп жатқан шаралар ауылдық жерлерді дамытуға жаңа серпін береді және жалпы алғанда экономикаға оң әсер етеді.