Аймақтар • 29 Сәуір, 2019

Алматыда Есенқұл Жақыпбеков шығармаларының таныстырылымы өтті

1950 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ақынның көзі тірісінде шығармалары оншақты басылым болып жарыққа шықса, «Ұлы өлең құйылып тұр өзегіме», «Есаға» кітаптары төрт жыл бойы жинақталып, сонау 1970 жылдардан бергі аралықтағы өлеңдері, сондай-ақ айтыстары «Жамбыл» және «Аққайнар» баспаларынан оқырманға жол тартып отыр.

Алматыда Есенқұл Жақыпбеков шығармаларының таныстырылымы өтті

«Арғы атамды сұрасаң – Абай, Жамбыл,

Өрт Махамбет өз ағам – Абайлап жүр!

Жолдас болдым бөрінің бөрісімен,  

Сырлас болдым серінің серісімен,  

Аруақтандым солардың перісімен...» деп қазақ поэзиясында өз болмысымен ерекшеленіп, қарышты қаламымен дараланған Есенқұл Жақыпбековты әдебиеттегі ағалары «Есаға» деп еркелеткен сағынышқа толы естеліктерді Алматыда өткен жыр кешінде тыңдадық.

Ұлттық кітапхана төрінде өткен бұл кештің бір ерекшелігі есенқұлтануға бастаған тың жобалардың жүзеге асуында еді. 

Өлеңмен жыр оқылып, жүректен тебірентерлік тілектер тізбектелген жиынның тізгінін ұстаған ақын, «Ана тілі» газетінің редакторы Жанарбек Әшімжан өмірден өткеніне жеті жылға жуықтап қалған Есенқұл ақынды Суықтөбе баурайында  өзі жырлап кеткен қараша айында мәңгілік мекеніне шығарып салған қаралы күнді еске салып, «ақын өлгенмен, хаты өлмейдінің» растығына өлеңсүйер қауымның назарын аударды.

«Өмірінің соңғы бір кезеңдерінде өлеңнің де, өмірдің де рахаты мен мехнатын қатар сезінген Есенқұл ағамыздың бүгінде жоқтаушысы да, сұраушысы да көп. Есенқұл оқулары, еске алу кештері жиі өтіп келеді» деген модератор осынау мазмұнды кітаптың жарыққа шығуына қолдау көрсеткен  азаматтардың қатарында қоғам қайраткері Қайрат Сатыбалдыұлының, Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиевтың, «Астана инвест» корпорациясының құрылыс жөніндегі директоры Қуаныш Естемесұлының есімін ерекше атап өтіп, кештің төріне Есенқұл ақынның жары Меңсұлу Сұлтанқызын шақырды.

Ары қарай «Қазақ поэзиясында айрықша із қалдырған, арғы дәуірдің ұлы тұлғалары Сүйінбай, Жамбыл, Көдек, Кененнің, яғни жер жаннаты Жетісуға мәлім тұлғаларымыздың бүкіл болмысын бойына жиған, бергі дәуірде Мұқағали қалыптастырған мектептің  классикалық үлгісі мен осы екі аралыққа өзінің ақ боз үйін тіккен Есенұлы Жақыпбеков ешқандай қалыпқа симаған ақын. Өмірге қаншалықты еркелесе, өлеңін де еркелете білді» дей келе Жанарбек Әшімжан сөз кезегін ақын, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалинге ұсынды.

Өзінен бес-алты жас кішілігіне қарамастан көзі тірісінде Есенқұл Жақыпбековты «Есаға» деп еркелетіп кеткен Нұрлан ағамыз тебіреністі  бір кештің куәсі бола отырып, ақынның рухымен тілдесіп, оның жан дүниесіне қайта барлау жасап отырмыз, деді. «Есаға» деп еркелетуінің төркіні ақынның  қазақтың өнеріндегі, поэзиясындағы орнының бөлектігіне байланысты жүректен шыққан жылылығымен түсіндірілсе керек-ті. «Бәйгеге түсетін, аламанға шабатын байырғының жүйріктері тәрізді Есағаңның поэзиядағы орны бөлек еді. Алайда  Есенқұл асығыс жүгін жинап, аттанып кете барды. «Аруақты жерден ат үркеді» демекші, ол атынан да, затынан да, қазақтың өлмейтін өлең дейтін кеңістігіндегі қалдырған бай мұрасынан да үркетіндей, қуанатындай болған бабаларымыздың  топырағында өсіп өнді. Мектебі де, тәрбие алған көсемсөзі де сол өлкеден бала кезден бойына дарыды. Есенқұл Суықтөбенің маңында қалып қоймай, Алатаудың ар жағына барып, қырғыз-қазақты тегіс шарлап кеткен бабалары тәрізді танылды. Ауызекі әдебиетінің жуһарларынан нәр алған Есенқұл есімі бізге шала жансар болып жеткен айтыс өнеріне жан бітірген сынау жүйріктердің қатарында аталады. Есенқұл кейде бұрап, кейде шаншып, қауып, тауып айтатын айтыскерлік өнерімен елін тәнті етті. Сейдахмет ағамыздың өзі алаңдаушылық білдіріп, осындай өлеңдерін де көп жазса екен деп тілеген-ді. Мұқағали қайтқанда қазақ қалай күңіренсе, өлеңді шынайы танитын, бас иетін жұртшылық Есенқұл кеткенде дәл осылай  жиналғаны бар. Сол кезде қазақтың қолына қалам ұстағаны Есенқұлды жоқтады. Бүгінде алты алашқа мәлім Есенқұлдың мол дүниесіне, поэзиясына қайта-қайта оралғанда қазақ даласының таңғажайып иісін тереңнен сезіне түсеміз. Алпыс екі тамырына сіңіре отырып қазақтың болмыс-бітімін қаз-қалпында оқырманына жеткізе білген Есенқұлдың дәуірі енді басталып келеді» деп тәмамдады жүрекжарды пікірін Нұрлан Мырқасымұлы.

      Есенқұл жырларын тыңдауға асығып жеткен жұртшылық алдында Нұрлан аға бас болып  Жұмабай Шаштайұлы, Ғалымжан Жайлыбай, Бауыржан Жақып, Анарбай Болдыбай ағаларымыз жаңа шыққан кітаптардың  тұсаукесер рәсімін жасады.

Өз пікірін «Есенқұл танылғанға дейін тәп-тәуір ақын едім» деп әзіл-қалжыңмен бастаған жазушы Жұмабай Шаштайұлы ақынның Оспанхан ағамыз сияқты сықаққа шеберлігін, журналист болуға да әбден машық екенін жеткізді. «Алматыдан жырақта жүріп жазған ақын өлеңдерінің мазмұны ұлттық ерекшелігімен дара. Алматыда тұрақтап қалған күннің өзінде оның бұғауға көнбейтін шығармашылығы еркіндікті аңсары хақ еді. Сондықтан да Есенқұл өлеңдерінің болмыс-бітімі ерекше» деп атап өтсе, «Күпәйке киген поэзия» кешінде Есағасын сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс «Алдай-ау» әнін орындап, ақын ағасы хақында тебіреністі ойларын ортаға салды.

Ақын ағасының батасын алған, Үмбетәлі Кәрібаев музейінің ғылыми қызметкері Меруерт Орынбай осы кеште есенқұлтанудың дәуірін бастаған шәкірті ретінде танылса, ақын Нұртас Исабаев ақынмен таныстығы хақында әңгімелеп, жүректен шыққан өлеңдері ешуақытта ұмытылмайды деген ізгі тілегімен бөлісті. Осы кеште «Есенқұл  ағамыз арада жылдармен алыстағанымен, жырымен жақындай түседі. Ол бізге өлең болып, жыр болып оралды» деп атап өткен ақын Ғалым Жайлыбай «Ақын өлді, шын ақын өлді. Жетісудың аспанында жап-жарық жұлдыз ағып өтті. Ол Есенқұл Жақыпбеков өмірінің жұлдызы еді... Есенқұлдың өзі кеткенмен, көзайым көзі қалды, көгершін сөзі қалды... Есенқұлдың қаламынан туған шығармалар талай жас ұрпақтың жастығының астында жатары анық. Оның лирикасы жапыраққа тұнған тамшыдай мөлдір, елден ескен желдей елең еткізер, жүректің түпкіріне терең өткізер, сұлудың жүзіндей, сайгақтың ізіндей тұп-тұнық дүние... бахадүрлердің екпініндей ерен қуатты, серпілген тұяқтай, зау биіктен құлдилаған отты еді» деген мазмұны терең, мұңға толы жолдарын арнады. Ал он екі жасынан  ақын ағасының шарапаты мен шапағатын көріп өскен Ақан Әбдуәлиев сонау 2008 жылдар қойнауына бүккен сағынышқа толы сырымен бөлісіп, ақын жырының асқақ екендігін уақыт еншісіне тастады.

Қаламгер рухын бір серпілткен осынау кеш Қыдырғали Көбентай, Алма Аманжолова, Данияр Рақымбай сынды өнер тарландарымен қатар Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының, «Сүйінбай сазы» фольклорлық ансамблі орындауындағы әуендермен әуеледі.