Қоғам • 30 Сәуір, 2019

Балалардың дұрыс тамақтанбауы көп қиындыққа ұшыратады

1727 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазіргі уақытта Орталық Азия елдері балалар семіздігінің таралуы жөнінен әлем бойынша екінші орында тұр. Бұл туралы жасөспірім балалардың тамақтануын жақсарту жөніндегі симпозиумда айтылды.

Балалардың дұрыс тамақтанбауы көп қиындыққа ұшыратады

Елордада сәуірдің 24-26-сы ара­­лы­ғында Қазақстан, Өзбек­с­тан, Тәжік­стан, Түрікменстан, Қыр­­ғызстан, Армения, Гру­зия және Әзербайжан Пар­ла­менті депутаттарының, ден­саулық сақтау, ауыл шаруа­шы­лығы, қаржы, білім беру министрліктерінің өкілдері қа­тыс­қан симпозиумда балаларға арналған дұрыс тамақтану жүйесін қамтамасыз ету және оны басқаруды жақсарту жа­йын­­дағы өзара іс-шаралар тал­қы­ланды.

«Бүгінде Орталық Азияда балалар семіздігінің таралуы әлемде екінші орында (10, 7%), сонымен қатар 2000-2017 жылдар аралығында артық салмағы бар бес жасқа дейінгі балалардың саны 1,6 миллионнан 3,2 миллионға дейін екі есе өскен. Бұл – көп қозғалмаудан, дұрыс тамақтанбаудан, дұрыс ұйықтамаудан болады. Мұның салдары жеткіншектердің өздерін төмен бағалап, оқу үлгерімінің нашар­лауына және ересек ке­зін­дегі де өмір сүру, тамақ­тану салтына әсерін тигізіп, ден­­саулықтарына орасан зор қиындық әкеледі», дейді денсаулық сақтау және дұ­рыс тамақтану бойынша аймақ­тық маман Амирхоссейн Яр­пар­­вар. Ярпарвар мырза өз сөзінде жедел тамақтанатын фаст­фудтарға балаларды ерте бастан үйір қылудың зиян­ды­ғы­на баса мән берді. Өйткені сол дәмді олар есейгенде де іздеп, денсаулықтарын құр­та­ды, ал жалпы жүргізілген зерттеулер қыздардан гөрі ер бала­лардың жеміс-жидек, көкөніс тағамдарын аз жейтінін көрсетеді. Сондықтан бұл ретте де мамандар назар аударатын мәселе жеткілікті. Сондай-ақ Наурыз мерекесінде дастар­қан­ға қойылатын ұлт­тық та­ғам­­дарға тоқталған Амир­хос­­сейн Ярпарвардың айтуынша, шығыс халықтары ежелден тағам түрлерінің адам ағзасына әсерін жетік білген, фосфор, калий, магний, т.б. микроэлементтерге, ақуызға бай өнімдерді кеңінен пайдаланған. Сондықтан ұлттық тағам­дар­дың генетикалық тұрғыдан жақындығын әрі қажеттілікке толық жауап беретінін ұмыт­па­ған жөн.

Симпозиумда Кавказ бен Орталық Азия мемлекеттері үшін ортақ болып отырған дұрыс тамақтанбау мәселесі жайында ортаға шығып, ойларымен және деректерімен бөліскен мамандар бүгінде оның балалар мен жасөспірімдердің семіздігімен қатар, бойларының өспей қалуына да тигізетін кері әсеріне қынжылды. Мәселен, аймақта жеткіншектердің 10 пайызының бойлары өз жастарына сәйкес келмейді. Оған қоса 2000 жылдан бері семіздіктің белең алуы 80 пайыз­ға көте­ріл­ген. Жаңа өсіп келе жатқан жас буынның ағзасына қа­жет­ті барлық дәрумендер мен микро­элемент­терді толық ала алмауы, олардың кейде ашпа-жалап өмір сүруі, негізінен көмір­су­лармен қоректенуі семіз­дік пен бойларының өспей қалуына ғана емес, когнитивті дамуына (тұтастай ойлау жүйесінің дамымай қалуына), инфекциялық ауруларға жиі шалдығуына, мүгедектікке ұшырап, тіпті өмірден көктей жұлынып, ерте озуына алып келіп жатыр, деп дабыл қағады мамандар. Мәселен, Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі Юрий Оксамитный: «Бүгінде бала­лардың тамақтануы олар­дың ағзасы қажет ететін мөл­шерге де, ауқаттанудың мер­зім­дерінің сақталуына да, тағам­ның сапалы болуына да сәйкес келмеуде. Ал оның салқыны ең басты капитал – адамға, оның денсаулығына кері әсер етпей тұрмайды», деді.

Қатысушылар ұлттың бола­шағы үшін азық-түлік жүйе­сінің қалыптасуына арала­су­шы барлық сектордың жа­уап­­кершілігін сөз етті. Өнім өндірушілер мен азық-тү­лікті тасымалдаушылар бала­лар­дың ағзасына қажетті тағам­дар­дың сапасы мен құрамына жете мән бермейді. Сол себептен де өсіретін, сатуға шығаратын өнімдерінің ұлт денсаулығына әкелетін зия­нын ойламайды. Оларды тауа­ры­ның өтуіне мүдделілік же­ңіп, қажетті қоректік мөл­шер­ді көрсетпейтін, техно­ло­­гия­лық өңдеуден өткен сапа­сыз өнімдерді қолжетімді бағамен халыққа сатады. Ал бәрі ескерілген, пайдасы мол азық-түліктің бағасы қымбат, оны елдің бәрінің қалтасы кө­термейді. Сондықтан бұл ретте мемлекеттік тұрғыда азық-түлік саясаты, арнайы бағдарлама қажет, ұлт ден­сау­­лығы, болашағы үшін нақ­ты қадам­дар жасалуы тиіс, деді дәрігерлер. Түптеп келген­де, бір елде ғана емес, аймақ­та­ғы азық-түлік және тамақ­тану жүйесін басқару балалар мен жас­өспірімдердің саламат­ты, дұрыс тамақтануын қамтамасыз етіп, келешектің жарқын болуына жол салады, бұл әр мемлекеттің басты бағ­да­рының бірі болуы қажет дейді симпозиумға қатысушылар.

Аталған шараны БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл­ ша­руашылығы ұйымы мен азық-түлік бағдарламасының қол­дауы­мен еліміздің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы, БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) ұйымдастырғанын айта кетелік.