Қоғам • 30 Сәуір, 2019

Нұрбол Қойгелдиев, кардиохирург: Қазақстан кардиохирургияда үлкен қадам жасады

2050 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жақында Нұр-Сұлтан қала­сын­да­ғы Ұлт­тық ғылыми кардиохирургия орталығына профессор Аксель Хаверих бастаған Ганновер жоғары меди­циналық мектебінің делегациясы келді. Германиядағы медициналық зерт­теу, емдеу және жоғары білім беру саласында жетекші орын алатын клиниканың кардиохирургтері Жүрек орталығын және Назарбаев Универси­теттің зертханасын аралады. Екі орталықтың басшылары бірқатар өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бізді делегация құрамында келген қазақ ғалымын сөзге тарту қатты қызықтырды. Он жылдан аса уақыт Еуропада еңбек етіп, өз саласының білгірі атанған кардиохирург, медицина ғылымдарының докторы Нұрбол ҚОЙГЕЛДИЕВПЕН сұхбатымызды назар­ла­рыңызға ұсынамыз.

Нұрбол Қойгелдиев, кардиохирург: Қазақстан кардиохирургияда үлкен қадам жасады

– Нұрбол Мәмбетұлы, әңгі­мемізді өзіңіздің кардио­хи­рургия саласын таңдап, еңбек жолыңызды Еуропада қа­лай жалғастырғаныңыздан баста­сақ...

– Еуропаға барып оқуды сту­дент кезімнен армандап жүрдім. 2004 жылы Алма­ты­дағы С.Ж.Асфендияров атын­да­ғы Қазақ ұлттық медицина университетін жалпы емдеу мамандығы бойынша бітір­ген соң профессор Қалыбек Дұрма­нов­тың кафедрасында жұмыс істедім. 2000 жылдардың басында жастардың көбі «Болашақ» бағдар­ламасымен шетелге оқу­ға кетіп жатты. Мен де ба­ғым­­ды сынап көрдім. Бірақ «Бо­ла­шақ» бағдарламасына ілін­бе­гендіктен, 2006 жылы өз күші­м­мен Германияға бардым, қазақ­стан­дықтарды іздедім. Ол кезде Германияда біздің елден барып, хирургия саласы бойынша жұмыс істеп жатқан ешкім болмады. Кардиохирургияны оқуды көздегенмен, құжаттарымды бірнеше жоғары оқу орнына тапсырдым. Үш университеттен жауап келді. 1965 жылы негізі қаланған Германиядағы бірден-бір университеттік клиника – Ганновер медициналық жоғары мектебін таңдадым. Сөйтіп Еуро­па­­дағы кардиохирургияның негі­зін қалаған дәрігер, профессор Аксель Хаверихтің шәкірті бо­лып шыға келдім. Бірақ ол кез­де А.Хаверихтің кім екенін білмей­тін едім. Қазір біз клиника­да әріптес болып бірге жұмыс іс­тей­­міз.

– Арада он жылдан аса уа­қыт өтіпті. Сол кездегі Қазақ­стан­­­ның кардиохирургиясы мен бүгінгі же­тістігінде жер мен көктей айыр­машылық бар екені шүбәсіз. Әсіресе был­тыр­­ғы жыл­дың жаңалығы жа­һан­ды жалт қаратқаны рас. «Ұлт­­тық ғылыми кардио­хи­рур­гия орта­лығы» АҚ бас­қар­ма төрағасы Юрий Пя заманауи әлемдік медицинаға соны сер­пі­ліс әкелген CARMAT то­лық жа­санды жүрегін имплан­та­­ция­лау тәжірибесімен бө­лі­с­­­се, әлемде тұңғыш рет сым­­­сыз меха­никалық жүрек (FIVAD) орна­ту операциясы да осы орта­­лықта сәтті жа­сал­­ды. Біз­дің кар­диохирург­тер бағын­дыр­­­ған биікті Еуро­­паның озық әдіс-тәсілімен са­­лыс­ты­р­ып­ көрсек...

– Ол уақытта кардиохи­рур­­­гиялық операциялар тек А.Н.Сызғанов атындағы Хир­ур­гия ғылыми орталығында ғана жаса­латын. Мамандықты Ре­сейден оқитын. Қазақстанда өкпе немесе жүрек трансплантациясын жасау адамдардың арманы ғана еді. Соңғы 5-6 жылдың өзінде 100-ге тарта жүрек трансплантациясы жасалды. Бұл үлкен қадам. Өкпе трансплантациясы бойынша да нәтижелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүйрек пен бауырды ауыс­тыру Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент сияқты үлкен қалаларда ғана емес, өңірлерде де жүзеге асырылуда.

Көп жағдайда Қазақстанды шетел­мен салыстырғымыз келе­ді. Бұл дұрыс емес. Өйткені өзі­міздің даму жолымыз бар ел­міз. Ал медицинаның дамуына экономикалық, саяси және мәдени сияқты көптеген фактор әсер етеді. Бұл саладағы жетістікті кардиохирургиясы XX ғасырдың 60-70-жылдарынан бері дамып келе жатқан Еуропамен салыс­тыр­сақ, тіпті қателесеміз, кедергі келтіреміз. Он жылдың ішінде осындай деңгейде даму ТМД елдерінде Белоруссиядан басқа ешқайсысында болған жоқ. Әрине Ресейдің ірі қалаларында мүмкіншілік мол. Бірақ олар шеткі аймақтарымен мақтана алмайды.

CARMAT әлемде Франция, Чехия, Қазақстан сынды үш ме­м­ле­кетте ғана жасалды. CARMAT-тан кейін трансплантация жасалған науқаспен осы жолы жолықтық. Сау адамдардан еш айырмашылығы жоқ екен. CARMAT өте ауыр жағдайда қол­данылады және оны орнату кез келген клиниканың қолынан келе бермейді. Қазақстан соны сәтті жасады. Кардиохирургияда техника мен қаржы мәселесі ешқа­шан бірінші орында тұрмайды. Бірінші орында – біліктілік. Яғни еліміз өз мамандарының білік­ті­лі­гін көрсете алды. Ал сымсыз механикалық жүрек өзге ешбір елде орнатылған жоқ. Тәжірибе алмасуды көздеген бұл жолғы сапарымызда әлемде тұңғыш рет осындай операцияны жасаған орта­лықтың мүмкіндігімен та­ны­су­дың орайы туды.

– Статистикаға жүгінсек, әлем­де жарты миллион адам жү­­рек трансплантациясына мұқ­таж екен. Жыл сайын олар­­дың 3500-іне (1%-ға да жет­пей­ді) ғана трансплантация жаса­латын көрінеді. Ал елі­міз­де жылына донорын күте алмаған 30-40 пациент жа­рық дүниемен қоштасады. Гер­ма­ния­да донор мәселесі қалай шеші­мін табуда?

– Донор тапшылығы – әлемдік мәселе. Бірақ Германияда тұрақты жүйе қалыптасқан. Халық донор болудан еш қорықпайды. Өйткені олар медицинаның дамуына, трансплантацияның мүмкіндігіне сеніммен қарайды және БАҚ бұл бағытта ашық, белсенді жұ­мыс істейді. Донорлық бойынша арнайы бағдарламалар да бар. Сондықтан көзі тірі кезінде келісімін беріп, өзінің донорлық паспортын дайындайтындардың қа­­тары көп. Ал донорлық пас­пор­­­ты болмаған кісілердің ағ­за­­­сын туған-туыстарының рұқ­­сатымен алуға мүмкіндік заң жүзінде қарастырылған. Мысалы, Германияда жылына жүрек трансплантациясына мұқтаж мыңға жуық адам тіркел­се, 300-іне трансплантация жасалады. Оның 30-дан астамы Ганновердегі біздің орталыққа тиесілі. Донор болудың маңызын халыққа дұрыс жеткізу үшін қазақстандық БАҚ та аянып қал­мағаны жөн. Сонда ғана донор­дың саны артады.

– Оңалту жұмыстары қалай жолға қойылған?

– Мұнда оңалту орталығы кли­ни­каның өзінде екен. Еуро­па­да оңалту орталықтары бөлек клиника ретінде жүйелі жұмыс істейді. Қазақстанға да сондай жүйе қажет. Елімізде мұндай оңал­ту клиникаларын ашуға мүм­кіндік бар. Бірақ оған маман керек.

– «Сырт көз – сыншы». Маман ретінде Қазақстандағы кардио­хирургияның болашағы тура­лы не айтар едіңіз?

– Осы қарқынмен дамыса, мем­лекетіміз алдағы он жылда қай елді де басып озары сөзсіз. Бірақ оған жету үшін ғылыми зерттеу қатар жүруі керек. Ізденіс тек қана пациенттер арқылы жасал­майды. Тәжірибемен бір­ге үлкен зертханалар жұмыс істеуі тиіс. Осы жолы Назарбаев Университеттің зертханасымен таныстық. Әлемдік деңгейдегі мүм­кіндігі жоғары, құрал-жаб­дық­тары толық зертхана деп айта аламын. Бірақ маман тапшы екенін көрдік. Жас оқу орны болған соң бұл заңды да шығар. Бұл сапарымыз мұндағы ғылыми ізденістің деңгейін зерделеп, қандай көмек беретінімізді ойластыру екенін де айтқым келеді. Кездесу кезінде екі орталық басшылары Юрий Пя мен Аксель Хаверих Ұлттық ғылыми кардио­хирургия орталығы мен Ган­но­вер медициналық жоғары мек­тебі арасындағы екіжақты мемо­ран­думға қол қойды. Келісім негі­зін­де ғылыми ізде­ніс­те бірлікте болып, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік тумақ. Ең маңыз­дысы, науқастардың мәлі­мет­тер базасын бірге қарап, бір-бірімізге онлайн кеңес беруге жол ашылып отыр.

Қазақстандағы кардио­хи­рур­­­гияның көкжиегін кеңейту үшін мүмкіндігі Нұр-Сұлтан қала­­­сындағы орталықтай кли­ника Ал­матыға да керек деп есеп­тей­мін. Біріншіден, бұл хал­қы көп оңтүстік астана пациент­те­ріне тиімді болса, екін­ші­ден, Өзбек­с­тан, Қырғызстанға жақын қалада ме­дициналық туризмді жақсы дамыта аламыз.

– Елге қайту ойыңызда бар ма?

– Әрине елге қызмет ету –  әрбір азаматтың борышы. Он екі жыл бойы тәжірибе жинаумен келемін. Кардиохирургия – өмір бойы оқып үйренетін маман­дық. Бірақ өз салам бойынша жинақ­та­ғаным аз деп айта алмаймын. Қазірге дейін мыңнан аса операция жасаппын. Екі жыл бұрын шетелдік әріптестеріміздің арнайы шақыруымен Минскідегі орталықта, былтыр Кувейтте тәжіри­беммен бөлістім.

Таяу арадағы мақсатым – Қа­зақ­стан мен Германияның кардио­­­хирургия саласында тәжі­рибе алмасуына дәнекер болу. Қазір «Болашақтан» бөлек, Еуро­па­лық, халықаралық стипендиялар көп. Бұрынғыға қарағанда мүм­кін­дік­тер мол. Жат елде жүрген әр маман өзінен кейінгі жас­тардың ғылымды жетік мең­гер­генін, дамыған елдің үздік тәжірибесін алғанын қалайды. Мен де соған үлес қосқым келеді...


Әңгімелескен Майгүл СҰЛТАН,

«Egemen Qazaqstan»